Жеті атасын білмеген – жетесіз

Ал жеті анасын білмеген ше?

Қазақ халқы ежелден ұрпақ сабақтастығына, тектілік пен туыстық байланысқа ерекше мән берген. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген сөз – жай ғана мақал емес, ұлттың генетикалық кодына айналған өмірлік қағида. Бұл нақыл ұрпақтың өз тегін, өз тамырын тануы арқылы елін, жерін, отбасын қадірлеуге үндейді. Бірақ бүгінгі қоғамда «жеті ана» шежіресін жасауды ұсынып жатқан азаматтар шығуда. Бұл қаншалықты дұрыс?

Қазақстандық шежіреге әйелдердің де есімін жазуды ұсынып жатқан – «Уикипедияның» Қазақстандағы авторы Қайыр Рыспаев. Ол: «Жеті атамен бірге жеті апаны да білу керек, бұл әйелдердің тең құқығын қорғайды. Шежіреге ер адамдардың ғана есімін енгізу – әйелдердің құқығын шектеу. Сондықтан гендерлік тепе-теңдікті сақтап, қыздар мен олардан тараған ұрпақты тізімге қосу керек. Осылайша ұлт тәрбиесіндегі әйелдің орнын, гендерлік теңдікті сақтаймыз» – дейді. Бұл тұста қоғам пікірі екіге бөлінері хақ.
Қазақтың дәстүрлі рулық-тайпалық құрылымында әрбір адамның жеті атасын білуі әлеуметтік әрі құқықтық міндет болған. Бұл жүйе қан тазалығы мен некелік тәртіпті сақтауға, сондай-ақ ұрпақтың шығу тегін ажырата білуге қызмет еткен. Этнографтардың деректері бойынша, жеті ата шежіресін білу дәстүрі XIV-XV ғасырлардан бері қазақ рулары арасында кең тараған. Бұл – көшпелі қоғамда генеалогиялық ес (есте сақтау мәдениеті) ерекше дамығанын көрсетеді.
Дәстүрлі шежіре, әдетте, ер адамдар арқылы, яғни патрилинейлі (әке жағынан тарайтын) жүйе бойынша сақталған. Ал аналық тектің (матрилинейлі) рөлі ауызша дәстүрде бар болғанымен, ресми шежірелерде сирек кездеседі.
Қазақ мәдениетінде «нағашы жұрт», «жиен ел» ұғымдары арқылы аналық тектің бар екені белгілі. Дегенмен, бұл қатынас ата жағымен тең дәрежеде жүйеленбеген. Мысалы, кей шежірелерде батырлардың немесе билердің анасы «қалмақ қызы еді», «арғынның қызы еді» деп қана аталады, бірақ оның тегі терең зерттелмейді.
Бұл құбылыс тек қазақ халқына тән емес. Көптеген патриархалды қоғамдарда ананың тегі әлеуметтік институт ретінде екінші орында тұрған. Дегенмен, қазіргі заманғы антропология мен генеалогия ғылымдары әйел тегінің де генетикалық, мәдени және тәрбиелік маңызын қайта қарастыруда.
«Жеті атасын білмеген – жетесіз» дегенді естіп өстік. Дегенмен, «жеті апаны» білудің қаншалықты қажеті бар? Қыз баласын шежіреге қоспаған қазақ ұлтының ендігі «апа шежіресін» жасап, оны ұлттық деңгейге шығарудың қажеті бар ма? Осы сауалды ұлт пен ұрпақ тәрбиесі төңірегінде ой қозғап, осы бағытта еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға қойып, пікірін білген едік.

«Тарихты бұзу – ұлтқа жасалған қастандық»

Жапар САТЫЛҒАНОВ, этнограф, зерттеуші-натуралист:
– Шежіре – сан ғасырды бастан кешірген бабаларымыздың шұғылалы ата тарихы. Бабалардан қалған ата тарихты бекзаттық мұра ретінде қорғау, жинау, реттеу, зерттеу – бүгінгі саналы ұрпақтың мойнына арқалауға тиісті бірден-бір борышы. Қазақ ұлты – өз ата шежіресін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, жоғалтпай, өшірмей, өздерінің қымбатты мұралары ретінде сақтап келген ата дәстүрге бай ұлағатты халық.
Қазақ халқынан шыққан ірі, талантты сөз зергері Мұхтар Шаханов: «Тарихты білмеу – тамырсыздық. Дүниені мекен еткен ұлы халық па, кіші халық па, бәрібір, жер жаралып, су аққаннан бері жасалып келе жатқан төл тарихы бар. Ол қағаз бетіне түсіп, хатталып қалды ма, әлде уақыт атты құдіреттің табанында тапталып, құмға сіңіп, жоғалды ма, міне, гәп осында жатыр», – деген көзқарасын айтады.
Қазақтың халықтық шежірелері талай-талай ғасырдағы қилы заманды, боран-шашынды, тар жол, тайғақ кешуді бастан кешірсе де бүгінгі күнге дейін жоғалмай, жойылмай, өшпей ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келеді. Шежіре – заманнан-заманға жалғасып келе жатқан халық тарихы, халықтың өз ұрпақтарына қалдырған асыл аманаты. Тарлан тарих қойнауына зер сала қарасақ, қазақтың халықтық шежірелерінде тұтас ұлтты бір алтын діңгекке байлаған, тереңге тамыр тартқан ата дәстүрлік салт жалғасқанын байқауға болады. Сондықтан тарихты бұрмалап, оған «апа шежіресін» қосу – ол тарихқа жасалған қастандық деп ойлаймын. Барлық ру атадан тарайды. Күллі мұсылман тарихы солай жасалған және ол – жазылмаған тарих. Ал апаны шежіреге қосу ата-дәстүрдің бұзылуына алып келеді.

