Желіде тоғысқан сезім – жыр!

Өнер адамзатты біріктіретін ең мықты құрал екені бесенеден белгілі. Жан тазалығы, рухтың кемелденуі, адамның асқақ сезімдерінің кеңістікке ұмтылуы тұтас өнердің озық миссиясы деуге болатындай.
Былтыр күзде ғана шексіз өнер кеңістігіне «Авангард» деп аталатын жаңа қозғалыс енген-ді. Ақындарды қанатының астына алған жас жоба ел індетпен күресіп жатқан қиын кезеңде төрт қабырғадан асып кете алмай, карантин құрсауында қалған өнерсүйер қауымға тағы да қуаныш сыйлады. «Қашықтықтағы ғашықтық» деген атаумен онлайн әдеби кештер легі күн сайын кешкісін, сәуір айының соңғы екі аптасында үздіксіз тікелей эфирге шығумен болды. Осыған дейін Тараздың қақ төрінде үш кеш өткізген авангардтықтар өлеңнің ешбір өлшемге сыймайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Эфирге Қазақстанның әр түкпірінен шыққан талантты ақындар шақырылып, өрелі сұхбат, мазмұнды әңгіме өрбіді. Онлайн деген аты болмаса, ақындар желіде ойларын жүйелі жеткізуден жүрексінген жоқ, әдеби танымдарын таразылап, өз шығармашылықтарындағы жаңалықтармен еркін бөлісті. Жыр оқыды, өлең сүйген оқырманның сағынышын басты.
Қашықты жақындатқан, түрлі сезімдерді желіде тоғыстырған онлайн форматтағы кешке арқау болған шайырлардың жырларын газет оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз. Танымы терең оқырман да жырмен сусындасын!

Жалғыз қанатты көбелек

Түн жамылып тереземнен кірген жалғыз қанатты көбелек
сіз ойлағандай шамға емес:
ертеңге ғашық –
ертеңге ғашық жалғыз қанатты көбелек.
Мұнда оны тәніңді тәрк етсе оралмас жан сынды сенімі жетелеп келген,
қанаты жерге көлеңкесін түсірген сайын құдайдан сансыз рет кешірім сұрап;
ол тек қана жазу үстеліндегі шамның бүгіннен құтқарғанын қалайды,
ең соңғы үміті – осы бір шам.
Сол шамның түбінде ертеңмен қауышар сәтті
қиялдаумен ғана қанатын қағады жалғыз қанатты көбелек:
қиял оның ешқашан қателеспейтін ең жақын досы,
қателік жасайтын ақыл емес қой қиял.
Шам болса оны дәл сіздей өзіне ғашық екен деп ойлайды, бәлкім,
бірақ ол махаббатының соңы қасіретпен аяқталмас үшін, соңына дейін қасірет шегуге даяр…

Файзулла Төлтай

Ақылақ

Сен келерсің…
Досқа атылған жебедей,
Жат түлікті бауыр басқан енедей,
Мансап сынды қомағай
Ділі тектес қоғам-ай…
Жөргектегі балаға
Дін оқытқан данадай.
Байға қайғы – бақыт та, қараға ас!
Ей, Еркіндік, сен секілді бұ жүрек,
ел секілді жалаңаш.

Барым бердім жараса егер кәдеңе,
Сенен өзге уайым да жоқ және де.
Бір ұлыңның шын сөзіне сен-сенбе,
Көз аларттым көрші елге.
Жаным сатып албастыңа,
Сенің жолың өлсем мен,
Сәтке болсын еркін жүріп көрсең деп.
Мен кеткенде…

Нұрболат Жолдасбек

Гүлім

Періштелерге табыстап кеттім,
Өзгеге сені қалайша қиям?
Сағынту үшін алыстап кеттім,
Алсын деп мені есіне жиі.

Менің жанымда жатталу үшін,
Сенің ғұмырың болсын деп бағым.
Хабарласпадым хат жазу үшін,
Қол бұлғамадым қоштасып тағы.

Есіл де есіп ақпайды қазір,
Арқаның желі жауратып жанды…
Кешқұрым күн де батпайды қазір,
Гүл қылып жүрмін ерітіп қарды.

