Жаз айында балаңыздан көз жазбаңыз!

Жаз басталды дегенше, сайран басталды дегейсің. Күннің қызған, оқудың аяқталған тұсында 9 ай бойғы әуре-сарсаңнан қажыған балалар өзен-көлдер мен жағалауларға ағылады. Ал олардың қауіпсіздігі көп жағдайда екінші кезекке ысырылып қалатыны жасырын емес.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Сауық құрған балаға тұсау сала алмаймыз. Салқын суға бой сергітпек ниетпен су атасы Сүлейменнің қаһарына ілігіп, иірімге түсіп не жүзудің жөнін білмегесін ата-аналарын сан соқтырып кетіп жатқан жас өрендеріміздің саны жыл сайын көбеймесе, азаймай тұр. Бұл – шомылу маусымы басталған шақтан орын алатын қорқынышты құбылыс. Биылдың өзінде облыста маусым ресми түрде ашылмай жатып, 6 адам өмірімен қоштасқан.

Жеке меншік бассейндер жайы
Шаһардың көркі келісіп, ажары айқындала түскен сайын жеке меншік көңіл көтеру орындары мен хауыздардың саны күн санап артып келеді. Кәсіпкерлердің қалтасы үшін жастардың сауығымен жан баққан олжа, әрине. Алайда мұндай жеке меншік орындарға Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тексеріс жүргізуге қауқарсыз болып отыр. Себеп те түсінікті: жеке меншік орынға бұйрық жүрмейді. Қалтаңызда басы артық 2000-3000 теңге ақша болса, балаларыңызды ертіп хауыздың қызығын таңнан кешке дейін көре аласыз. Тіпті қала аумағында ересектерге 500, балаларға 200 теңгеден төлеп, таңның атысы күннің батысына дейін шомылуға мүмкіндік беретін орындар бар. Жайлылық пен тазалық сіз үшін маңызды болса, 5000 теңге төлеп, бір сағат бойы жаныңызды сергіте аласыз. Шаһарда мұндай да орындар жетіп артылады. Демалыс аймақтары мен шағын хауыздар тұрғындар үшін өте қолайлы. Аптап ыстықтан зәрезап болған адам алыстағы өзен-көлге сабылмай, жеке көлікпен жақын маңдағы демалыс орнына жетіп барады. Алкогольді ішімдік тұтынса да шешімі оңай. Такси қас қағым сәтте шақырған жеріңізде күтеді. Алайда мұндай «май шелпектің» өз кемшілігі бар. Бұл – мәдениеттің жоқтығы. Ағзасына арақтың демі барған адам өз-өзін басқара алмайтыны бесенеден белгілі. Ал хауыздарда адам санына шектеу қойылмайды. Сол себепті де ыңғайсыз күйге ұшырамас үшін көпшілік шаһар сыртындағы өзен-көлдерді демалыс аймағына айналдыруға мәжбүр.
Өңір аумағында Шу, Талас, Аса өзендері сарқырап ағып жатыр. Жаз болса, жағасынан адам арылмайды. Каналдар мен су қоймалары да тұрғындар назарынан тыс қалған емес. Сонымен қатар өңірде 102 шағын су айдыны орналасқан. Көпшілікті ондағы қауіпсіздіктің төмен деңгейі де, өміріне төнетін қауіптің жоғары екені де алаңдатпайды. Мысалы, Талас өзенінің бойында шомылуға тыйым салынған. Алайда жаз болса, жағасында топырлаған баладан көзіңіз сүрінеді. Маусымның ашыла сала әлеуметтік желідегі жаңалықтар тізбесінен «кілем жууға барып, көз жұмды», «ағын суға батып кетті, тұншығып қалды» сарындас ақпараттардан жаға ұстаймыз. Осының бәрі – немқұрайлылық пен жауапкершіліктің төмендігінен орын алатын жағдайлар. ТЖД мамандары Талас өзенінің бойына рейдтік жұмыстарды жиі жүргізеді. Демалушыларға ескерту жасап, жергілікті полиция қызметі сақтық шараларын белсене атқарады. Сала мамандары тарапынан барлық жағдай жасалған. Бұл – жыл сайын орындалатын үрдіс. Шомылу маусымы басталады. Құтқару, төтенше жағдай қызметтері тікесінен тік тұрады. Әлбетте, бұл олардың борышы һәм парызы. Ал бетімен кеткен балаға кім ие, кім қожа? Әрине, ата-ана бас-көз болуы тиіс. Бос уақытты қамтамасыз ету үшін баланы хауызға не жағалауға беталды жіберіп қойып, ұл-қызынан айырылып қалған әке-шеше аз емес. Сол себепті де ата-ана бала өмірінен бағалы ешқандай құндылық жоқ екенін жете түсінуі тиіс.

