Алматы мен Жетісу облыстарына келген шетелдік туристер қонақүйлерден гөрі қазақтың киіз үйлер таңдауға көшкен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.
Туристер елдің мәдениеті мен тарихын тереңірек түсініп, өздерін көшпенділер ретінде сезініп көре алады. Ең қызығы, оларға жергілікті тұрғындар аудармашысыз көмектесетін көрінеді.
Жергілікті мектеп мұғалімі Ардақ Омарова ауылдағы үйін қонақүйге айналдырған. Бір уақытта ол 18 адамды қабылдай алады. Аулаға асхана қызметін атқаратын киіз үй тіккен. Мұнда туристерге тек ұлттық тағамдар ғана, атап айтсақ, қазақ еті, құрт, бауырсақ, қымыз, шұбат және т.б ұсынылады екен. 4 жыл ішінде ол әлемнің 60 елінен келген туристерді қонақ еткен.
“Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылымызға шетелдіктер жиі келе бастағанын байқадық. Біз аздап абдырап қалдық және оларды түсінбедік, өйткені мұнда ешкім ағылшынша сөйлемейді. Белгілі болғандай, бұлар ұлттық саябақтарымызды көруге келіп, ауылдан түнде қонуға арналған тұрақ іздейді екен. Бізде, шыны керек, қонақүйлер болмады, бір жағынан оларды далада қалдырғымыз келмеді. Міне, содан бері туристік бизнесіміз дамып келеді”, – дейді Басшы ауылының тұрғыны Ардақ Омарова.
Бір қызығы, жергілікті тұрғындар тек қазақ тілінде, ал туристер негізінен ағылшын тілінде сөйлейді. Десе де бұл олардың бір-бірін түсінуіне кедергі емес.
“Бұл ауылда жүргеніме он күннен асты, жаным жай тапты десем болады. Мұндай қонақжайлылықты еш жерден көрген емеспін. Ақсақалдардың айтуынша, сырттан келген адам тек бірінші күні ғана қонақ, одан кейін туыс болып кетеді екен. Мұндағылардың бәрі мені жергілікті тұрғын ретінде қабылдайды. Мен тіпті қазақ тілін түсіне бастадым. Ал мұндағы табиғат – таңғажайып, Жер бетіндегі нағыз жұмақ!” – дейді иатлиялық турист Джорджио Леони.
Ауылда сырттан келген қонақтарға алкоголь сатуға тыйым салынған. Мұны жергілікті тұрғындар табиғаттың әсемдігін тек сау кезде ғана тамашалау керек деп түсіндіреді.