Жиендер қатыспайтын турнир

Көп жасау – деннің саулығынан. Яғни басты байлық алтыннан да бағалы. Жаңа технологиялардың дамыған заманында «ертеңі бітпейтін еріншектер» азайды деп те айта алмаймыз. Десек те, бала кезден спортпен шұғылданып, жастарға үлгі болып жүрген азаматтар да бар. Солардың бірі, премьер лигада өнер көрсетіп, ұлттық құрама сапында да жасындай жарқыраған футболшы Мұрат Тілешовтің әкесі Әзімбек Тілешовпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Әзімбек аға, алпысты алқымдап, жетпіске толар шағыңызда да спорттан қол үзбеуіңіздің сыры неде?


– Өзім Жамбыл ауданы, Жас Өркен ауылының тумасымын. Спортқа қызығушылығым бала кезден оянды. Сонда ертеден кешке дейін, тіпті доп көрінбесе де ойнайтынбыз. Әйтеуір үлкендер доп қуып жүрген алаңнан үйге алып кететін. Кейін 9-сыныпта оқып жүрген кезімде спортқа көңіл бөліне бастады. Сол жылдары мен де еркін күреспен айналыстым. Сөйтіп, қалалық, облыстық жарыстарға қатысып жүрдім. Футбол мен еркін күреске баруға уақыт табатынмын. Ауылда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі күрестен жаттықтырушы болған Сұранышбек Төленовтің арқасында күрес қимылдарын үйреніп, қалаға келгенде де спорттан алыстамадым. Қаладағы технологиялық институттың үйірмесінде бірге жаттыққан құрдастарым мықты балуандар еді. Олардың қатарында Байтіленов, Лұқпанов, Шоқан сынды белді балуандар болды. Бәріміз білікті бапкер А.Фроловтың қол астында болдық. Бүгінде сол кездегі мығым спортшы болған Сапаралиев бақилық болды.

Содан 1971 жылы теңіз флотына 3 жылға әскерге кеттім. Міне, менің спорттық мансабым осылайша ерте аяқталды. Десе де, салауатты өмір салтын ұстанып, футбол ойнауды тоқтатпадым. Бір байқағаным, қай жерде жүрсем де футболды насихаттап, жастарды спортқа шақырады екенмін. Сол жолдан әлі танбадым. Өзім де жиі жаттығу жасаймын.

– Қазақ футболының жарық жұлдызына айналып, ұлттық құрама сапында да жасындай жарқыраған Мұрат Тілешовтің спорттық мансабында жетістікке жетуіне сіздің қосқан үлесіңіз бар шығар?

– Өзім спортпен айналысқан соң, уақыт өте баламның да осы салада болғанын қаладым. Алғаш болып бағыт-бағдар берген де – өзім. Жаттығудан қалдырмай, кейін қалаған мамандығын таңдауға еркіндік бердім. Бала кезден спортқа машықтанып өскен соң, өзінің футбол ойнай алатынына сеніп, кейін оқуға да осы сала бойынша тапсырды. Ол оқуын бітірген соң, спорттық мансабын «Тараз» футбол клубынан бастады. Алғашқы екі жылдан кейін-ақ көзге түскен Мұратты «Астана» спорт клубы шақыртты. Одан кейін елдің бірқатар командаларында ойнады. Соның бәрі баламды шектемей, алға ұмтылуды үгіттеп отыруымнан болса керек.

– Әзімбек аға, «Бір атаның балалары футбол ойнайды» шағын футболдан отбасылық турнирінің тұрақты қатысушысысыз. Дәстүрлі турнирдің тарихы, құрылтайшысы жайында білгеніңіз аз емес болса керек…

– Аталмыш жарысты алғаш рет 2001 жылы жазушы, белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы ұйымдастырды. Кейін турнир уақытша тоқтап, 2012 жылы қайта жанданды. Несіп Жүнісбайұлы 1992 жылы «қазақтан мықты спортшылар шығарамын» деп еліміздің түкпір-түкпірінен футбол ойнауға ебі бар балаларды жинап, «Намыс» клубын құрған. Бірақ екі жылдан кейін-ақ қаржылық қиындыққа тап болған клуб құрамы тарап кетті. Кейін сол командада тәрбиеленген балалар Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектебіне өтіп, уақыт өте олардың бірқатары кәсіби футболшы атанды. Енді бірі тіпті ұлттық құрама сапында өнер көрсетті. Олардың қатарында Айдар Күмісбеков, Әлішер Пірметов, Диас Кемелов, Нұрбол Жұмасқалиев және Мұрат Тілешов сынды спортшылар болды.

– Өңірде турнирге қатысуға ниетті отбасылар көп пе? Осы жарыста сіздер қандай нәтиже көрсетіп жүрсіздер?

