«Жібек жолы бойындағы шамшырақ…»

Тараз – ежелден шайырлардың мекені болған шаһар. Шығыс ақындарының ғазалдарынан төгілген күй, алапат әсердің бәрі де күні бүгінге дейін тарихи топырақта өмір сүріп келеді. Бүгінде Таразда әйгілі жыр жүйріктерінің ізін басып келе жатқан жас ақындардың өзі бір шоғыр. Қала күні мерекесіне орай біз сол жас шайырлардың бір парасының жүрекжарды жырларын ойлы оқырманға ұсынып отырмыз.


Жұлдыз БЕЙСЕК,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Таразым

Жаз қалам менің, мәз қалам менің, Таразым,
Жұлдыздай жауһар арманым болып жанасың.
Балалығымды қойныңа тығып қуанған
Жер бетіндегі тек жалғыз өзің ғанасың.

Жайдары қалам, жап-жасыл шуақ мекенім,
Балдан да тәтті алуамбысың, шекерім?!
Қанатым қағып, алысқа ұшып кетсем де,
«Балам» деп мені жер бесігіңе бөледің.

Өзің дегенде өзекте маздап жанады от,
Қала боп сұлу, жалт еттің кейде дала боп.
Түйір тасыңды алтын-күміске бермеймін,
Жүміле ғаламым! Әлемде сендей қала жоқ!

Гүл басқан қалам, сырласқам талай шөбімен,
Адасқан жапырақ, сыңсыған желге серік ем.
Ауаңды жұтып өскенім үшін қарызбын,
Қаламым сынып кеткенше жазам сені мен.


Нұржан ҚАДІРӘЛІ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі 

Тараздан хат

Көтерер деп тарихын тасқа сызған,
Көп үмітті қарт Тараз
Жас ғасырдан.
… Алып-ұшқан құс па еді мендік жүрек,
Қорқып ұшқан құс па әлде қоштасудан?!

Шарласа да шаршамай қанша көкті,
Құс атаулы биікті аңсап өтті.
Сары гүлін қуратып алмау үшін,
Сарыалақаз сағыныш – Науша кетті.

Қуанғаны, күлгені, қайғырғаны,
Қауырсындай шашылып айдындағы.
Жұбата алмай шығарып салды Тараз,
Фирдаусидің жолымен Файзулланы.

Жасарын әлі талай жасар қала,
Мен түгіл жоқтайды оны жапан дала.
Келіп-кетіп тұратын ойда-жоқта,
Қарашаңырақ боп қалды Шоқанға да.

Күзге ұрланған қала бұл талай гүлі,
Әлі талай ғасырлар тонайды оны.
Рух аш қалды ресторан, кафелерде,
Ап кеткен соң Алматы Арайлыны.

Ар жағында қонақтай ескі мұңның,
«Қағып, күтіп» тұратын есігімнің.
Тараз деген – «Тизидің» бір өлеңі,
Жазылып бітпей қалған екі мың жыл…

Сағыныш дауылынан сана күйрер,
Дана боп оралыңдар, бала билер.
Өлеңмен жұбатыңдар бұл қаланы,
Түбі бір оралатын Таразилер!


Салтанат ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
А.Макаренко атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Махаббаттың қаласы

Таразда жып-жылы бір мекен жұмақ бар,
Екеуміз сағынып, сырласып тұрақтар.
Ол жұмақ, саялы сезімнің өлкесі,
Сен де бар сол жаққа, жыр оқы, сыр ақтар.

Сырымыз, сертіміз – уәделі бір ұғым,
Сезімнің келеміз лайламай тұнығын.
Жыр оқып берші сен дәл осы қалада,
Кеудемнен үзіліп кеткенше ғұмырым.

Бір шаттық, бір мұң бар толқыған үніңде,
«Сүйем» деп айтасың көзіме үңіле.
Сәулеңнен отырам білте шам тұтатып,
Тараздың кешінде, бейуақ, іңірде.

Жып-жылы мекен бар жүректе тұрақтар,
Сезімдер сөзсіз-ақ отырар ұғынып.
Ойым жоқ менің де өзіңнен жырақтар.
Оянсам жаныңа қалыппын тығылып…


Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ,
«Тараз24» телеарнасының тілшісі

Сұлу шаһар

Таразым, маңдайымның зор бағысың,
Жаттардан да сен менің қорғанымсың.
Біразғыдан ескерткіш боп бізге жеткен,
Бабалардың сен асыл мұрасысың.

Алматы, мен Астана, Шымкент дейді,
Мейлі, Дубай, Анкара десін мейлі.
Сен менің төл астана, туған жерім,
Ал құныңа еш нәрсе тең келмейді.

Таразым, шаһарымсың бағаң биік,
Мен тұрамын әрқашан сені сүйіп.
Өзіңнен бір күн кетсем, кешіргейсің,
Жүрермін көзімде жас, көңіл күйік.

Таразым, сенің төлің, өз ұлыңмын,
Тереңіне бойлар елім бұл жырымның.
Әрбір адам туған жерін сүю керек,
Осыны келеді тек ұғындырғым.


Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ,
республикалық «Мұқағали оқуларының» жеңімпазы 

Азияның алтын тәжі

Самаладай жарқыраған шамдары,
Шолпан жұлдыз сияқтанып таңдағы.
Көктемі де көз жауын ап гүл шаһар,
Гүлзар баққа айналады жан-жағы.

Жарып шыққан бәйшешектей қар астын,
Сыры терең тарихыма жол аштым.
Арда ұлдарың ақинағын қайраған,
Асау, ақжал толқынына Таластың.

Әз басынан Қыдыр қашып, бақ көшіп,
Уыз жасқа фәни-дүния жапты есік.
Айша арудың пәк сезімін құндақтап,
Құшағында тербеп жатқан ақ бесік.

Аяулы сәт езілетін ет-жүрек,
Жас-жұбайлар сонда берер сертті кеп.
Жалғастырып екі дүние арасын,
Тектұрмас тұр төбесімен көк тіреп.

Деген елміз іргемді жау бұзбасын,
Қарт тарихтан бізге жеткен сыр басым.
Пері нәттес перизаттар мөлдіреп,
Шыңғысханның таңғалдырған жүзбасын.

Сансыратса, саған барам, сан сұрақ,
Хауызынан әуен ағар тамшылап.
Жан-жағына сәуле шашып тұратын,
Жібек жолы бойындағы шамшырақ.

Бастан кешкен сан сұрапыл сынақты,
Әсем шәрі атсын таңың шуақты.
Зау биікте тұра берші, Таразым,
Азияның алтын тәжі сияқты!

Comments (0)
Add Comment