Жастық дейтіннің кейбірі жалған,
Өтпейтін дәурен, бітпейтін кез бұл.
Сағынғаныңда келем ғой, қарғам,
Табыстырсыншы бесінші мезгіл.

Менің ішкі отым сезімге зәру,
Өмір өзіңді маңдайға таңды.
Есіңде сақта еліткен ару,
Көктем уақытша, «махаббат» мәңгі…

Аян Ермекұлы

Феникс

Жоқты іздегені жанға бататын,
Кеште мұңайып, таң боп ататын.

Адасып барып, бақыт табатын.
Бақыт табуы уақытты алатын.

Бір ширекті кеп құрбан қылатын,
Қырдан асырып, жырдан құлатып.

Жанына жалын тыным бермейтін,
Тоқтатамын деп тілін білмейтін.

Өртеніп барып, күлге айналатын,
Күлден жаралып, күнге айналатын.

Сүйіп те тұрып, қоштаса алатын,
Қош айтысқанмен, достаса алатын.

Тағдырдан келген шешім болатын,
Жүректе жалғыз есім болатын.

Айзада Садвакасова

Көктем

Көктем маған бөтен емес,
Көктем – сенің көздерің,
Жазды күтіп жәутеңдеген, жұбатар деп түбінде.
Гүлдің бәрі – менің сені сүйем деген сөздерім,
Топырақтың тілінде.

Саған самғап оралмаған құстары көп жанымның,
Елесің де естеліктер ішіндегі ең ізгім.
Сені сүйген әр тамшысы көктемдегі жауынның
Жалғыздығы
Алыстағы теңіздің.

Мендік көңіл – күнтізбесі парақталмас өткеннің,
Сезем сенің досың – үміт, жауың – мұң.
Сені үнсіз аймалайтын самал желі көктемнің –
Сағынышы
Алыстағы дауылдың!

Үміт, сенім – бір-біріне қарап тұрған айнадай,
Шаң-шаң, сынық екеуі де жоғалтқандай бар мәнін.
Көк пен жерді тіліп өткен көктемдегі найзағай –
Қызғанышы
Алыстағы сенсіз атқан таңдардың.

Қайтқан құс боп,
Қалың бұлт боп елестермін көзіңе,
Құдай білед екеумізді екі дүние алдады.
Сен секілді жылап, күлген бұл көктемнің өзі де –
Алыстағы күздің соңғы арманы…

Көктем келсе көлдей тасып сезім сыймас ақылға,
Айға қолы жетпей тұрған таудай болып ой қалар.
Мен де бір күн өртенермін махаббаттың отына,
Көкке ұшқан күлім сонда көбелекке айналар!..

Нұржан Қадірәлі

Асығам саған…

Күндей болып жарқырап шыққан алдан,
Сұлулыққа сендегі сұқтана алман.
Дәл өзіңдей еркелеп қарап маған,
Тауға иегін сүйейді бұлттар анау.

Нұрлы жүзің гауһардай жарқыраған,
Сенен асып тумайды-ау артық адам.
Иығыңнан төгілген төмен қарай,
Бұрымыңнан аумайды сарқырама.

Сені көріп көкейге келуде өлең,
Болса болар осындай керім деген.
Орамалың секілді желбірейді,
Қызғалдақтар қырдағы жел үрлеген.

Кезеңдей боп көңілде Ай, Күн сөнген,
Ауырлап бір кеткенде қайғым жерден.,
Сені көріп жүрегім шуылдады,
Аққу-қаздар ұшқандай айдын көлде.

Жарылуға жүргенде сәл-ақ қалып,
Үміт берді, дем берді Жаратқаным.
Енді асығам тек саған сәттер сайын
Көкіректен көгершін қанат қағып.

Әлімжан Шөңгербай

Қалқам

…Күн сәулесі аппақ көзеде ең ұлы сөздермен шайқалып, шіркін,
Ең ұлы өлең боп, кепкен таңдайыма құйылса деп жүрмін.
Сонда, ең ұлы сөздер – түнгі аспанның астындағы мен терген гүлдер.
Мен терген гүлдер жаралған ай таратқан нұрдан.
Ал ай дегенім, сіз боласыз, қалқам!