«Ата-баба дәстүріне қол сұғуға болмайды»

Эльмира МЫРЗА-ҒАЛИ, облыстық «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры:
– Қазақ халқының мәдениетінде шежіре – тек әулет тарихын сақтау ғана емес, ұрпаққа тағылым беретін маңызды құндылық. Шежіре арқылы әр адам өз аталарының, әкеден басталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан жолын таниды. Бұл ұғымдар – халықтың ұлттық сана-сезімін қалыптастыратын айна іспеттес. Қазақта әкенің кіндігінен тараған жеті ата, он екі ата ұғымдары шежіреде көрсетілген. Ал осыған алып келіп «апа шежіресін» қосу ешбір ақтауға келмейтін дүние іспетті.
Жеті ата – жеке адамның жақын туыстық байланысын көрсететін дәстүрлі ұғым. Қазақтарда некеге тұру кезінде жеті буынға дейін бір-біріне туыс емес адамдар ғана таңдалады. Бұл қағида – халықтың генетикалық, әлеуметтік және моральдық қауіпсіздігін сақтау үшін қалыптасқан. Мысалы, Абай Құнанбаевтың шежіресінде әр ата – жекеменшік бойынша нақты жеті атаға дейінгі байланыс көрсетілген, бұл ұрпаққа өзінің түп-тамырын тануға мүмкіндік береді. Ал он екі ата ұғымы – әулет пен ру тарихын толық зерттеу үшін қолданылады. 12 ата арқылы адам өз руының, тайпасының тарихын тереңірек біледі, рудың ата-бабалары, батырлары мен билері туралы мәліметтерді жинақтайды. Мысалы, Қобыланды батыр жыры – қазақтың батырлық эпосы, ол да шежірелік сипатқа ие: жырдағы кейіпкерлердің әулеті мен руы айқын көрсетіледі.
Бұл тұста «Әкенің кіндігінен тарайды» деген ұғым да маңызды. Генетикалық және мәдени тұрғыдан әрбір ұрпақ әкесінің кіндігінен туып, оның ру-тайпалық тарихын жалғастырады. Бұл – тек жеке адамның ғана емес, бүкіл рудың немесе тайпаның тарихын сақтау жолы. Әр ата-баба туралы дерек ұрпаққа сабақ болып: батырлықты, әділдікті, елге қызмет етуді үйретеді.
Қазақ шежіресі – ұлттың тарихын, мәдени мұрасын сақтау, өз тамырымен мақтану құралы. Жеті ата – жеке адамның туыстық байланысын, он екі ата – ру мен тайпаның тарихи байланысын көрсетсе, әкеден тарау ұрпаққа өзінің түп-тамырын тануға және болашаққа сабақ алуға мүмкіндік береді. Шежіре – өткен мен болашақты байланыстыратын алтын көпір. Шежіре – тек өткеннің тірегі емес, болашаққа бағытталған рухани бағдар. Оны бұзу ұлттың санасын әлсіретеді, ал сақтау – ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді ұрпаққа жеткізудің кепілі. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрге қол сұғуға болмайды. Ертең оны өзгерте бастасақ, қанның тазалығы бұзылады. Ал қан тазалығы – ұлттың тазалығы.