«Өзім би, өзім қожа»
Хауыз сөзі қолданысқа енгелі 6-7 ғасыр өтті. Тарихты қазбалаудың өзіндік себебі бар. Ежелгі дәуірлерде бай-манаптардың ордаларында ғана болған хауыздарды бүгінде жеке аумағы бар әрбір азамат өзіне қолайлы етіп жасай алады. Қауіпсіздік деп жан ұшырған маман да тыныш, бала өміріне алаңдаған ана да тыныш. Әлбетте, барлығы дерлік мұндай мүмкіндікке ие емес. Бұл – салқын су мен сергектікті жаны сүйетін жандарға қарапайым ғана кеңес. Әр бала өзінің жеке демалыс орны мен жеке хауызы болғанын армандайды. Хауыз жасауға көп күш кетпейді. Құрылыс пен математикадан хабары бар әр адам мұның жолын таба біледі. Ауладағы хауызда күнде қыздырынып жатып, жаздың рахатын сезіну – бүгінде ешқандай ерекшелік емес, күнде көріп жүрген көрініс. Егер жерді қазып, ішін суға толтыру қиындық тудырса, бүгінгі нарықтан дайын жылжымалы хауызды оп-оңай табасыз. Құрастыру тәсілдерін жетік меңгерсеңіз, аулаңызда тегіс орын болса, көп мәселенің шешімін тез табасыз. Балаңыз да дін аман, көңіліңіз де тыныш. Бір жақсысы, бұл хауыздардағы судың тазалығы мен температурасын да өзіңіз жіті бақылауда ұстай аласыз.

