Биылғы ауа райының қолайлы болуынан баудағы ағаштар жемісін көтере алмай самсап тұр. Әсіресе, жылуды көп сүйетін сары өрік қала көшелерінің сәнін келтіруде.
Адым аттасаң, әрбір үйдің ауласындағы уылжып піскен сары-қызыл өріктер көздің жауын алады. Тараз шаһарында өрік ағаштары наурыз айының орта тұсынан бастап бүршік жарған болатын. Негізінен бұл өнім еліміздің оңтүстік өңірлерінде, соның ішінде Алматы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстары аумағында өседі. Ашығып қалған жанның аранын жедел басатын көпжылдық жемістің пайдасы төңірегінде алуан-алуан ақпар бар.
Толғанай АТАБАЙ
Өріктің Отанын білесіз бе?
Өріктің негізгі отаны Қытай болып саналады. Мұнда өрік ағаштары осыдан 5 мың жыл бұрын өсірілген, ал Оңтүстік Еуропа елдерінде 2 мың жыл бұрын ғана өсіріле бастады. Өріктің орыс тіліндегі баламасы «абрикос» сөзі «тез пісетін» деген мағынаны білдіреді. Бір қызығы, ежелгі римдіктер өрікті «армян алмасы» деп атайды екен. Зерттеуші мамандардың айтуынша, мұның сыры Батыс елдері өрікті армян саудагерлерінің арқасында білгендіктерінде екен. Ал Батыс елдерінің бірқатары Күнгей Кавказды өріктің отаны санайды. Қалай болғанда да, біздің деректер өріктің иесі ретінде Қытайды танығандығымыздың жөн екендігін нұсқайды. Армян өріктерінен басқа Орта Азия өріктері де өтімді келеді. Өйткені бұл өріктердің құрамында қант көп болады да, дәмі тіл үйірердей тәтті келеді және бәліштерді жасауда дәл осы ортаазиялық өріктер пайдаланылады. Өріктің «Қызылбет», «Амброзия», «Луиза», «Шалах», «Хосровшам», «Хурмаи», «Бұхара», «Товарищ», «Ансу» деген сорттары белгілі. Өріктің біз білетін үш түрі бар: дәнегі бары – өрік, ал дәнегі жоғы – кайса, ал кептірілгені курага деп аталады.
Өріктің құрамында С, В1, Р, РР дәрумендері, каротин, флавоноидтар, қант, органикалық қышқылдар, май, пектин, инулин, крахмал, минералды заттар, ферменттер және көптеген пайдалы микроэлементтер бар. Кептірілген өріктің құрамында калий мен қант көп болады. Өріктің жүрек, бүйрек ауырғанда, анемияға, жүйке ауруларына пайдасы бар. Кептірілген өрікті несеп айдау үшін қолданады. Өріктен тосап, шырын, мармелад жасайды, десерт ретінде қолданады. Мамандардың айтуы бойынша, өрік мидың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және бауырдың жөнделуі үшін өте пайдалы. Сонымен қатар тістердің беріктігін арттырып, рактың, бүйрекке тас жиналудың алдын алады. Жүректі қуаттандырып, күйзелісті азайтады.
Өрік майы сұлулыққа пайдалы
Өрік майын басқа сүйекті майлар секілді суық сығымдау арқылы алады. Одан алған май экологиялық таза, табиғи өнім болып саналады. Ол дәрумендер мен басқа да пайдалы заттарға бай. Өрік майы барлық типті тері түрлеріне күтім жасау үшін косметологияда кеңінен қолданылады. Аталмыш жеміс майының құрамында терінің жасушаларын толық қызметпен қамтамасыз ететін көп қанықпаған майлы қышқылдар, теріні ылғалдандыратын және жұмсартатын А дәрумені, терінің жас әрі тығыз қалпын сақтайтын С дәрумені, теріге қажетті маңызды В дәрумені, терінің қайта қалпына келуін тездететін, қартаюын баяулататын және терідегі ұсақ тесіктердің кеңеюін алдын алатын F дәрумені (көп мөлшерде) бар. Сондай-ақ өрік майы тырнақ, бет, шаш күтіміне пайдалы.
Дәні дертке дауа
Сары өріктің дәнінен дәрі-дәрмек және косметикалық өнімдер саласында сұйық май (абрикосовое масло) өндіріледі. Бұл өрік майы, түрлі дәрілік және емдік кремдер, жақпа май, суспензиялар жасағанда еріткіш компонент есебінде, шаш және бет терісінің күтіміне арналған шампунь мен косметикалық өнімдер дайындауда кеңінен пайдаланылады. Дәрілік висмуттың қосылыстары өрік және шабдалы майында өте жақсы ериді. Қытай және Тибет медицинасында ерте кезде астма, көкжөтел, жүйке, жүрек ауруларына емдік дәрілер дайындалған және қазіргі уақытта да өз маңыздылығын жойған жоқ. Кейбір елдерде халық емшілері қатерлі ісікті (рак) емдеуге сары өріктің дәнінен жасалынған дәрмектерін пайдаланып жүр. Сары өріктің дәнінде амигдалин деген гликозидтің өте көп екендігі анықталды. Бұл гликозид адам ағзасында аскорбин қышқылымен әрекеттесіп, аса қауіпті улы зат синил қышқылын түзетін болғандықтан, қазіргі медицинада рак ауруларын амигдалинмен емдеуге заңмен қатаң тыйым салынған. Егер сары өріктің дәні тосапқа қосылған болса рахаттанып жей беруге болады, себебі тосаптың құрамында қант өте көп болғандықтан, синил қышқылы тарап кетеді. Жалпы токсикологияда синил қышқылымен немесе цинанидтермен уланған адамға антидот есебінде қант, глюкоза, метил, натрий тиосульфатын пайдаланады.
Өрікті тұтынуға болмайтын жағдайлар
Құрамында қант көп болатындықтан, қант диабетімен ауыратын адамдарға бұл жемісті тұтынуға болмайды. Жаңа піскен өріктер қышқылдығы жоғары гастритпен ауыратын адамдарға зиян болуы мүмкін. Сонымен қатар бауыр, панкреатит, асқазан жарасы және ұлтабар аурулары кезінде өрікті тұтынуды шектеген жөн. Өрікті мөлшерден тыс көп тұтыну іштің бұзылуына әкеліп соғуы мүмкін. Сонымен қатар бұл жемісті шамадан тыс көп жеу артериялық қысымның түсуіне және бас айналуға ұрындыруы ықтимал.