Облыс орталығында 1000-нан астам қызмет түрлері біріктірілген жаңа орталық іске қосылды. Бұл тәулік бойы жұмыс істейтін жалғыз орын болып табылады. Тұрғындардың өтінімдері барлық байланыс арналары арқылы қабылданып, әрі қарай мемлекеттік органдарға немесе коммуналдық мекемелерге жіберіледі.
Арайлым Бақытжанқызы
Суретті түсірген Юрий КИМ
«JÁRDEM-109» бірыңғай байланыс орталығының бағыты – тұрғындардың өтініштерін қабылдау, орын алған жайттарды, апаттарды шешуде коммуналдық және жедел қызметтер жұмысын үйлестіру. Аталған әмбебап көмекші каталогінде 1000-нан астам қызмет бар, оларға оператор бірінші қоңыраудан-ақ жауап бере алады. Барлық өтініштер өңделіп, оларға тіркеу нөмірі де беріледі. Қыркүйек айының 2-ші жұлдызында өз жұмысын бастаған коммуналдық мекемеге бүгінгі таңға дейін 276 өтініш түсіпті.
– Біз Тараз қаласының бірыңғай коммуналдық диспетчерлік орталығының қызметін ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мекеменің басты мақсаты – Тараз қаласының тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді көрсету. Коммуналдық-тұрмыстық сипаттағы мәселелер, жергілікті мемлекеттік қызметтер және әкімдіктің қызметіне байланысты басқа да мәселелер бойынша әртүрлі коммуникация құралдары арқылы Тараз қаласы тұрғындары мен қонақтарының өтініштерін қабылдау басталып та кетті. Бірыңғай байланыс орталығы шұғыл қызметтерден басқа барлық сұрақтар бойынша «109» нөмірі арқылы хабарласуға болады, бұл халықтың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартады. Қоңырауды ұялы телефон арқылы шалсаңыз да болады. Барлығы тегін. Бұл жоба Нұр-Сұлтан қаласында тәжірибеден өткен, – дейді «Тараз қаласының бірыңғай коммуналдық диспетчерлік қызметі» КММ-нің директоры Александр Необъявляющий.
Алдағы уақытта «109» қоңырау шалу нөмірінен басқа, «Facebook» және «Telegram» мен «WhatsApp» әлеуметтік желілері арқылы өтініш қабылдау жоспарлануда екен. Төле би көшесі, №35 мекенжайда орналасқан кеңседе 12 диспетчер жұмыс істеп, барлық мәліметтерге онлайн түрде мониторинг жасайды.