…Кейін мен сіздің алдыңызға басымды қойып, сол өлеңді оқыған шақта…
Мені қайта шақыратын болады, түнгі аспанның астындағы гүлдер.
Кейін сол ұлы сөздерді теруге аттанам, қайта
кеудемде бақытты, ең ұлы ақынның аңсары бүрлеп…

…Шіркін, осындай бақытқа мен ғана ма, жете алмай жүрген?

Нұрлан Әбдікәрім

Ақын

Қасиет бар-ау, көздің жасында,
Айта кетейін сөздің басында:
Нөсер мұңымды жария қылмай,
Бүркеніп ойға, төздім расында.

Пейілдер көзге көрінбес оңай,
Кинода да осы, өмірде солай.
Болмайтын затқа жылай салатын,
Жабырқағанда көңіл босамай.

Қасиет бар-ау, көздің жасында,
Айтып өттім ғой сөздің басында.
Ағзамыз жасты төкпей ме біліп,
Аяламасын, жазғырмасын да.

Қасиет бар-ау, көздің жасында.

Салтанат Қайырбек

Жүрегің сенің құстай жылады…

Жүрегің сенің құстай жылады,
Көрмедім бірақ неге мен?
Қанаты бардың ұшпайды бəрі,
Əйтпесе ұшып келер ем.

Жанымнан ылғи жарылыс көрем,
Сезімге кейде ойым жау,
Əлдебіреуге сағыныш деген,
Əлсіздігіңді мойындау.

Көмейіңе өксік-оқ тұрған күні,
Мені айтшы неге мұңайтты?
Алаулап жанған оттың барлығы,
Күйдіреді деп кім айтты?!

Іштегі бұққан мұңды сез ұлы,
Айтпағаны үшін таңдай қақ.
Ай деген – түннің сырлы сезімі,
Айта алмай жүрген айғайлап.

Көз жасы түннің тастанды жұлдыз,
Жұбатты оны кім ұғып?
Мəз болып жүрміз аспанның күндіз
Жылтырағына жылынып.

Алдауға өзің иланып көптен,
Шын сүйем мəңгі деп кейде…
Шын сүйгені үшін сыйланып кеткен,
Гүлдер де қурап кетпей ме?!

Қалау ма сонда көңілден арсыз,
Негізге сендік сонда қай?
Күдік бар жерде сенім де əлсіз,
Сезім де əлсіз ол қалай?!

Сағындым сені…
Төзіммен жүргем,
Жаныма найза бойларда,
Барлығы сонда сезім деп жүрген,
Өзіңді ғана ойлау ма?..

Нұртас Тұрғанбекұлы

Диананың күлкісі

/Аффект/

Мұндай күлкіні кездестірген жоқпын
Бұрын мен!
Ертегілерден естігенім,
Сосын елестеткенім болмаса.
Ол күлкіден тараған әр толқынға,
Құс қанатымен хат жолдаса.
Шумақтанып көбелектер ұшса,
Шуақтанып өлеңдер келсе.
Құс қанатынан саулаған хаттар,
Қыз кірпігіндей төмендей берсе.

Күлкіңе хаттар қалықтап қонса,
Жүрек көзімен оқыған едік,
Саябақ орындықтарына,
Жібек сезімде отырмап едік.

Күлкіңе сенің көбелек қонар,
Қалықтап жауған қар болар.
Сиқырлап алған сыңғырларымен,
Құс қанатында қалды олар.

Ол күлкіден тараған әр толқынға,
Құс қанатымен хат жолдаса.
Ертегілерден естігенім,
Сосын елестеткенім болмаса.
Бұл күлкіні бұрын
кездестірген жоқпын,
Тек бүгін болмаса!
О, қандай тамаша!
Сенің күлкіңде қалды,
Менің біраз ойларым.
Сенің күлкіңде қалған,
Сол көбелектерді ойладым!

