Жемқорлыққа қарсы күресте күш біріктіру маңызды

Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні болып жарияланған еді. Жаһандық халықаралық институт, түптеп келгенде, не себепті қоғам назарын қылмыстық көріністерге аударып отыр? Мұның себебі БҰҰ-ның мәліметтері бойынша параның жыл сайынғы көлемі бір триллион долларға бағалануында болып отыр. Әлемдік экономика сыбайлас жемқорлықтың салдарынан бұдан бөлек тағы да 2,6 триллион долларға зардап шегеді. Бұл қаражат жаһандық ІЖӨ-нің бес пайызынан астамын құрайды. БҰҰ Даму бағдарламасының деректері бойынша дамушы елдерде сыбайлас жемқорлыққа байланысты шығын көлемі даму мақсаттарына арналған ресми көмек көлемінен он есе асып түседі.

Сыбайлас жемқорлық барлық қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық дамуға нұқсан келтіреді. Қай елдің, қай өңірдің, қай қоғамның болсын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра алатын иммунитеті жоқ. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында адамдар бос сөзден шаршағанын, тиісінше мемлекеттік мекемелерден өз уәделерін нақты орындауын күтетіндігін атап өткен еді.
Осыған орай бұған дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан әр аймақтың ерекшелігі ескеріліп, өңірлер үшін жемқорлық тәуекелдер картасы әзірленген болатын. Бұл Картада әкімшілік кедергілердің болуына, қызметшілердің озбырлығына, заңнаманың жетілмегендігіне байланысты шешімін таппай жүрген мәселелер тізбесі айқындалған. Сол себепті қазіргі таңда агенттіктің өңірлерде жұмыс істеуінің басты бағытының бірі – осы тәуекелдер картасы болып отыр. Аталған құжатқа Жамбыл облысы бойынша бірқатар салалар енгізілген еді. Олар:
1. Жолдар мен инфрақұрылым. Бұл жерде жолдар мен инженерлік құрылыстардың сапасы, ауыз сумен және суаратын сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылым объектілерін салу үшін қаражат жұмсау мәселелері ерекше назарды талап етеді.
2. Экономика және қаржы – азаматтарды тұрақтандыру қор-ларындағы тауарлардың жетіспеушілігі және бағаның өсуі мазалайды.
3. Олигополия, яғни ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың айналасындағы тәуекелдері.
4. Жер қатынастары. Атап айтқанда, жеке тұрғын үй құрылысы үшін және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді заңсыз бөлу, жерлерді мақсаты бойынша пайдаланбау мәселелері.
5. Құрылыс және тұрғын үй бойынша тұрғын үйді бөлу мәселесін атап өту қажет.
Аталған сұрақтар Әулиеата өңірінің тұрғындарын жиі мазалайды. Сондықтан бұл мәселеде жергілікті атқарушы орган мен жұртшылықтың күш-жігерін, мүмкіндіктерін біріктіру өте маңызды.
Президент те өз Жолдауында жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін едәуір кеңейту өзекті мәселелерді шешуге және халыққа жақындатуға мүмкіндік беретіндігін атап өткен еді. Осыған орай облыс әкімінің қолдауымен өңір тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуде құқық қорғау саласы мен жергілікті мемлекеттік аппараттың күш-жігері бірігуде.
Бұл ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет үшін барлығын қылмыстық іс қозғауға дейін жеткізу маңызды емес. Бастысы – бюджет есебінен салынып жатқан объектілердің сапалы тұрғызылып, белгіленген мерзімде тапсырылуы.
Қазіргі таңда осы тәуекелдер картасы аясында аумақтық департамент тарапынан бірқатар жұмыстар бастау алды. Мәселен, ауыз сумен қамтамасыз ету және суару мәселелерін шешу үшін «Раис» каналын реконструкциялау кезіндегі қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол бермеу, «Барысхан» алқабындағы үйлерді ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбырларындағы ақауларды жою бойынша шаралар қолға алынды. Бұдан бөлек, жол құрылысы саласында жалпы құны 144 миллион теңгені құрайтын 15 нысанның орташа жөндеу жұмыстары кезінде үстеме шығыстар көрсету, сметалық пайданы асыра бағалау тәрізді деректер мен мердігер мекемелердің сапасыз жұмыстары анықталды. Жалпы мұндай тәсіл жемқорлыққа қарсы күресті әлсіретпейді. Керісінше, алдын ала жұмыс істеу арқылы тиімді әрекет етуге бағыттайды.
