Жадыраған жаздың алғашқы күнінен бастап елімізде суға шомылу маусымы басталады. Жаздың аптапқа толы үш айында адамдар салқындау, демалу мақсатында көлге, өзенге, тағы басқа су қоймалары мен бассейндерге шомылуға барады. Алайда қауіпсіздік ережелерін елемеген азаматтар тек өздерінің ғана емес, балалары мен жақындарының да өміріне қауіп төндіретінін ескермейді.
Осындай жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасы жылдар бойы қарқынды жұмыс істеп келеді. Айталық, маусым-тамыз айларындағы шомылу маусымы басталысымен, қала аумағындағы барлық жасанды немесе табиғи түрде пайда болған су айдындарында балалардың және тұрғындардың суға кету жағдайының алдын алу мақсатында Талас өзені маңында, «Қант зауыты», «Хамукат», «Автовокзал», «Шөлдала», «Қарасай» алқаптарындағы су айдындарында және шаһар аумағындағы 20 жекеменшік бассейнде тиісті жұмыстар жүргізіліп, аталған бассейндердің иелеріне судағы қауіпсіздік бойынша ұсыныс хаттар таратылды.
Сонымен қатар төтенше жағдайлар басқармасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе шаһар аумағындағы жасанды немесе табиғи түрде пайда болған су айдындарында іс-шараларды одан әрі күшейтуге арналған жұмыстар кешені жоспарланып, 13 пен 17 жас аралығындағы балалардың арасында қайғылы жағдайларды болдырмау мақсатында каркасты бассейндер сатып алу немесе бассейндерге жолдама беру арқылы балаларды жүзуге үйрету мәселелерін қарастыруға қала әкімдігіне сұраныс хат жолданды.
Бұдан бөлек, ата-аналарға балаларын су айдындарында, бассейндерде қараусыз қалдырмау туралы да ескертілді. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы кішкентай балалар үнемі үлкендердің қарауында болуға тиіс. Сәл ересек жастағы жасөспірімдер өздері су айдынына шомылуға барған кезде суға түсуге рұқсат етілген, қауіпсіздігі сақталған жерлерде шомылуы қажет. Оларға белгі қойылған жерден асып жүзуге болмайтынын, жағадан алыс жүзбеу керектігін егжей-тегжейлі түсіндіру қажет екенін де баса айтқым келеді.
Жалпы облыс әкімінің ағымдағы жылғы 31 мамырындағы №139 «Жамбыл облысының су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшіліктің демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлерді белгілеу туралы» Жамбыл облысы әкімінің 2019 жылғы 7 тамыздағы №168 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулысына сәйкес, Талас өзені «Тектұрмас» аумағы және Тараз-Алматы тас жолымен өтетін көпір маңы қала аумағында жағажай болып бекітілген. Алайда аталған орындарда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйрығымен бекітілген «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының негізгі талаптары мен ережелері» бұйрығына сәйкес, жағажайды медициналық, құтқару бекеттері және құтқару құралдарымен жабдықталмауына байланысты қала әкімдігіне 2024 жылдың 13 тамызында сұраныс шығыс №21-14-22-9/617-И хатымен жолданған болатын.
Сондай-ақ жаз мезгілінде балғындарда бос уақыт көп. Сондықтан асыр салып, аулаға сыймайтын ойын балалары суға шомылуға әуес. Әсіресе жазғы демалыс уақытында олардың белсенділігі артады. Қызық қуған балалардың көпшілігі қауіптің қайдан келерін естен шығаратыны да түсінікті. Ал оның соңы жазатайым оқиғаларға әкелуі мүмкін. Бұл мәселені ескере отырып, осы жылдың 24 сәуірінен бастап қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Жамбыл облысы білім басқармасы Тараз қаласының білім бөлімімен бірлесіп барлық орта білім беру мекемелерінде оқушылармен кездесулер ұйымдастырылып, жоспарға сәйкес 62 мектепте дәрістер жүргізілді. Аталған іс-шараға барлығы 11 320 оқушы қатысты.
Сонымен бірге қала аумағындағы шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған су айдындарында адамдардың қауіпсіздік шараларын сақтау жөніндегі үгіт-насихат жұмыстары ағымдағы жылдың 29 сәуірінен бастап күнделікті ұйымдастырылды. Жазғы шомылу маусымында шаһар аумағында су айдындарында төтенше жағдайларды, адам өлімін болдырмау және алдын алу іс-шаралары барысында Тараз қалалық «Мансап орталығы» арқылы 8 қоғамдық құтқарушы жұмысқа алынып, су айдындарында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Осылайша олар Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, 190 рейд жүргізіліп, 4 500-ден аса жадынама таратылды.
