Былайғы жұрт Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі аталатын мекеме бар екенін білгенімен, оның нақты қызметі неде екенінен көбіне бейхабар. «Бөлім халыққа қандай қызмет көрсетеді?», «Біз қандай жағдайда сала мамандарының көмегіне жүгінеміз?» деген сұрақтарға нақты жауап бере алмайтынымызда сондықтан. Осы орайда біз аталған сұрақтарға жауап іздеп, Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне бас сұққан едік.
Көп қырлы қызмет көрсетіледі
Жалпы, жер қатынастары бөлімі құқықтық бақылау, кадастр және картография, қаржы және жерді сатуға, жалға беруге қатысты мемлекеттік қызметтерді көрсетеді. Сонымен бірге бөлімнің негізгі қызметтеріне жерді жеке және заңды тұлғаларға беру, жер шекарасын анықтап, кадастрлық есепке алу, жердің мақсатты пайдалануын бақылау, мемлекет меншігіндегі жерді сату немесе жалға беру кіреді. Бұл туралы біз тілдескен Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімі мемлекеттік қызмет көрсету және ұйымдастыру секторының меңгерушісі Мөлдір Абдирахманова айтты.
– Қала тұрғындарынан жерге қатысты өтініштер мен шағымдар әуелі қала әкімдігіне түседі. Әкімдікке қарасты бөлім болғандықтан, бұл сауалдар жер қатынастары бөліміне жолданады. Бөлім мамандары тұрғындардың өтінішін тіркеп, қажетті құжаттарын реттеп, заңда белгіленген тәртіппен қарастырады.
Бүгінде бөлім жұмысы екі секторға бөлінген. Олар – жер қатынастары секторы мен ұйымдастыру және мемлекеттік қызмет көрсету секторы. Осы секторлар арқылы тұрғындарға барлығы 8 бағыт бойынша мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Ал мемлекеттік қызметтер ақылы және ақысыз болып екіге бөлінеді. Мәселен, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту, әкімнің қаулысын рәсімдеу, жерді қайта тіркеу сынды қызметтер тегін көрсетіледі. Ал кейбір жағдайларда қызмет ақылы түрде жүзеге асады. Бұл, әсіресе, жер учаскесі бұрынғы деректер базасына енгізілмеген немесе базадағы мәліметтері нақты пайдаланып отырған жер көлемімен сәйкес келмейтін тұрғындарға қатысты. Мұндай кезде құжаттарды сәйкестендіру мен жаңарту ақылы негізде жүргізіледі. Қазір барлығы электрондық жүйеге көшкен дәуірде жердің мерзімін ұзарту, жеке меншікке рәсімдеу, кезекке тұру мәселесі бәрі цифрлы жүйеге көшкен. «еGov», «е-Лицензиялау» және «е-Zhambyl» жүйелері арқылы электрондық форматта көрсетіледі, – дейді маман.
Жасыратыны жоқ, бүгінде тұрғындар арасында «Талай жылдан бері жер кезегінде тұрмыз. Бірақ жер кезегі неге жылжымайды?» деген заңды сауал жиі айтылады. Осы ретте біз де тұрғындардың көкейіндегі мәселені жауапты сала мамандарына қойып көрдік. Жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Мөлдір Жанділдақызының айтуынша, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерін беру су және электр қуатымен қамтамасыз етілген алқаптар дайын болғанда, сондай-ақ азаматтардың кезекке тұрған күні мен тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
– Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер теліміне мұқтаж азаматтардың саны жылдан-жылға артып келеді. 2005 жылдан бері БМЖМК автоматтандырылған жүйесінде кезекте тұрғандар саны 130 352 адамға жетті. Бұл ретте жаңа тұрғын аймақтарын игеру жұмыстары да қарқын алып отыр. Қаланың бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, А.Асқаров көшесінің соңындағы және «Хамукат» алқабындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, тұрғын үй құрылысына бейімделуде. 2013 жылдан бері «Шаңырақ» алқабынан – 1 332, «Құмшағал» алқабынан – 1 200, «Ұлы дала» шағынауданынан 1 мыңнан аса жер телімі берілді, – дейді ол.