Осы ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында облыс әкімі Нұржан Нұржігітовке ұсынылған әкімдіктердің жауапты тұлғалары, яғни тапсырыс берушілер, кез келген жол төсенділерін салу бойынша жұмысты бастамас бұрын көше тұрғындары қатарынан комиссия құру, ал облыстық деңгейдегі жолдарда, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері және сол жолға жақын ауылдардағы ақсақалдар кеңесі қатарынан да комиссия құру туралы бастамамыз қолдау тапты. Аталған комиссия мүшелеріне жол төсенділерінің қалыңдығы, астындағы материалдың қандай болу қажеттілігі, битум төселімі және өзге де техникалық тетіктері түсіндіріледі. Тұрғындардың өзі күнде жүретін жолының сапасына жіті мән беретінін ескерсек, бұл шаралар өз кезегінде, мемлекеттік органдарға деген сыни ескертпелерден тыйылуға да мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Жергілікті аппараттың жұмысы халықтың өзекті мәселесін шешуде маңызды рөлге ие екені және тиісті қаражатты басқаратындары баршаға мәлім. Осыған орай жеке тұрғын үй құрылысы үшін және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді заңсыз бөлу, жерлерді мақсаты бойынша пайдаланбау мәселелері зерделенді. Бастапқы мониторинг арқылы үлкен көлемдегі жерлерді өз мақсатында пайдаланбай отырған шаруаларды анықтап, 110 мың гектар алқапты қайтару туралы жер инспекциясына ұсыныс берілді. Бірақ бұл жер саласындағы мәселені шешпейді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді алу үшін конкурстық тәсіл арқылы өтініш білдірген азаматтың бизнес жобаларын жер қатынастары бөлімі жанындағы комиссия қарайды. Конкурс туралы хабарлама жергілікті басылымдарда жарияланады.
Департамент ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, олардың ішінен сауалнама жүргізілді. Шаруалардың жанайқайы кәсіп ашу үшін жердің жоқтығы немесе оны дамыту үшін жердің жетіспеушілігін айтуда. Сонымен қатар конкурстың өткендігін тек аудан әкімдіктердің есептерінен еститіндігін айтуда. Осы орайда конкурстың ашықтығын және бәсекелестікті қамтамасыз ету үшін жерді нақты өз жобаларын іске асыра алмай жүрген шаруаларға беру мақсатында конкурсты тек жылына екі рет (нақты айларды көрсете отырып) өткізуді, оған дейін бос жерлер туралы ақпаратты жер бөлімдерде стендтерге және әкімдік сайтында жариялауды заңнамалық тұрғыда бекіту туралы ұсыныс берілді. Бұл өз кезегінде шаруалардың бос жерлер туралы ақпаратты білуге ықпалын тигізеді, әрі қарай конкурсқа дейін нақты белгілеген жерге конкурстық құжаттамаларын, бизнес жобаларын дайындауға, кейбір кезде несиелік құжаттамаларын да дайындауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, заңнамалық өзгерістерді қажет ететін басқа да мәселелер зерделенуде. Мәселен, тұрғын үй қатынастары саласында жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелері тарапынан «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңнамада көзделген кезекте тұрғандардың тізімдерін өзектендіру бойынша іс-шаралар жүргізілмейтіні анықталды.
Сонымен қатар жүргізілген мониторинг нәтижесінде кезектен шығаруға жататын 5 725-тен астам кезекте тұрғандар анықталды. Оның ішінде 257 қайтыс болған, әртүрлі жылжымайтын мүліктері бар 3 415, мұқтаж ретінде есепке қойылғаннан кейін некеге тұрған 1 955, басқа мемлекеттерде тұратын 17 және Жамбыл облысында тіркелмеген 81 азамат бар.
Аталған мәселе бойынша Тараз қаласы мен аудандардың әкімдеріне мониторинг нәтижелері жолданды. Департаменттің араласуы нәтижесінде кезектен 1 075 адам алынды. Қалған 4 650 бойынша қазіргі уақытта кезектен шығару бойынша осындай іс-шаралар жүргізілуде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жеке құрамы жемқорлықтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына теріс әсерін азайту үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынына, аумақтық департамент алға қойылған міндеттерді бірлесіп шешуге дайын екеніне сендіргім келеді.

Дәурен Омаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары міндетін уақытша атқарушы

Comments (0)
Add Comment