Жемісті бағдарламалар жалғасын табады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» жолдауын халыққа насихаттау бағытындағы жұмыстар жүйелі ұйымдастырылуда. Бүгін «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев облыстық кәсіпкерлер палатасының ұжымымен кездесті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Әлем елдерінің экономикалық жағдайына әсер еткен пандемия бізді де айналып өтпегені рас. Осындай күрделі кезеңде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына жолдауы көптің көкейіндегі мәселелердің шешімі болғандай. Жиында Қасымхан Төлендиев жолдауды жан-жақты тарқатып баяндады.

– Жолдаудың «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру», «Сапалы білім беру», «Өңірлік саясатты жетілдіру», «Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау», «Ұлттың ойысуы – одан әрі дамудың басты факторы» деген тармақтарында нақты жоспарлар, өзгерістер баршылық. Мемлекет негізгі салалардың барлығын қамтыды. Соның ішінде кәсіпкерлікті қолдау бағытында жемісін беріп отырған жобалар жалғасады. Әсіресе өздеріңіз білетіндей «Бастау бизнес» жобасының шарапаты мол. Тұрғындар бизнес бастау үшін грант, төмендетілген несиелер алуда. Сондай-ақ пәндік олимпиадаларда топ жарған оқушыларды ақшалай сыйақымен марапаттау мәселесіне көпшілік қолдау білдіріп отыр. Президент жолдауда жаңа технологияларды пайдаланып, суды үнемдеуге көңіл бөліудің маңыздылығына тоқталды. Себебі бұл тек бізді ғана емес, әлем елдерін алаңдатып отырған күрделі мәселе. 2030 жылға қарай су тапшылығы 40 пайызға жетуі мүмкін деген дерек бар екен. Қасым-Жомарт Кемелұлы жағдайды жедел реттеу мақсатында ел бойынша 120 канал жаңартылып, 9 су қоймасы салынатынын соның ішінде Жамбыл облысына да канал салынатынын айтты. Осылайша өңірлерді дамытудың ұлттық жоспары аясында бес жылда халықты жүз пайыз сумен қамтамасыз ету көзделіпті.    Біз жолдауда айтылған мәселелердің барлығын жіті түсінгеніміз абзал. Себебі Президент жолдауындағы жүйелі жоспарлар мен межелі міндеттерді жүзеге асыруға баршамыз бірге атсалысуымыз қажет,–деді Қасымхан Естемесұлы.

Кездесу соңында Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының экономика жөніндегі орынбасары Айдар Қайнарұлы кәсіперлікті қолдау бағытындағы жемісті бағдарламалар одан әрі жалғасатынын айтты.

Comments (0)
Add Comment