Сонымен қатар халықты ақпараттандыру үшін теле-радио арналарға 17 рет сұхбат берілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында және жергілікті газеттерде 21 жарияланым жарық көріп, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе жұмыс атқару шомылу маусымының аяғына дейін жүргізілді. Себебі халықты барынша хабардар ету жазатайым оқиғаның алдын алуға септігін тигізеді. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 1 маусым күні «Жеңіс» саябағында мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің қатысуымен жедел құтқару жасағы «Жазғы маусымдағы судағы қауіпсіздік» және «Өрт қауіпсіздігі» тақырыптарында флешмоб өткізіп, тұрғындарға арнайы дайындалған жадынамалар таратылды. Сонымен бірге «AMANAT» және «Жаса, жастар» волонтерлық қозғалысымен бірлескен шаһар аумағындағы шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған су айдындарында адамдардың қауіпсіздік шараларын сақтау жөніндегі үгіт-насихат және профилактикалық жұмыстарына 45 волонтер қосылды. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар шомылу айдындарына арналған 30 ескерту тақтайшасын дайындап, қала аумағында 8 баннер ілініп, 1 «дөңгелек үстел» отырысы өтсе, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының қызметкерлерімен бірге жаңадан пайдалануға берілген «Зербұлақ» жағажайында «Қауіпсіз су» атты қауіпсіздік айлығы ұйымдастырылды. Айлық барысында демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, 3 500-ден аса жадынама таратылды.
Өткен жылдардағы сияқты биыл да күннің қатты ысуына байланысты өзен жағасына демалушы тұрғындардың саны көп болды. Осы ретте төтенше жағдайлар мамандары суға түсу ережелерін сақтап, қауіпсіздікті есте ұстауға арналған шараларын бір сәт тоқтатқан емес. Себебі судағы қайғылы жағдайдың басты себебі де осы қауіпсіздік ережелерін сақтамау немес су айдындарында алкогольдік ішімдікті тұтынудан болатыны белгілі. Осыған байланысты жергілікті полиция қызметімен бірлесе күнделікті рейд жұмыстарын жүргізу кезінде полиция қызметкерлерімен суға шомылуға тыйым салынған жерлерде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 364-бабы, су айдындарында алкогольдік ішімдікті қолдану бойынша 440-бабы және азаматтық қорғау қызметкерлерімен 412-бабы бойынша әкімшілік практиканы қолдану арқылы халықтың арасында жұмыстар жүргізілді. Қазіргі таңда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 364-бабына сәйкес, 55 тұлғаға ескерту беріліп, 412-бап бойынша – 21 тұлғаға, 440-бап бойынша 60 тұлғаға айыппұл салынды.
Сонымен бірге ағымдағы жылғы 29 сәуірінен бастап қала аумағында суда шомылуға рұқсат етілмеген жерде рейдтік жұмыстарды жүргізу барысында Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ресми парақшасына 16 бейнеролик және Жамбыл облысы ТЖД ресми парақшасына 16 бейнеролик енгізілді. Аталған бейнероликтер қала төріндегі «МАРТ» сауда кешенінің кинотеатрларында шомылу маусымы аяқталғанша және ТЖБ қызметкерлерінің «Instagram» парақшаларына қоса енгізілді. Сонымен қатар Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен, Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлерінің тікелей қатысуымен бейнеролик әзірленіп, қала аумағында орналасқан ЛЭД-экрандарда, кинотеатрларда көрсетілді. «Шомылу маусымындағы судағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша Тараз қаласы білім бөлімімен бірлесе отырып, №47 орта мектебінде қала аумағындағы мектеп директорлары мен тәрбие жөніндегі орынбасарларымен кеңес сабақ жүргізіліп, барлығы 70 адам қамтылды. Сонымен қатар №16 орта мектебінде қала аумағындағы барлық мектептің оқушыларының қатысуымен интерактивті сабақ өткізіліп, барлығы 4 950 оқушы қатысты.
Жалпы шомылу маусымы кезеңінде төтенше жағдайларға ден қою үшін басқарманың жедел құтқару жасағының күштері мен құралдары әзірлікке келтірілді. Жедел құтқару техникалары, жүзу құралдары, сүңгу құрал-жабдықтары, жеке құрамның жабдықтары, құтқару құралдарының пайдалану дайындығы тексерілді. Жоғарыда көрсетілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде, 2024 жылдың жазғы шомылу маусымында суда жазатайым оқиғалар болған жоқ.
Ал өткен жылдарға көз жіберсек, 2021-2022 жылдың шомылу маусымының аяғына дейін де қала аумағында жазатайым оқиға, яғни су айдындарында тұрғындардың қаза болу жағдайы тіркелмеген еді. Алайда, өкінішке қарай, өткен жылдың 31 шілдесінде Тараз қаласы «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ аумағында орналасқан Талас өзенінде 2 жазатайым оқиға тіркелді.
Апаттың айтып келмейтіні тәрізді төтенше жағдай да тосыннан туындайды. Сондықтан да ағымдағы жылдың аяғына дейін күзгі аң аулау мен балық аулау маусымының ашылуына байланысты жазатайым оқиғасыз өткізу мақсатында Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып қала аумағындағы жасанды немесе табиғи түрде пайда болған су айдындарында іс-шараларды одан әрі күшейтуге арналған жұмыстар кешенін әзірлеп, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді.
Ербол АМИРОВ,
Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы,
азаматтық қорғау полковнигі