Желтоқсан қаһармандарымен жылы жүздесу

16 желтоқсан – Алаш үшін азаттықтың туы қайта желбіреп, тәуелсіздіктің таңы атқан күн. 1986 жылғы Желтоқсан алаңына көтерілген өр мінезді жастардың ерлігі, әділдік жолындағы табандылығы егемендіктің бастауы, рухани өзегіне айналды. Олардың қайсар рухы мен әділетсіздікке қарсы тұрған жасындай жігері қазақ халқының бостандыққа деген ұмтылысын жалғап, 1991 жылғы Тәуелсіздік жариялауға жол ашты.

Атаулы датаға орай Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің №3 мектеп-лицейінде қайсар мінезді қыз-жігіттеріміздің ерен еңбегін ұрпақ санасына сіңіру мақсатында облыстық «Желтоқсан-86» қоғамдық ұйымның төрағасы Мұрат Бердалиев пен аталған қоғамдық ұйымының мүшесі Мәрияш Есенбаевамен тағылымға толы кездесу кеші өтті.
Шараның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген мектеп-лицей директоры Мәулен Райқұлов жастарды өз еліміздің тілін, тарихын, салт-дәстүрін және әдебиетін қадірлеп, құрметтеуге шақырды. Сондай-ақ тәуелсіздік жолында күрескен азаматтарды құрметтеу әр перзенттің парызы екендігін атап өтті.
– Тәуелсіздік күні – Қазақстан халқы үшін ұлы мереке. Бодандықтың бұғауында ғұмыр кешкен халқымыз бүгін егемен ел атанып, тіліміз мемлекеттік мәртебе алғанына, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз қайта жанданып, өз алдымызға ел болып, Тәуелсіздік даңғылына аяқ басқанымызға биыл 34 жыл толып отыр. Бұл жетістік – бабаларымыздың қанды тарихымен және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһарман боздақтары – Қайрат, Сәбира, Ләззат, Ерболдардың еңбегімен келген бейбіт күрестің жемісі. Осы тарихи кездесуді ерекше сәт деп бағалауға болады. Себебі бүгінгі шараға бұдан 39 жыл бұрын Алматы алаңында болған, сол қиын күндердің куәгерлері – Мұрат ағамыз бен Мәрияш апайымыз қатысып отыр. Сәті түскен бұл кездесудің біздің оқушыларымызға берері мол боларына сенеміз, – деді Мәулен Райқұлұлы.
Келесі кезекте облыстық «Желтоқсан-86» қоғамдық ұйымның төрағасы Мұрат Бердалиев сөз алып сол жылдары зардап шеккен азаматтардың әлі де ақталып жатқанын, Желтоқсанда алаңға барған әр жастың ойында азаттыққа деген құлшыныс болғанын әңгімеледі.
– Мен Желтоқсан көтерілісінің куәгері ретінде сол күндердегі қазақ жастарының ұлттық жігерін, намысын қорғауға деген құлшынған сезімін мақтанышпен еске аламын. Жастарға қарсы зорлық-зомбылық көрсетуге жалдамалы адамдарды шығару – шовинистік әдістің ең сорақы көрінісі еді. Осы тәсілді Г.Колбин ұстанғаны белгілі. Әлі есімде, сол 86-шы жылдың 20 желтоқсаны күні жүргізуші әйелдің трамваймен қазақ жігітін қағып, ұшырып тастағанын өз көзіммен көрдім. Дабыл берсе, қашып үлгеретін еді. Сол сәтте ашу-ызамен қан төгілуге сәл-ақ қалды. Дегенмен, аздаған адам болмаса, жаман ұлттың болмайтынын ұмытпау керек. Сол үрейлі күндерде алаңнан қашып, қаланың бұрыш-бұрышында жан сауғалап жүрген Нұрділда есімді ағамызды бір орыс отбасы бір апта бойы паналатып, аман-есен ауылына шығарып салыпты. Марқұм ағамыз өмірден өткенше сол ерлікті ұмытпай айтып жүрді. Тағы сол сияқты қамаудағы жігіттерді босатып, өз киімін өзі жыртып, «олар менің бейғамдығымды пайдаланып ұстап алды» деп өтірік айтып, «ерлік жасаған» азамат та болды.
Қорқыныш билеген 18-19 желтоқсан күндері кешкі асты айдаладағы «Ақсай-2» шағынауданында үреймен іштік. Шам жағу да қорқыныш еді. Өйткені жендеттер жастар тұратын пәтерге кіріп келе беретін немесе келгендей көрінетін. Сол күндердің басты батыры – Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков. Саябақтан өткен сайын оның бейнесі көз алдыма елестейді. Тірі болғанда ол сіздердің орталарыңызда отырар еді. Жалпы, желтоқсан оқиғасы туралы барлық деректер әлі толық ашылмағанымен, біз әділ бағаны тарих пен келесі буын қоятынына сенеміз, – деді Мұрат Әзімханұлы.
Ал тағылымды кештің тағы бір қонағы Мәрияш Есенбаева алаңда болған күндерін айтудан 25 жыл қорқып жүргенін жеткізді.
– Қазір бәрін айтуға болады. Мен бұл көтерілістің ортасында болғанымды өз ішімде ширек ғасыр сақтадым, сол жылдар аралығында өзіммен-өзім күрестім десем де болады. Құдай қосқан жарыма, балаларыма, жақындарыма айтудан қатты қорқатынмын. Кейде «неге ұзақ жыл ішіме сақтадым?» деп өзіме сұрақ қоямын. Оған сол кездегі бірге оқыған достарымның айлар бойы қуғын көруі, «үш әріптің» адамдарының біздің ізімізге түсуі себеп болса керек.
Қазір көп әңгіменің қатарындағы дүние ғой, бірақ сол күндері шынымен үрейлі еді. Лекцияда отырғанда сырттан біреу шақырса, жатақханада біреу іздеп келсе, жаным шығып кете жаздайтындай күй кешетінмін. Алаңнан шығып, түн ортасында жатақханаға келгенімде вахтёр орыс апай ішке кіргізіп жіберді. Сол кісі айтып қоя ма деп қорқып жүр едім, айтпапты. Содан кейін киіп жүрген киімдерімнің көзін құртып, шаш үлгімді өзгерттім.
Бүгінде «86-шы жылғы көтеріліске қатысқанмын, алаңда аттан салып жүрдім» дейтін адамдар өте көп. Бәлкім, шынымен солай болған шығар. Менің анық білетінім – институтта бірге оқыған жақын құрбыларым бар еді. Олар алаңда бой көрсеткені үшін оқудан шығарылған. Олар бүгінгі күнге дейін алаңда болғандары туралы жақ ашпайды, өз облыстарында құрылған Желтоқсан көтерілісіне қатысты қандай да бір қоғамдық ұйымдарға да мүше емес. Себебін сұрасам, әлі де бойларында қорқыныш барын айтады.
Көтеріліс болған жылдары тұңғышыма аяғым ауыр еді. Қазір ойласам, сол бір сын сағаттардан аман қалуыма дәл осы қызымның періштесі себеп болғандай сезінемін. Қасіретті күндерден кейін дүниеге келген қызым бүгінде үлкен бір әулеттің отын жағып, мерейін өсіріп отыр, – деп көзіне жас алды желтоқсаншы Мәрияш Сауқымбекқызы.
Жиын барысында оқушылар Желтоқсан қарлығаштарына көкейдегі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Сонымен бірге Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың жасанды интеллект арқылы әзірленген жастарға арналған үндеуі көрсетілді.
Шараның шымылдығы мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламамен жабылды.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Comments (0)
Add Comment