Telegram мобильді қосымшасында нақты уақыт режимінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасына шағымданудың жаңа тетігі енгізілді.
Барлық келіп түскен шағымдар мен ұсыныстарды жауапты тұлғалар қарастырып, кері байланысты қамтамасыз ету арқылы мәселелерді қысқа мерзімде шешеді.
«EgovKzBot2.0» бот-платформасы арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша шағым беруге, бюрократияны азайту және бизнес-процестерді оңтайландыру жөнінде ұсыныс жолдауға болады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі азаматтарға арналған осы функцияны енгізуге бастамашы және әзірлеуші болды.
Ыңғайлы интерфейсі бар функцияны қолдану арнайы дағдыларды талап етпейді. Енді мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу кезінде күрделі мәселелер туындаған жағдайда азаматтар «EgovKzBot2.0» Telegram-ботына мемлекеттік қызметті беруші мекеменің деректерін енгізіп, өз пікірлері мен ұсыныстарын немесе шағымдарын жібере алады. Мемлекеттік қызметті алу барысында артық құжаттарды талап ету, негізсіз бас тарту немесе уақтылы қызмет көрсетпеу және басқа да фактілер бойынша өтініш жіберуге болады.