– Аталмыш турнирге алғаш рет 2012 жылы қатысып, Тараз қаласының намысын қорғадық. Сол жылдардан-ақ отбасылар арасында тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетіп жүрдік. Өзіміздің бірінші жарысымызды Нұр-Сұлтан қаласының «Алатау» спорт кешенінде өткізіп, турнир қорытындысы бойынша үздік 4 команданың қатарынан көрінгеніміз бар. Сол шақ әлі есімде. Үшінші орын үшін болған ойында Лесбаевтар әулетіне 3:5 есебімен жол бердік. Жалпы аталмыш жарыс Тараз қаласында екі рет ұйымдастырылды. Жарыстың басы-қасында жүріп, қолғабыс еткендердің бірі мен едім. Сонда командаларды жиып, оларды шақырту жұмыстарына менің де көмегім тигені рас. Турнир тарихында 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған жарыстың деңгейі жоғары болды. Оған 33 команда қатысты. Сол жылы облыс бойынша 15 отбасы үміткерлердің қатарында еді.

– Турнирдің ерекшелігі неде?

– Аталмыш жарыстың өңірімізде өтуіне ықпал еткен жанның бірі мен едім. Облыстың сол кездегі әкімі Кәрім Көкірекбаевқа да хат жазғаным бар. Әйтеуір спорт басқармасы жарыстың жоғары деңгейде өтуін қолға алды. Оқырманға құлаққағыс ретінде айтарым, құрамда тек ата, әке, бала, немере, шөберелер ғана болуы керек. Жиендер ойнай алмайды. Олардың өз аталары бар емес пе? Ұйымдастырушылардың турнирге берген аты да ойынға тек бір атаның балалары ғана қатыса алатынын көрсетіп тұр.

– Облыста спортты жанына серік еткен отбасылардың аз еместігін білдік. Неге олар дәстүрлі турнирге жыл сайын қатыспайды?

– Облыста және Тараз қаласында спортпен айналысатын отбасылар баршылық. Меніңше, олар бір жұдырық болып жұмылуды кейде естен шығарып алатындай. Жарысқа алғаш қатысқанымызда, біздің құрамда ойнауға немерелеріміз жастау болды. Бірақ топ құрып, ойынға қатыстық. Енді құрамға Қалдыбай ағамның немересі Абдулазиз бен менің немерем Даниэль қосылды. Ол қазір 10 жаста болса да, 3 жылдан бері футбол ойнап жүр. Құрам толыққан соң, алдағы жарыстарға қатыспауға еш себеп жоқ. Ал турнирге қатысуға ниетті отбасыларға ешқандай шектеу жоқ.

– Отбасылық футбол ойындары осыған дейін бірнеше рет ұйымдастырылды. Бірақ балаңыз Мұрат Тілешовті құрамнан көре алмауымыздың нақты себебі бар ма?
– Республикалық дәстүрлі жарыстың тағы бір ерекшелігі – ойында жанұяда кәсіпқой футболшылардың да қатысуға мүмкіндігі болды. Жарыстың шарты сондай. Мұрат балам ҚР құрамасының мүшесі, ел чемпионатының 5 дүркін чемпионы, 3 рет сұрмерген атанып, кубок, суперкубокқа да қолы жетті. Әрине, бұл – жақсы нәтиже. Сол кездің өзінде жоғары лигада доп теуіп жүрген кәсіби футболшылар аталмыш жарысқа қатысып жатты. Десе де, дәстүрлі турнирге баламның қатысқанын қолдамадым. Себебі ол кезде Мұрат ел чемпионатында жасындай жарқырап жүрген. Басты себеп уақыттың тығыздығында, жұмысының көптігінде болды. Енді елдегі жағдай тұрақталып, турнир жалғасын тапса, Мұрат міндетті түрде қатысады деп отырмыз. Енді сол додада жүлдегерлер қатарынан көрінуге ниеттіміз. Бірақ басты мақсат – отбасылық футболды насихаттау, отбасымызбен бір-бірімізге тіреу болу.

– Осы уақытқа дейін дене шынықтырумен айналысып келдіңіз. Жұмысыңызға кедергі болмады ма?

– Алматыдағы арнаулы милиция мектебін бітіріп, жұмыс істеп, 1997 жылы зейнетке шықтым. Кейін облыстық тарихи өлкетану музейінде қызмет қылдым. Ел тарихына қызығып, тіпті тарихшы болып кеттім десе де болады. Қарап отырсам, музейде 11 жыл жұмыс істеппін. Осы уақытқа дейін ұжымдастарыма спортты насихаттап жүруден жалыққан емеспін. Кейін екі ірі жұмысымның басшылары еңбегімді ескеріп, марапаттаған. Байқағаным, уақытты тиімді пайдалануға әркімнің мүмкіндігі бар. Сондықтан бір мезгіл спортпен шұғылдануға еш кедергі жоқ. Тек қызығушылығың, ынтаң және өзіңе деген сенімің болуы керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Сәндібек Піренов

Comments (0)
Add Comment