Құтқару қызметінің қауқары
Жазғы демалыс, шомылу маусымы жанға рахат сыйлайды. Бұл даусыз. Жоғарыда атап өткеніміздей, қауіп те аяқ астынан. Жаз мезгілінде өмірден озғандардың дені – көбіне ағын су мен хауыздан зардап шеккендер. Ресми деректер осылай дейді. Бүгінгі күннің өзінде Жамбыл облысына суға батқандардың саны 6-ға жетсе, оның үшеуі кәмелетке де толмаған жас бала. Бұл жағдай турасында Төтенше жағдайлар департаментінде өткен баспасөз конференциясында ақпарат алдық.
– Шу ауданында кішкентай бүлдіршін суға батып кетті. Тағы бір екі жасар сәби ата-анасының көз алдында үй маңындағы ағын суға түсіп кеткен. Тағы бір оқиға «Қапал» қаналында орын алды. Онда балалар осы каналдың қарсы бетіне жүзіп өтпек болады. Балалардың бірін канал маңында кетіп бара жатқан тұрғындар құтқарып алған, ал екіншісін, өкінішке орай, құтқару мүмкін болмаған, – дейді Жамбыл облысы бойынша ТЖД басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Сабыров.
Өткен жылғы көрсеткіштер де көңіл көншітпейді. Суға батып, көз жұмғандардың саны 21 болса, оның 13-і балалар. Ал 2017 жылы жағдай бұдан да ауыр болған. 33 адамның өмірмен қоштасуына ағын су себепкер болса, оның 21-і жап-жас балалар. Биыл ағын судан көз жұмғандардың пайыздық көрсеткіші төмен, 39 пайызға азайды деп қуануыңыз мүмкін. Алайда адам шығынының орнын ештеңемен толықтыра алмаймыз. Өрімдей жас балалардың тым ерте ажал құшуы – үлкен қасірет. Ең сорақысы, бұл жағдайдың барлығы дерлік жауапкершіліктің төмендігінен орын алып жатыр. Қалай болғанда да, баланың аты – бала. Ойын баласының бір орында тұрмайтыны белгілі. Алайда өмір одан да қымбатырақ. Ішімдіктің буымен өз тәнін басқара алмай, ағын судың айбарына ұшырағандардың халі де өзекті өртейді.
Облыстық ТЖД-да осы мәселеге байланысты түрлі кездесулер ұйымдастырылады. Оқу жылының соңғы айында 14000 оқушы қамтылған 156 кездесу өткен. Аталмыш шаралардың барлығында суға шомылу кезеңіндегі сақтық шаралары кеңінен қамтылды. Сондай-ақ суға кетіп бара жатқан адамды көрген жағдайда қандай әрекетке баруға болатыны жасөспірімдерге жан-жақты түсіндірілген.
Бүгінгі таңда облыстық әкімдікке шомылуға рұқсат етілген су айдындарын анықтайтын құжат әзірленіп, ұсынылған. Департамент мамандары құжатқа дұрыс баға беріліп, қол қойылады деген үмітте. Бұл тұрғындардың қауіпті аймақтарда суға түсіп, өмірмен қоштасу қаупін азайтпақ. Сондай-ақ бұл орындарда арнайы бақылау жүргізетін мамандар да белсенді жұмыс жүргізбек. Су айдындарында қауіпсіздік жұмыстарын жүргізетін волонтерлар тарту мәселесі де қаралуда.
Бір оқпен қос қоян атудың да тетігі жоқ емес. Бүгінде еңбек нарығы жұмыссыз жастардың есімдерінен көз ашпай тұр. Тепсе темір үзетін жастарды арнайы оқытып, құтқару қызметіне баулуға әбден болады. ТЖД-да өңірдегі су айдындары мен өзен-көлдерде, жағалауларда құтқару қызметімен айналысатын 70 маман жұмыс істейді. Өңір аумағындағы шомылу орындарын есепке алсақ, бұл көрсеткіш жыртығымызды жамауға да жарамай тұр. Сол себепті де ТЖД волонтерлардың көмегіне зәру. Айта кетерлік жайт, жеке меншік бассейн иелерінің қауіпсіздік шараларын тексерту үшін мекемеге сұраныс жіберуге толық құқы бар. Өкініштісі де сол, шомылу маусымы басталғалы мұндай мазмұнда ешқандай сұраныс келіп түспеген.
Гаджеттер мен жаңа технологиялардың дамыған тұсында тұрғындар үшін арнайы қолданба жұмыс істейді. Мұны қолында смартфоны бар әрбір азамат қолдана алады. Аталмыш қосымшада төтенше жағдайлар туралы хабарламалар, құтқару мен қауіпсіздік шаралары толықтай көрсетілген. Бұл – Төтенше жағдайлар департаментінің алматылық әріптестері әзірлеген қолданба. Тараздық мамандар әзірге қосымшаны тесттік режимде пайдаланып жүр. Ал өз өңірімізге арналған қосымша жақын күндері жүйеге енгізілмек.
Түйін: Жайдары жаздың қызығы – жанға сергектік сыйлайтын салқын су мен аптап ауа. Бір күндік жан рахатына бөлену сәтінде қауіпсіздік ережелері мен төтенше жағдайдың алдын алу шаралары да қаперде тұруы тиіс. Бұл қоғам игілігі мен балалардың амандығы үшін қажет. Ал екі қолға бір күрек іздесеңіз, ТЖД-ға келіп, волонтер болуға асығыңыз. Бір адамның өміріне араша болуыңыз әбден мүмкін. Мемлекет үшін әр адамның өмірі үлкен капитал екенін есте ұстаған ләзім.

Comments (0)
Add Comment