Жедел топ іске кірісті

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының әкімдігінде өткен кеңесте «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру барысы және жөндеу-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау мәселесін көтерген болатын. Нәтижесінде қаланың аудандарында 11 мобильдік топ құрылып, жұмыстар жүйелі жүргізіле бастады.

Сәндібек Піренов Суретті түсірген Юрий КИМ

Осы ретте біз «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров бастаған 8-ші мобильдік топтың жұмысымен таныстық. Аталмыш топқа «Жайлау», «Салтанат», «Талас», «Самал», «Мыңбұлақ» және «Алатау» мөлтек аудандарындағы бейберекетсіздікті реттеу жүктеліпті. Жарымжан жарнамалар, тазаланбаған арық жүйесі, шағын базарлардағы сұрықсыз орындар, қала орталықтарында қыз-қыз жұмыс істейтін ескі дүңгіршектер – бұлардың барлығы қаланың сәнін келтіріп тұрмағаны белгілі. Тарихтың темірқазығына айналған көне қаламызды туристік орынға айналдыру үшін ең алдымен осы олқылықтардың орнын толтырған жөн секілді. Бір аптаның ішінде атқарылған толымды жұмыстар жайында мобильдік топтың жетекшісі Мұқаш Ескендіров айтып берді.
– Барлық кәсіпорындар, сауда нүктелері өз төңірегіндегі тазалықты сақтауы керек. Көшелердегі орындықтар реттеліп, қоқыс жәшіктері қалпына келтіріліп жатқанда, 3-ші және 4-ші мөлтек аудандардағы кәуап пісіретін дүңгіршектің иесіне алдын ала ескерту жасалған. Енді бұл ескертуді ескермеген кәсіп иесіне шара қолданып, дүңгіршекті алып кетуге мәжбүрміз. Кәсіп иесі кейін дүңгіршекті «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігіне барып қайтарып алады. Ал арнайы рұқсаты бар дүңгіршектердің санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс жасауын қадағалаудамыз.

Жалпы маңызы зор бастамаларды жүзеге асырып жатқанымызға бір аптадан асты. Енді мобильдік топтың жұмысы көзге көріне бастады. Қазіргі таңда мобильдік топ бірінші бағыт бойынша тиісті шаралардың барлығын жасады. Тазалықты сақтау бағытында атқарылған жұмыстардан кейін қайта қаз қалпына түспегенін қалайтын болсақ, бұған бәріміз бір кісідей атсалысуымыз керек. Осы мәселеге байланысты шағын кәсіпкерлікпен несібесін айырып отырғандар оң өзгерістерді мәжбүрлі түрде емес, әдетке айналдырып, тазалықты үнемі қатаң сақтауы керек, – деді ол.
Мобильдік топтардың жұмысын зиялы қауым өкілдері, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, учаскелік полиция инспекторы, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері жандандыруда. Топ мүшелері осы күнге дейін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде қаланы 374 тонна күл-қоқыстан тазартуға себепкер болған. Бұдан бөлек, 1799 тал-дарақ бұталанған, аялдамалардағы 221 заңсыз жарнама алынып, қалыпқа келтірілген. Осы жұмыстардан кейін де хабарландыру мен жарнамалар жапсыруын тоқтатпаған 50 азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қала аумағының басқа да орындарында (нысан іргелері, ағаштар, бағандар) бейберекет орналасқан 524 жарнама да мобильдік топтың назарынан тыс қалмады. Сондай-ақ 109 жабайы сауда орны сүрілді, заңсыз орналасқан 65 дүңгіршектің орны босап, «қызыл сызықтан» асқан 13 құрылыс нысаны анықталып, бұзылған. Мұнымен қоса, 127 бизнес субъектілерінің ғимараты эскиздік жобаға сәйкес жаңартылған. Енді қаланың шырайын ашуға бағытталған жұмыстар күзге дейін жүргізіледі.
Мұнымен қоса мобильдік топ мүшелері волонтерлермен бірігіп карантин режимін қаперіне алмай жұмыс істеп тұрған 13 шаштаразды анықтап, оларға ескерту берген. Ал бір шаштараз иесіне айыппұл салынған.
Тараз қаласында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 94 жоба жүзеге асырылған. Ендігі кезекте 5664 жұмыс орны ашылып, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға 2822 жұмыс орны қарастырылған. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта бағдарлама аясында жалғасады.

Comments (0)
Add Comment