«Рулық жүйені қалыптастыратын – ер азамат»

Бақытжан МАҚАШЕВ, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға-оқытушысы, әдебиеттанушы:
– Шежіре – әр адамның, әр халықтың өз тамыры мен тарихын көрсететін маңызды құндылық. Ол – тек ата-бабамыздың тізбесі ғана емес, рухани сабақ, ұрпаққа берілетін тәрбие құралы. Шежіре арқылы адам өз ұлтын, ретін, туыстық байланыстарын таниды, отбасы мен қауымдағы өз орнын түсінеді.
Шежіреге құрметпен қарау – ұлттық сананы сақтаудың бір жолы. Оған дұрыс қарап, шынайы деректерге сүйену арқылы болашақ ұрпаққа өзінің түп-тамырын, дәстүрін жеткізуге болады. Бұрын жазу-сызу болмаған кездің өзінде атадан балаға ауызша тараған шежіре ықылым заманнан бері атадан әкеге, одан балаға, кейін немереге жалғасады.
Рулық жүйені қалыптастыратын – ер азамат. Тіпті, кей руларда шежіре қырық атаға дейін жазылған. Шежіреге әйелдер кірмеген. Иә, тарихта абыз аналар, бір рудың атынан шыққан қайсар, батыр қыздар болған. Мәселен, Домалақ ана, наймандарда Қызай, Әйбике, Нұрбике деген ру атаулары, ұлы жүз, Ойықта Мырза бике деген ру аттары бар. Ол көп емес, бірен-саран. Мұны шежіреге жатқызуға болмайды. Бұл бір дәуірде өмір сүріп, сол ғасырда даналығымен, қайсарлығымен танылған, тарихта қалған аналарға берілген құрмет дейміз.
Осы уақытқа дейін ата-бабамыз қолдамаған үрдісті қайта жаңғырту мүмкін емес. Әрине, шежіреде нағашы жағы айтылады, бірақ екі-үш атаға дейін ғана. Бірақ оны шежіре деп айта алмаймыз.
Қазақ халқы – рулық жүйемен дамыған ел. Ал рулық жүйені қалыптастыратын – ер азаматтар. «Қыз – жат жұрттық» демекші, ол басқа елге ұзатылып кетеді. Өзге елдің ұрпағын өсіргендіктен, одан шежіре таратылмайды. Жалпы, әйелдерден шежіре таратылмаған және оны болдырам деудің өзі мүмкін емес. Ал шежірені бұрмалау немесе ұмытқа кетіру – ұлтқа қарсы жасалған қателік. Себебі ол адамға өзінің тарихын білмеу сезімін береді. Сондықтан шежіре – тек өткенді еске алу емес, қазіргі мен болашақты байланыстыратын рухани көпір, ал әрбір азамат оны сақтауға, құрметтеуге міндетті.

«Шежіреге ананың аты мен руы жазылуы керек»

Маржан КӘРІМЖАНҚЫЗЫ, республикалық «Тектұрмас» журналының редакторы, «Күміс алқа» иегері:
– Соңғы жылдары Қазақстанда генеалогиялық зерттеулердің жаңа бағыты ретінде аналық шежіре мәселесі көтерілуде. Мысалы, этнолог ғалымдар ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамында кейбір аймақтарда әйелдердің тегі «әже шежіресі» түрінде сақталғанын атап өтеді. Бұл, әсіресе Арқа мен Жетісу өңірлерінде жиі кездескен екен.
Аналық шежірені қалпына келтіру – тек тарихи әділеттілік емес, сонымен қатар рухани тепе-теңдікке қол жеткізудің жолы. Қазақта «Нағашы жұрт» ұғымы өте киелі болған. Нағашы мен жиен арасындағы әзіл-қалжың, сыйластық ерекше сипатқа ие. Бұл қатынас – ұлт мәдениетінің нәзік әрі терең қабатын көрсетеді. Бүгінгі күні жастар өз нағашысының тегін, апаларының есімдерін, шыққан жерін білмейді. Бұл – тек отбасылық олқылық емес, рухани әлсіреу нышаны.
Қазақтың әр шаңырағында әженің ертегісімен, ананың әлдиімен ұрпақ тәрбиеленген. Апалар мен әжелер тек отбасының емес, ұлттың рухани тәлімгерлері болған. Олар салт-дәстүрді, шежірені, әдеп пен ибаны ұрпаққа сіңіріп отырған. Сондықтан жеті атаңды білгенің қандай маңызды болса, жеті апаңды – яғни, әкең жағынан әжеңнің, ана жағыңнан нағашы апаңның тегін, жолдасыңның қасына өзіңнің руыңмен жазып қойса, еш әбестік жоқ деп ойлаймын. Мысалы, менің атамның қасына апамызды руымен жазса, біздер нағашы жұрттың қай елден екенін, тарихын, немерелер апаларының атын, шыққан тегін де біліп жүрер еді.

P.S.

Міне, осылайша «аналар шежіресіне» қатысты қоғамның ойы қақ жарылып отыр. Десе де, басым көпшілігі бабадан балаға мұра болып жеткен «аталар шежіресі» екенін айтады. Ал батыр аналарымыздың есімі тарихта тек тектілігімен, ерлігімен айқындалған. Бірақ одан шежіре жасауға әсте болмайтын көрінеді. Ал сіз бұған не дейсіз, көзі қарақты оқырман?

Арайлым ШАБДЕНОВА

Comments (0)
Add Comment