Данияр Әлімқұл

Өмірқос серік, өлең-ай

Түсіне алмаудың несі өнер,
Жынданып өлсін дедің бе?!
Кешігіп келдім, кеше гөр,
Кездесуге емес, өмірге…

Мазам жоқ енді түк менің –
Бағыттан тайып жолым кей.
Кездесуде де күтпедің,
Өмірде күтпегеніңдей…

Үміт дегенің гүлдей ме, еңселім,
Тағдырдан күткен шешімін?
Сенімдей-тұғын үр бейнең сенің,
Кешірімдей-тін – есімің.

Таңдайда бақтың кетпейтін дәмі,
Сенгіштігімнің несі мін?
Серттей сенімің жетпей тұрғаны –
Жетпей тұрғаны – кешірім.

Жайлар өтті, майдан өтті не түрлі,
Қайда кетті бойдағы ұрлап отымды?
Қаяуы көп тірліктегі нала-мұң –
Менің сырға шөлдегенім секілді,
Сенің жырға сенбегенің секілді.

Түңіледі, бүлінеді бекерге ой,
Сырым едің өзімді өртеп кетердей.
Баяны жоқ тірліктегі бақытым –
Менің мұңға байлануым екен ғой,
Сенің жырға айналуың екен ғой.

Құбылады екен неге олай?!
Мұң ұрады екен сондайда.
Өмірқос серік, өлең-ай,
Ол мені де ұқса болмай ма?!

Өлең деп ғашық кезді айтқам,
Сезімтал болсам, жарады.
Көңілде қалған көп жайттан,
Көңілім қалып барады.

Еламан Хасенұлы

Соңғы көш

Жаңаның жолымен,
Көненің ізімен,
Үйленіп ертегі қызымен,
Өлі тарихтың ақсөңке сүйегін,
Артып ап атанға,
Сықырлап үстінде уықтар түйенің,
Сықырлап астында жер бесік,
Барады ел көшіп.

Меңіреу болса да мезгілі,
Өлсе де өткенгі,
Төл тағы төлдеді көктемгі.
Сай-сала жаңғырып көшпенді үнімен,
Артынып-тартынып түнімен,
Жанарын тырмалап тау өлі,
Түн көшпей, ел көшті әуелі.

Мың жылғы болмыстың иісі бұрқырап,
Боздады боталар,
Жылқылар шұрқырап.
Кешегі бөрілер тіріліп,
Бүгінгі төбеттер қыңсылап,
Домбыра тілімен өткенін ойнатқан,
Көш өтіп барады сай жақтан.

Орнығып алғандай ай әбден,
Күн әзер жылжытты сабалап таяқпен.
Топырақ астынан толқындап төркіні,
Бұрқылдақ жолдардың буыны тершіді.
Тарихын түйенің табаны кестелеп,
Мезгілді мең-зең қып,
Көш келед…

Бесікте тербетіп тегінің тамтығын,
Жас ана
жетелеп салтының сарқынын.
Ең соңғы азамат
ең соңғы тұлпарын тебініп,
Төгілтіп барады,
Бүгіннің шаңына көміліп.
Арғымақ жылқылар соңғы рет арқырап,
Көкжиек жүзінде
Болмыстың бояуы қалтырап…
Соңғы көш өтті…

Есбол Нұрахмет

Табиғатпен үйлесім

Күн кешуді үйрендім,
Күз мезгілден қысқа ауған.
Тілдесуді үйрендім,
Таңда оятқан құстардан.

Құлшынуды үйрендім,
Бұлақ аққан баулардан.
Күрсінуді үйрендім,
Әжімі көп таулардан.

Адалдықты үйрендім,
Ақ мамықтай бұлттардан.
Адамдықты үйрендім,
Жапырақтан шық тамған.

Жасқанбауды үйрендім,
Жарға біткен ағаштан.
Аспандауды үйрендім,
Жұлдыздардан жарасқан.
Толғануды үйрендім,
Тебіренген толқыннан.
Ойлануды үйрендім,
Күзден гүлді солдырған.

…Жалғыз жүріп жырақта,
Шағымнан-ақ ес білген,
Жыр жазуды бірақ та,
Үйренгем жоқ ешкімнен.

Біржан Ахмер

           

Comments (0)
Add Comment