Алматыда әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін қымбат көлік тізгіндеген әйел жауапқа тартылды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
Жуырда жүргізушілердің бірі түсірген видеода ер адам жолда өткізбей тұрған Lexus көлігін тізгіндеген әйелге шағымданады.
«Ол «мен – полиция қызметкерімін» дейді. Міне, осындай адамдар да болады. Кедергі оң жақта, бірақ ол жібергісі келмейді. Мені де түсіріп алды. Егер көліктегі қыз полиция қызметкері болса, оның логикасы бойынша, жол қозғалысы ережелеріне мән бермей, барлық жерде жол беру керек пе?» – делінген видеодағы жазбада.
Аталмыш видео әлеуметтік желіде жарияланғаннан кейін полицейлер жүргізушінің жеке басын анықтағанын жазды. Ол 1980 жылы туған әйел болып шықты.
«Азаматша Т. ӘҚБтК туралы ҚР 614-бабы 1-бөлігінде көзделген («Көлік құралдарының қозғалысына қасақана кедергі жасау») бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды», – деп жазды Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.
Бірақ, ПД бастығының орынбасары азаматшының құқық қорғау органдарының қызметкері екенін нақтылаған жоқ.