«Таразға тарту» жобасы аясында көне қаланың келбеті асқақтап, күн санап көркейіп келеді. Облыс орталығында саябақтар мен скверлер ашылуда. Соның бірі – облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының демеушілігімен даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың құрметіне салынып жатқан демалыс орны.
Сквердің жалпы ұзындығы – 350, ені – 20 метр. Бүгінде күні демалыс алаңына брусчаткалар төселіп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ скверді абаттандыру үшін талапқа сай орындықтар, жарық бағаналары, қоқыс жәшіктері орналастырылған. Қазіргі уақытта жеміс ағаштары егіліп, төрт түлік малдың мүсіндерін орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, скверде атақты шопан, 2 мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың барельеф бейнесі қойылмақ.
Сквердің ашылуы қазан айының соңына жоспарланып отыр. Іс-шара барысында атақты шопанға арналған барельефтің лентасын қиюдан бөлек, сквер орналасқан көшеге Жазылбек Қуанышбаевтың атын беру салтанаты өткізіледі деп күтілуде.
Құралай Сейсенбекқызы