Түркістан облысының жер көлемі 11 млн 609,5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 4 млн 307 мың гектары – ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерлер. Түркістан облысы бойынша жалпы жайылым жер көлемі – 8 864,7 мың гектар. Облыс бойынша 2022 жылдың басында елді мекендердегі жайылым қажеттілігі 3 119,8 мың гектарды құрайды.turkystan.kz
Халқы тығыз әрі ауыл шаруашылығына бейім аймақ ретінде жайылым жер жетіспеушілігі жайлы мәселе жиі көтерілетіні жасырын емес. Осыған орай, партия жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы Түркістан облысынан бастау алған болатын. Комиссияның негізгі мақсаты – заңсыз жеке меншікке өткен және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, халыққа әділ үлестіру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норма референдум арқылы Конституцияда біржолата бекітілді.
Жақында «AMANAT» Партиясының Хатшысы, комиссия төрағасы Д.Кәрібек, Парламент Мәжілісінің депутаттары Е.Сайыров және Ж.Әшімжан, жауапты министрлік өкілдері Түркістанда жиын өткізді. Оған облыстық әкімдік және жауапты басқарма басшылары, шаруа қожалықтарының иелері қатысып, өңірдегі жайылым жер мәселесі қаралған болатын. Кездесуде Д.Кәрібектің ұсынысымен партияның Түркістан облыстық филиалы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Оның құрамына тек жауапты сала басшылары ғана емес, құзырлы органдардың өкілдері, депутаттар, партия белсенділері және халық атынан пікір білдіру үшін шаруалар енді.
Комиссия мүшелеріне тұрғындардың ұсыныс-тілегін орындау, мәселелердің түйінін шешуге ықпал ету және оңтайлы жолдарын қарастыру міндеті жүктелді. Өйткені партияның мобильді және жеке қоғамдық қабылдауларында арыз-өтініштердің басым бөлігі жер дауына қатысты болып, көп талқылаудан өтті. Комиссияның тағы бір ұтымды жағы – жергілікті атқарушы орган арқылы орындалуы ықтимал мәселелерді Мәжіліс депутаттары фракция отырысында қарайды. Ол үшін азаматтар нақты ұсыныстарды жолдауы қажет. Сол арқылы өңірлік ерекшеліктер сараланып, Заңның қай тұсына өзгеріс енгізу керектігі анықталады.
Түркістандағы жиыннан соң, республикалық комиссия өкілдері Ордабасы ауданына барып, ондағы ахуалмен танысты. Тұрғындармен кездесу барысында жағымды жаңалықпен бөлістік. Жаңа бастамаға орай Төрткөл ауылдық округі, Ақсары ауылының тұрғындарына 285 гектар, ортақ пайдалануға берілетіні хабарланды. Былтыр жалпы 133 елді мекенге 135,8 мың гектар жайылым жер ортақ пайдалануға бекітілген болатын.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2022 жылы елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1012,0 мың гектарға ұлғайту жоспары әзірленіп, аудан, қала әкімдерімен келісілген. Сонымен қатар әрбір елді мекендерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету бойынша әр айға жоспар кестесі бекітілген. Бекітілген жоспарды орындау бойынша жұмыстар екі бағытта жүргізіліп жатыр. Бірінші бағыт – мақсатына сай пайдаланылмаған жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару (405,2 мың гектар). Екінші бағыт – 600 мың гектардан астам ірі жер пайдаланушылармен меморандум түзу арқылы жайылым жер иеленушілерімен ортақ пайдалануға ұсыну. Аталған жоспар кезең-кезеңімен орындалуда. Есептік мерзімде ауыл халқы 325,5 мың гектар ортақ жайылыммен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 58,5 мың гектары жайылым жер мемлекет меншігіне қайтару жолымен іске асса, 267 мың гектары ірі жер пайдаланушылармен келісім орнату арқылы орындалды.
