Желмен жарысқан Жақсылық

Жақсылық Мамырбекұлы деген газетіміздің оқырманы өткен аптада редакцияға келіп, ұжымға Қырғызстанда өткен халықаралық марафоннан жүлде алғанын айтып, спорт жайында аз-кем сыр бөліскен еді.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

Ол Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт шебері, Мәскеу Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия чемпионы Сатымқұл Жұманазаров атындағы марафонда қарсыластарын шаң қаптырды. Халықаралық турнир осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр. Елімізде, алыс-жақын шет мемлекеттерде марафон болады деген хабар жетсе, қолда бар қаржымен додадан қалмауға тырысатын жүйрік Қырғызстанда марафон өтетінін естігеннен-ақ жүйелі дайындала бастаған. Жарысқа жалпы 35 мемлекеттен 4 мыңға жуық марафоншы қатысуға ниет білдірген екен. Соның ішінде жасы 68-ге қараған Жақсылық аға 65 жастан асқан марафоншылар жүгіретін қашықтықта мәре сызығын бірінші болып кескен. Осылайша жасына қарамай, 42 195 шақырымды бағындырып, онымен қоймай 160-қа жуық спорт ардагерінен мерейі үстем болған марафоншы үшін бұл үлкен жеңіс. Аталмыш жарыс спорт жанашырының мансабындағы оныншы марафон болатын. Бұған дейін ол алты бірдей халықаралық дәрежедегі марафонға қатысқан. Жақсылық аға әр жарыс өз ерекшелігімен есте қалатынын айтады.

– Қырғызстандағы жарысқа төрт немерем менімен ілесіп бармақшы болып еді. Балалармен күнделікті бірге жүгіріп жүрген соң, оларды алып кеткім-ақ келген. Бірақ қаражатқа байланысты баруға мүмкіндік болмады. Біз марафонды алғаш 2017 жылы Алматыдан бастадық. Сол жылы EXPO көрмесі қарсаңында елордада өткен желаяқтар бәсекесінде бағымызды сынадық. Одан әрі Ақтау, Атырау мен Алматыдағы жарыстарға бірнеше рет қатысып, жүлделі болдық. Есте қаларлық жарыстардың бірі Санкт-Петербург қаласында өтті. Марафонға 33 мың адам қатысты. Маған сол кезде «Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіров қаржылай қолдау көрсеткен. Спорт комитетінің төрағасы Нұрбол Жүнісбеков те мейлінше көмектесіп тұрады. Иә, қолдау көрсеткен бірер адамды ғана айтамыз, себебі жарыстардың барлығына дерлік өз қаражатымыз есебінен барамыз, – дейді марафоншы.

Ағамыз жастайынан ширақ әрі епті болған соң, спорттың сан түрімен айналысқан. Міне, сол кезден бері болмысы бөлек жас, кәсіби спортшы ретінде танылмаса да, жаттығудан қол үзбеген. Салауатты өмір салтын ұстануды дағдыға айналдырған. Оның айтуынша, таңғы жаттығудан қол үзбейтін жандар бір күнге түзген жоспарын еш қиындықсыз орындайды екен. Жақсылық аға жастармен сөйлесе қалса болды, спортқа шақырып, салауатты өмір салтын насихаттап жүреді екен. Дәл қазіргі жасында өзін еркін сезінтіп ол үшін жиырма шақырым деген түк емес. Осы қалпында жетпіске дейін жүгіремін деген ниеті тағы бар. Біз жастарға үлгі бола білген Жақсылық ағаны кезекті жүлдесімен құттықтай отырып, әлі талай марафонда жүлделі болатынына сенім білдіреміз.

Comments (0)
Add Comment