Жеңісті тарих ұлықтайды, ұрпақ ұмытпайды

Биыл адамзат тарихындағы ең алапат майдан – Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Бұл күн – ерен ерлік пен ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін қасиетті мереке.

Бұл соғыс күллі әлем халқының тағдырында ауыр із қалдырып, миллиондаған адамның өмірін жалмады. Қазақстан халқы да бұл соғыста жанкештілігімен ерекшеленген баршаға мәлім. Салдарынан 1 миллион 200 мыңнан астам азаматымыз майданға аттанып, олардың тек жартысы ғана аман-есен оралды.
Сондықтан ұлы Жеңіс дегеніміз тек әскери ғана емес, әділет пен адамгершіліктің және бірліктің жеңісі. Бұл – ата-бабаларымыздың отаншылдық рухының, батырлығы мен қайсарлығының нәтижесі. Ал бұл тұрғыдағы біздің міндетіміз – өткенге тағзым етіп, ерен ерліктің үлгісін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру.
Осыған орай №56 орта мектебінде ұйымдастырылған «Блиц сұрақ-жауап» танымдық шарасы ұйымдастырылып, жас ұрпақтың Ұлы Отан соғысы туралы білімін тереңдетуге, ата-бабаларымыздың майдандағы ерлігін ұлықтауға, елін сүюге тәрбиелеуге арналды. Оқушылардың зияткерлік қабілетін шыңдап, жедел ойлау дағдысын дамыта отырып, тарихты құрметтеуге, бейбіт өмірдің мәнін ұғынуға мүмкіндік берді. Шара барысында білім алушыларға Ұлы Отан соғысының хронологиясы, батырлары, маңызды оқиғалары мен тарихи деректерге байланысты қысқа әрі нақты сұрақтар қойылды. Бұл тәсіл оқушылардың қызығушылығын арттырып, білімдерін іс жүзінде қолдануға жол ашқаны сөзсіз.
«Блиц сұрақ-жауап» – тәрбиелік мәні зор, мазмұнды әрі ел тарихын тануға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Осылайша арқылы жастарды отансүйгіштікке, ұлттық құндылықтарды бағалауға және тарихи мұраны ұлықтауға баулимыз.

Райда СЕЙДИЛДАЕВА,
№56 орта мектебінің бастауыш пәні мұғалімі.
Тараз қаласы

Comments (0)
Add Comment