Сонымен қатар 2021 жылы құрылған жұмысшы топ тарапынан аудан, қала әкімдіктері бойынша жайылым жер учаскелерін мақсатына сай пайдалануына зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде, 476,2 мың гектар жайылым жер мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталып, аудан, қала әкімдіктері тарапынан жер пайдаланушыларға хабарлама берілген. Берілген хабарламалардың 1 жылдық мерзіміне сәйкес, биыл қыркүйек-қазан айларында қайта зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Түркістан облысы Жер инспекциясы басқармасы 2020 жылы 49 тексеру жүргізіп, оның ішінде 42 заңбұзушылық анықталған, нәтижесінде 6 млн 721 мың теңге айыппұл салынған.
Ал 2021 жылдың он айында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетке тіркеліп, 80 тексеру жүргізіліп, 12 нұсқама беріліп, заңбұзушылықтар қалпына келтірілді. Бұдан бөлек 53 жер учаскесінің иелеріне «Әкімшілік құқықбұзушылық» кодексінің 802-бабына сәйкес, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетке тіркелмей хаттамалар түзіліп, жалпы 133 жер иесіне 12 млн 652,4 мың теңге айыппұл салынып, бүгінгі таңда 7 млн 642,5 мың теңге өндірілді.
Жалпы бір атап өтерлігі, ірі жер пайдаланушылар арасында жерін өз еркімен аудандық жер қорына қайтарып жатқан азаматтар бар. Ал бұл жерлер кәсібін дөңгелетем деген адамға қолданысқа керек. Сол себепті жер мәселесін жан-жақты қарастырған жөн.
Облыстық комиссияның жұмысына келер болсақ, кездесулер арыз-шағым көп келіп түсетін аудандардан басталды. Мәселен, Келес ауданында 417 мың гектардан аса жайылым жерге мұқтаждық бар. Мал шаруашылығы үшін жайылымдық жерді ұлғайту мақсатында биыл ауданда 88,2 мың гектар жер қайтару жоспарланып, жұмыстар жүргізілуде. Осы секілді Сайрам ауданындағы кездесуде де шаруаларды жер үлесін алу жайы алаңдатты. Биыл аталған ауданда 10 мың гектарды жер қорына қайтару көзделуде.
Жалпы, «Жер аманаты» комиссиясы жайылым мәселесін шешу жұмыстарын күшейтіп, қоғам пікірін ескере келе, шаруалардың ұсыныстарын кезеңімен орындауға күш салады. Жерге қатысты заңбұзушылықтар көшбасшы партия тарапынан зерделеніп, нақты істермен тиісті шешімдер қабылданады.
Бейсен ТӘЖІБАЕВ,
«AMANAT» партиясы
Түркістан облыстық филиалының
атқарушы хатшысы,
фракция жетекші
Керек дерек:
Облыстың жалпы жер көлемі – 11 млн 609,5 мың гектар
ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 4 млн 307,7 мың гектар;
елді мекендердің жері – 791,6 мың гектар;
өнеркәсіп жері, көлік байланысы, тағы басқа – 103,2 мың гектар;
ерекше қорғалатын табиғи аймақтар жері – 430,5 мың гектар;
орман қорының жері – 134,4 мың гектар;
бос жатқан жерлер – 2 832,4 мың гектар;
басқа мемлекеттер пайдаланатын жерлер – 874 гектар
(Өзбекстан Республикасы, Шымған).
Жер қорлары:
Егістік – 966,0 мың гектар (оның ішінде суармалы 453,4 мың гектар)
Жайылым жерлер – 3 127,1 мың гектар
Шабындық – 69,3 мың гектар
Басқа алқаптар – 145,3 мың гектар
Шаруашылық субъектілері:
83 441 Шаруа қожалығы, жер көлемі – 2 369,2 мың гектар;
2 590 Заңды тұлға, жер көлемі – 1 159,9 мың гектар
1 135 Өндірістік кооперативтер, жер көлемі – 686, 3 мың гектар