Қалаға Байзақ және Жамбыл аудандарынан 14 елді мекен мен 2 саяжай қосылып, шаһар Әулиеата және Жібек жолы деп екі ауданға бөлінген болатын. Енді негізгі сұрақ – қалаға қосылған елді мекендердегі жер кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі қалай реттелмек? Осы олқылықты шешу үшін жер қатынастары бөлімі Ауыл шаруашылығы министрлігіне ресми хат жолдап, өз ұсынысын білдірген екен.
– Біздің басты міндетіміз – тұрғындардың өтінішін орындау. Қазіргі таңда қала бойынша 130 352 азамат жер кезегін күтіп отыр. Бұл қатарда қалаға жаңадан қосылған елді мекендердің тұрғындары жоқ. Егер біз оларды кезектің соңынан, яғни 130 353-ші адамнан бастап тіркесек, онда көптеген азаматтардың ондаған жылдар бойы күткен еңбегі ақталмай қалмақ. Мемлекетіміздің заңында мұндай жағдай туындағанда қандай шешім қабылданатыны нақты көрсетілмеген. Сол себепті бұл мәселені Мәжіліс депутаттарына ұсынып, Ауыл шаруашылығы министріне хат жолдадық. Біздің ұсынысымыз – оларды бұрынғы ауданындағы кезекте қалдыру. Бұл мәселе әзірге түбегейлі шешімін таппай отыр, – дейді М.Абдирахманова.
«Бір терезе» қағидасы – іс жүзінде
Сонымен бірге жер қатынастары бөлімінде халыққа «Сервистік әкімдік» кеңсесі арқылы жер қатынастары мәселелеріне қатысты мемлекеттік қызметтер ұсынылады. Кеңсе «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді, яғни келушілер қажетті қызмет түрін бір жерден ала алады.
– Жобаның басты мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қызметшілерге сенімін арттырып, жемқорлықты болдырмау. Сонымен қатар тұрғындардың уақыттарын үнемдеу, мемлекеттік қызмет көрсетуде жайлы, ашықтық пен жариялылықты, жұмыс сапасының артуы мен тұтынушылардың кедергісіз қызмет алуына жағдай жасау.
Сондай-ақ Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйры-ғымен бекітілген қағидаларға сәйкес, жер қатынастары саласында «Жер учаскесінің жалдау мерзімін ұзарту», «Жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобаларын бекіту», «Іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру», «Жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау», «Жер учаскесін жеке меншікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеу арқылы сату», «Жер учаскесін алу үшін кезекке қою» және «Республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер учаскесіне құқықтар алу» қатарлы мемлекеттік қызметтерді көрсетеді, – дейді бөлім басшысының орынбасары Жасұлан Валихан.
Тұрғындарға жасалған жайлы жағдай
Қазір елімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру қарқынды дамып келеді. Соның нәтижесінде бұрын ұзақ кезекпен, құжат жинаумен, маманның қабылдауын күтумен жасалатын жұмыстарды бүгінде әр азамат өзіне-өзі онлайн орындай алады. Бөлімнің сектор меңгерушісі Мөлдір Абдирахманованың айтуынша, бұл – заманауи мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа стандарттары қалыптасқанын көрсететін маңызды қадам.
