«Желтоқсан құрбандары мәңгі есімізде»

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің №1 жатақхана кітапханасында «Журналистика және филология» кафедрасы мен кітапханалық ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «Желтоқсан құрбандары мәңгі есімізде» атты ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Құрметті азаматы, желтоқсаншы Бақытжан Мақашовпен кездесу өтті. Іс-шараға факультеттің 2, 3-курс бойынша «Филология: қазақ филологиясы» білім бағдарламасының белсенді студенттері қатысты. Кездесудің мақсаты- жастардың бойында патриоттық сезімді дамыту, тәуелсіздік құндылығын бағалауға және Отанды құрметтеуге баулу, желтоқсан оқиғасында болған деректермен танысу. Кездесу қонағы Бақытжан Маханұлы студенттерге көзімен көрген оқиғаларды баяндап берді. Жалындаған жастардың алаңға шығуы,олардың наразылығы,үкіметтің қолданған амал-тәсілдері,студенттердің батыл әрекеттері туралы әңгіме өрбітті.
Студенттер көкейкесті сұрақтарына жауап алды.
Білім бағдарламасының белсенді студенттері тарихта өшпес із қалдырған желтоқсан боздақтарына жүректен шыққан өлеңдерін оқып, арнау арнап, ән әуелетіп, керемет күй қалықтатып, қатысушыларды ерекше әсерге бөледі.
Желтоқсан көтерілісіне қанша жыл,қанша ғасыр өтсе де мәңгі есте қалары сөзсіз. Ұмытылмайтыны – оның тағдырмен байланыстылығында. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі де ауыл-үйдің әңгімесі емес,дүмпуі алып құрлықты аралап кеткен ғаламат тарихи оқиғалардың бірі. Сол көтеріліс батырлары Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанқызы,Ербол Сыпатаев, Қайрат Рысқұлбеков, т.б жаңа ғана бүршік атып келе жатқан тал шыбықтай жастарымыздың өмірі үзілді. Бұл күн Қазақ халқы үшін ұлы күн, әрі қайғылы,әрі бақытты күн. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы Қазақ халқында бұрын болмаған ең ауыр да, әділетсіз көтерілістердің бірі. Ол халық жүрегінде мәңгі сақталады.
Кітапханалық – ақпараттық орталықтың бөлім басшысы Маткулова Балхия Турсыналиевна, аға оқытушылар Алшагүл Мұқашева, Айгүл Иматаева кездесуді қорытындылап, алғыс білдірді.

Comments (0)
Add Comment