Жоғары лига жеңісі тағы бұйырмады

Ел чемпионатының алтыншы турында «Астананың» аяқдоп шеберлерін 2:0 есебімен ойсырата ұтқан «Тараз» футбол клубы он үшінші турда жеңіліс тапты.

Бүгінге дейін 13 ойын өткізіп, 3 рет қана жеңістің жалауын желбіреткен жерлестер бұл жолы атыраулықтардан айласын асыра алмады. Иә, жоғары лиганың жеңісті жолы тағы бұйырмады. Тоғыз мәрте жеңілістің кермек дәмін таттық. Ал өткен 13-турда «Атыраумен» тең ойнап, қолда тұрған ұпайдан тағы қағылдық. Алғашқы минуттарда белсенді көрінген жерлестеріміз бұл жолы жеңіске жетеді деп үміттенгенбіз. Бұл тілеуіміз кездесудің 66-минутында қабыл болып, төреші «Атырау» қақпасына пенальти қойып берді. 11 метрлік айып добын Элгуджа Лобжанидзе сәтті орындап, жігіттерді алға шығарған. Алайда 81-минутта атыраулық аяқдоп шебері Дарко Бьедов таразы басын теңестіріп, қуанышымызды су сепкендей басты. Осылайша қолда тұрған үш ұпайдан тағы айырылып қалдық.
Жалпы «ойыншыларымыздың біразы жарақат алып қалған, сол себепті қорғанысымыз әлсіз болуда» деп өз-өзімізді жұбатып келе жатқанымызға бірнеше тур болды. Алайда қанша жерден команданы қолдайық десек те, ойындары бір оңалар емес. Соңғы рет қашан жеңіс тойын тойлағанымызды ұмыта бастадық. 13 кездесуде 13 гол соқсақ, өз қақпамызға 26 гол жіберіп алдық. Бұл турнир кестесінде соңғы орында келе жатқан «Ақтөбеден» кейінгі ең нашар көрсеткіш. 13 голымызды жіліктеп айтсақ, Элгуджа Лобжанидзе мен Ньюадзи Серждің еншісінде 5 голдан және Эливелто Рибейро Дантас 2, Абзал Таубай 1 гол соққаны болмаса, басқа ойыншыларымыз түкті де тындырып жүрген жоқ. Есесіне тәртіпсіздігіміз үшін 23 сары қағаз алып, екі ойыншымыз үш мәрте алаңнан қуылып үлгерді. Жазаға тартылғандардың арасында 6 сары қағазбен команда капитаны Мақсат Әмірхановтың көш бастап тұрғаны тіпті таң қалдырады. Сонда біз қандай футбол ойнап жүрміз?
Хош, «Айта-айта Алтайды, Жамал апам да қартайды». Енді осы жексенбіде «Ертісті» өз алаңымызда қабылдаймыз. Павлодарлық клуб турнир кестесінде бізден бір ғана саты жоғары тұрғанын ескерсек, ең болмаса осы ұжымды жеңерміз. Олар 14-турда небары 8 гол соғып, қақпасына 24 гол жіберіп алған. Сондықтан Вахид Масудовтың шәкірттеріне бір серпілетін сәт осы.

Comments (0)
Add Comment