Жеделсатының жұмысы жүйеленеді

Қаладағы лифт шаруашылығы – көпқабатты үйлердің тұрғындарына да, жергілікті атқарушы мекемеге де үнемі қиындық туғызатын жауапты саланың бірі.

Ескірген жабдық жиі істен шығып, тиісті техникалық қызмет көрсетілмейді. Осының барлығы тұрғындардың үнемі наразылығын тудырып келеді.
Осыған орай Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев алматылық лифт компаниясының өкілі, «Алатау лифт құрылыс компаниясы» ЖШС жаңғырту бөлімінің басшысы Сүлеймен Ерзақовпен кездесті. Кәсіпкердің айтуынша, олардың компаниясы – жүк тиеу жабдықтарын өндіруші мекеме. Оның негізгі қызметі – жолаушылар жүгін, асхана, аурухана, эскалаторлардың құрылыс көтергіштерін және лифт жабдықтарының қосалқы бөлшектерін жеткізу және іске қосу, күрделі және техникалық қызмет көрсету, жаңғырту, лифттердің ескірген модификацияларын ауыстыру, монтаждау және іске қосу, жөнелту. Компания өкілі өз қызметін Тараз қаласында жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Н.Қалдыбаев қазіргі уақытта шетелдік үш фирма өз қызметтерін ұсынып жатқанын атап өтті. Бірақ отандық тауар өндірушілердің серіктес болғанын қалайтындығын да баса айтты. Жабдықтаушыларға қойылатын ең маңызды талап – міндеттемелерді адал орындау және жабдықтың сақталуын қамтамасыз ету.
Жиын барысында алматылық компанияға қаладағы лифт саласының жай-күйін егжей-тегжейлі зерттеп, өз ұсыныстарын, оның ішінде бағасын да енгізу ұсынылды.

Жұмаш Жолболды

Comments (0)
Add Comment