Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық азаймай тұр

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетіміздің де беделіне орасан зор нұқсан келтіретіні белгілі.

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу – біздің саясатымыздағы негізгі басымдықтың бірі. Заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Біз соңғы жылдары осы салада бірқатар маңызды қадам жасадық. Себебі қоғамның басты талабының бірі – әділдік пен заң үстемдігін орнату. Бұл жолдағы ең үлкен кедергі сыбайлас жемқорлық екені сөзсіз. Біз осы қоғамдық кеселді қалайда жеңуіміз керек. Бұған қатысты менің ұстанымым өзгермейді», – деген болатын.
Бұл бағытта облысымызда да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Айталық, ағымдағы жылдың 6 айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментімен сыбайластыққа қарсы мәдениетті ілгерілету аясында 146 іс-шара ұйымдастырылды. Түсіндірме жұмыстарының басым бағыты мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, бизнес қауымдастықтары және жастар арасында өткізіліп, онда қоғам дертіне қарсы заңнамадағы өзгерістер, шектеулер, күшейтілген жауапкершілік жөнінде баяндалды. Сонымен қатар жауапты лауазымды тұлғаларды түзеу мекемелеріне апару және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағандардың сот процесіне оның ұжымын қатыстыру сияқты жұмыстар «нөлдік» төзімділікті қалыптастыруға тиімді әсер етуде. Сондай-ақ департамент жемқорлық тәуекелдерін анықтайтын мониторинг пен сыртқы талдау жүргізу механизмдерін де кеңінен қолдануда. Осы орайда есепті кезеңде 10 мониторинг жүргізіліп, оның қорытындысымен 23 сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталғанын айта кеткен жөн. Әсіресе, ауыл шаруашылығы техникаларын тіркеу, елді мекенді сумен қамтамасыз ету, артспорт саласы, автокөліктерді бастапқы тіркеуден өткізудегі тәуекелдер белгілі болды. Атап айтсақ, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын ауыл шаруашылық басқармасының лауазымды тұлғаларының жымқырғаны туралы дерек анықталып, департаменттің тергеу қызметімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Бүгінгі таңда ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармақшасы бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұдан бөлек, департамент күнделікті «Сатып алудың бірыңғай терезесі» арқылы мемлекеттік сатып алуға мониторинг жасауда. Осы бойынша жолданған ұсыныстар негізінде мемлекеттік органдардың мемлекеттік сатып алу жоспарлары қайта қаралып, 326,0 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Мұндай мысалдар баршылық. Бұл тәжірибе сыбайластықтың салдарымен емес, оның алдын алуға бағытталған.
Бүгінде кешенді сыртқы талдау жұмыстары да оң нәтиже беруде. Есепті кезенде Көліктік бақылау инспекциясы, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы және облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметіне сыртқы талдау жүргізіліп, жалпы 46 ұсыныс енгізілген. Мәселен, жүргізілген талдау барысында тек Көліктік бақылау инспекциясының өзіне 21 ұсыныс берілген. Бұл аталған органның ұйымдастырушылық басқару қызметінің төмен екенін көрсетеді. Сол себепті оның басшысы мен үш қызметкері қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жазаға тартылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау деңгейіне келетін болсақ, мекеме басшылары әлі күнге дейін бұл бағыттағы жұмыстарды қадағаламай келеді.
Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 17 хаттама толтырылып, 6,0 миллион теңгеден аса айыппұл салынды. Ерекше айта кетерлігі, бұрын жемқорлық бойынша істі болған азаматтарды жұмысқа қабылдау көбінесе денсаулық сақтау ұйымдарында орын алса, кәсіпкерлікпен айналысуға білім ордаларының басшылары жол берген.
Қазіргі таңда агенттіктің жедел-тергеу қызметінің басымдықтары жүйелі, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстардың жолын кесуді, мемлекетке келтірілген залалдың уақытылы және толық өтелуіне бағытталған. Есепті кезеңде 66 қылмыс тіркелсе, оның 46-ы сыбайластық сипатында. Оның ішінде жемқорлық деректерінің жүйелі түрлері бойынша – 3, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға байланысты – 3, көлеңкелі экономика субъектілеріне лауазымды адамдар тарапынан қамқорлық жасау бойынша – 4 дерек анықталды. Сондай-ақ 54 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның 2-і республикалық, 4-і облыстық, 3-і аудандық деңгейдегі басшылар. Мысалы, ағымдағы жылдың 1 шілдесінде Тараз қалалық №2 соттың үкімімен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының директоры Нұрлан Бықыбаев, директордың орынбасары Ғалия Әлімжанова мен аталған кәсіпорынның бұрынғы бөлім басшысы Жамал Ақпан пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды. Бұл үшеуі экскурсовод қызметіне жұмысқа қабылдағаны үшін 200 000 теңге көлемінде пара алған. Өкінішке қарай, облысымызда парамен жұмысқа қабылдау жағдайы әлі күнге тыйылмай тұр. Жалпы тіркелген қылмыстық істер бойынша 560,3 миллион теңге көлемінде залал келтіріліп, бүгінгі күні оны өндіру бойынша шаралар қабылдануда.
Қорыта айтқанда, былтыр сыбайлас жемқорлықтың азаюының оң динамикасын көрсетсе, биыл тек жыл басынан бері тіркелген қылмыс саны айтарлықтай өсіп отыр. Әрине, департамент жемқорлықпен аяусыз күресе береді. Алайда әрбір азамат сыбайластықтың еліміздің тамырына түскен жегі құрт, ал оны жою баршаға ортақ іс екенін жете түсінгендері жөн.

Ернар Мақажанов,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары

Comments (0)
Add Comment