– Біріншіден, электронды платформалар қызмет көрсету жұмысын жеңілдетеді. Тұрғындар жер учаскесін алу немесе кезекке тұруға өтініш беру, кадастрлық ақпаратты тексеру, мүлікке қатысты мәлімет алу сияқты іс-әрекеттерді онлайн орындауға мүмкіндік алады. Бұл, әсіресе, қарт адамдар мен қозғалысы шектеулі азаматтар үшін өте тиімді. Екіншіден, бөлімде құжаттарды өз бетімен тапсыру мүмкіндігі бар. Сонымен қатар тұрғындарға қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді, онда олар өтініш беріп, қажетті ақпарат алып, мамандардан кеңес алу мүмкіндігіне ие. Құжаттар қабылданғаннан кейін жүйе автоматты түрде хабарлама жібереді, сондықтан уақыт үнемделеді. Үшіншіден, кейбір бөлімдерде инфокиоск немесе өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары орнатылған. Бұл арқылы тұрғындар өтініш мәртебесін бақылап, құжаттарын сканерлеп, жер учаскесінің картасын көре алады. Ал түсінбеген жағдайда сала мамандары әрдайым көмекке дайын. Олар тұрғындарға қажетті құжаттарды рәсімдеуге бағыт-бағдар беріп, барлық сұраққа жауап береді. Жалпы, жер қатынастары бөлімі тұрғындарға қызмет көрсетудің бірнеше жолын ұсынады. Атап айтқанда, онлайн өтініш, инфокиоск немесе қызмет көрсету бұрышы арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету, сондай-ақ мамандардан жеке көмек алу, – дейді сектор меңгерушісі
Жер мен үй кезегіне тұруды шатастырып алмаңыз
Мамандардың айтуынша, тұрғындар көп жағдайда жер кезегіне тұру мен үй кезегіне тұрудың айырмасын шатастырып жатады екен. Екі бағыт та мемлекет тарапынан көрсетілетін тұрғын үй саясатының маңызды тетіктері болғанымен, мақсаты мен берілу тәртібі бойынша бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Жер кезегіне тұру – азаматтарға жеке тұрғын үй салу үшін мемлекеттен тегін жер телімін алу құқығын беретін жүйе. Бұл кезекке 18 жасқа Қазақстанның кез келген азаматы тұра алады. Бұрын бір өңірде жер теліміне кезекке тұрған болсаңыз, қазір өзге 10 өңірден 10 жерге кезекке тұра аласыз. Кезегіңіз алдымен келген аймақтан жер телімін алсаңыз өзге аймаққа қалдырған өтініштердің күші жойылады.
– Ескеретін жайт, егер азамат өзіне тиесілі жер учаскесін 3 жыл ішінде пайдаланбаса, ол мемлекет меншігіне қайтарылып, жерге мұқтаж азаматтардың кезегіне қайта қосылады. Ал құрылыс жұмыстарын бастап, бірақ уақытында толық аяқтай алмаған жағдайда жер қатынастары бөліміне жүгініп, мерзімін ұзартуға мүмкіндік бар.
Тағы бір айта кетерлігі – бұрын жер телімін алған кейбір азаматтар оны басқа адамдарға сатып, кәсіп көзіне айналдырған болатын. Осыған байланысты Үкімет заңнамаға өзгерістер енгізді. Қолданыстағы заңға сәйкес, әрбір азамат бөлінген жер учаскесіне кем дегенде 60 шаршы метрден кем емес тұрғын үй салуға тиіс, – дейді Мөлдір Жанділдақызы.
Ал үй кезегіне тұру – әлеуметтік осал топтарды және бюджеттік сала қызметкерлерін дайын пәтермен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік қолдау. Бұл жүйе көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға, жетімдерге, аз қамтылған жандарға, сондай-ақ мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер мен күш құрылымдары қызметкерлеріне қолжетімді. Берілетін баспана жалдамалы түрде немесе сатып алу құқығымен ұсынылады. Үй кезегінің жылжуы мемлекеттік бағдарламалардың қаржыландырылуына және жаңа көпқабатты үйлердің салынуына байланысты жүзеге асады. Қорыта айтқанда, жер кезегі – жеке үй салуды жоспарлаған азаматтарға арналған мүмкіндік болса, үй кезегі – дайын баспанаға мұқтаж жандарды қолдауға бағытталған әлеуметтік тетік. Сондықтан мамандар кезекке тұрар алдында әр азамат осы екі бағыттың мәнін дұрыс түсініп, өз жағдайына сай тиімді жолды таңдауды ескертеді.
