Жоба жемісін көретін күн жақын

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларындағы қала бюджетінің орындалуы мен «Халық қатысатын бюджет» жобасының іске асырылу барысы қаралды. Сондай-ақ округтердегі тазалық жұмыстары мен көктемгі тал көшеттерін және гүл егу шаралары талқыланды.

Жиында сөз алған Тараз қаласы әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Абылайхан Умирбаевтың айтуынша, 2024 жылдың 1 сәуіріне қала бюджетінің кіріс бөлігінің орындалуы 116,6 пайызды құраған екен.
Қала әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаевтың баяндамасына сүйенсек, 2024-2025 жылдарға арналған «Халық қатысатын бюджет» жобасына шаһар тұрғындары тарапынан 40 ұсыныс келіп түскен. Олардың қатарында көпір, веложол, жаяу жүргіншілер жолы, шағын саябақ, спорт алаңшасы, балалар ойын алаңын салу мен аялдама және көше жарығын орнату сынды жобалар бар. Жобалық ұсыныстардың заңнамада көрсетілген тиісті критерийлерге сәйкестігін анықтау мақсатында 4 сәуірде сараптамалық кеңес отырысы өткізілген. Нәтижесінде, 40 жобаның 30-ы заңнамаға сай келетіндігі анықталған. Іріктелген 30 жоба «Халық қатысатын бюджет» парақшасында 5 сәуірден бастап дауысқа салынған. Дауыс беру 24 сәуірге дейін жалғасады.
Бүгінгі күнге 2 жоба жоғары дауыс жинаса, қалған жобалар дауыс жинау сатысында.
Қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы өз кезегінде тұрғындардың дауыс беру белсенділігін арттыру үшін БАҚ және әлеуметтік желілерде хабарландырулар таратуды, округ инспекторлары тұрғындармен кездесу кезінде жобаларға дауыс беру тетіктерін түсіндіруді және іріктелген жобаларды уақытылы жүзеге асыру үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, бюджеттік өтінімнің ұсынылуын қамтамасыз етуді жауапты мамандарға тапсырды.

Саян Тілеужан

Comments (0)
Add Comment