Қаңтардан қарашаға дейін
Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Бекежановтың айтуынша, биылғы қаңтар-қараша айларында атқарылған жұмыстардың ауқымы айтарлықтай. Әсіресе, шаһарда инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, жол желісін кеңейту және жаңа тұрғын аймақтарды игеру бағытында үлкен көлемдегі жобалар жүзеге асырылып жатыр екен.
– Абай көшесін Байзақ батыр көшесінен «Шалғай Қарасу» алқабына дейін жалғайтын жаңа көпір мен жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы – қала дамуындағы маңызды жобалардың бірі. Осы мақсатта мемлекет мұқтажына қайтарылуға тиіс 60 нысан анықталған. Бүгінге дейін олардың 41-інің меншік иелері келісім беріп, 40 нысанға өтемақы толық төленді. Бір нысан бойынша құжаттар дайындалу үстінде. Келісім бермеген 15 нысан сот тәртібімен қаралуда. Оның ішінде 5 нысан бойынша сот төлем жасауға шешім шығарып, бір нысан иесіне қаражат толық аударылды. «Лейла» мейрамханасына қатысты 2 нысан соттан кері қайтарылса, 8 нысан бойынша процесс жалғасуда. Сонымен қатар 2 нысанға бағалау жұмыстары жүріп, меншік иелерімен келіссөздер жүргізілуде. Мұрагерлік рәсімдері аяқталған соң тағы 2 жер учаскесі бойынша қажетті шаралар атқарылады.
Жерді жеке меншікке сату және жер пайдалану құқығын табыстау Қазақстан Республикасының Жер кодексінің талаптарына сәйкес, www.e-qazyna.kz порталы арқылы электронды аукцион форматында жүзеге асуда. 2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында 303101 коды бойынша – 855 323,2 миллион, ал 303202 коды бойынша – 329 354,9 миллион теңге көлемінде жергілікті бюджетке қаражат түскен. Жер қатынастары саласында азаматтарға көрсетілетін қызмет көлемі де артқан. Есептік кезең ішінде қала әкімдігі 2 683 қаулы қабылдады. 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында 5 009 мемлекеттік қызмет электронды түрде көрсетілген. «е-Өтініш» жүйесі арқылы жыл басынан бері 4 116 өтініш түсіп, оның 3545-іне уақытылы жауап берілген, – дейді Нұржан Балтабайұлы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда екі аумақта да инженерлік инфрақұрылым желілерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстар тұрғындарға сапалы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету, су және электр желілерін жаңарту, сондай-ақ жаңа тұрғын аймақтарды заманауи стандарттарға сай дамыту мақсатында атқарылып жатыр. Бөлім мамандарының айтуынша, құрылыс барысы жоспарға сәйкес және алдағы айларда да жалғасады.
– А.Асқаров көшесінің соңындағы аймақтың жалпы көлемі – 368,3 гектар, оның 46,4 гектары жеке тұрғын үй құрылысына арналмақ. «Хамукат» аумағының көлемі – 125 гектар. Инженерлік инфрақұрылым толық аяқталғаннан кейін, «Хамукаттан» – 524, ал А.Асқаров көшесінің соңынан – 341 жер учаскесі бөлініп, олар 2006 жылдан бері кезекте тұрған азаматтарға ретімен ұсынылады. Қала құрылысындағы бұл өзгерістер – Тараздың келешектегі өсу әлеуетін арттырып, жаңа тұрғын үй алаптарын қалыптастыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды кеңейтуге және қалаға жаңа тыныс беруге бағытталған маңызды қадамдар, – дейді бөлім басшысы.
Бұл – Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің атқарған жұмыстың бір ғана парасы. Мемлекет басшысы атап өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қатаң ұстанатын мекеменің алдағы күндерде де ел игілігі үшін қызмет ете беретіндігіне сеніміміз мол.
Жұматай КӨКСУБАЙ