Жамбыл облысында өткен жылы 71 нысанның құрылысы мерзімінде аяқталмай, бұқараның да, билік өкілдерінің де бас ауруына айналып отыр. Сағызша созылған құрылысқа жауапты сала мамандары мердігерлерді кінәласа, сенімге селкеу түсірді делінген серіктестіктер барлығын құрылыс материалдарының қымбаттауымен байланыстыруда. Осылайша тараптар «сен салар да, мен салардың» керін келтіріп жатқанда, одан қарапайым халық жапа шегуде.
Ақшаны ерте аудару әдетке айналды
Негізі, құрылысы аяқталмаған нысанға әкімдіктегілердің ақшаны ерте аударып жіберуі әдетке айналғалы қашан. Содан қаржыны қалтаға басқан мердігер жоспарлы жұмысты дер кезінде аяқтамады деп соңынан қуып алашапқын болып жүреміз. Мәселен, Мойынқұм ауданы, Айдарлы ауылында салынып жатқан спорт кешенінің қаңқасы енді қаланып жатса, аудандық құрылыс бөлімі жоба бойынша белгіленген 340,4 миллион теңгенің 325,3 миллион теңгесін серіктестіктің есепшотына аударып жіберген. Енді қалған 15 миллион теңгеге кешен құрылысы сапалы аяқталады дегенге сену қиын.
Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ, аталған спорт кешенінің құрылысы 2022 жылы басталып, 2023 жылдың соңында аяқталуға тиіс болатын. Алайда «Нұрбек» ЖШС жұмысты енді бастай бергенде «Тунас» ЖШС конкурстың қорытындысына наразылық танытып, сотқа берген. Сот 2022 жылдың тамыз айынан желтоқсан айына дейін созылып, бұл аралықта құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Содан желтоқсан айында сот ісі аяқталып, жеңімпаз серіктестік құрылысты опыр-топыр бастаймын дегенде қыс түсіп кетеді. Сөйтіп, құрылыс жұмыстары тағы 2023 жылдың наурыз айына дейін тоқтайды. Нәтижесінде, аталған нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталмаған. Соған қарамастан аудандық құрылыс бөлімі серіктестіктің ақшасын аяқталмаған жұмысы үшін аударып жібергені таңғалдыруда. Бұған қатысты аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Тұрсынхан Жаманқұлов өз уәжін айтады.
– Құрылыс басталғалы бері үшінші жылға кетіп барады. Жобаның іске асуы 11 ай деп көрсетілгенімен, серіктестіктер соттасып, одан қалса қыс айы келіп қолды байлады. Содан жобалаушылар мен техникалық қадағалаушылардың қатысуымен хаттама жасалып, келісімшартқа өзгеріс енгізіліп, аяқтау мерзімі 2024 жылдың 31 шілдесі деп өзгертілді. Ал мердігерге қаржыны ерте аударып жіберуіміз серіктестік қымбат құрылыс материалдарына ұрынып қалмауы үшін барлық қажеттіні былтыр сатып алып қоюы үшін жасалды. Қазір материалдар қамбада сақталып тұр. Бұдан басқа мердігер қосымша қаржы сұрап отырған жоқ. Жобада бастапқыда көрсетілген қаржыға нысанның құрылысын аяқтап береді, – дейді бөлім басшысы.
Әрине, құрылысқа ерте бастан қамданған дұрыс-ақ. Алайда бұл қаншалықты заңды? Бекітілген заңдық талап бойынша тапсырыс беруші аяқталған құрылыс жұмыстарының қаржысын акт бойынша аударуы керек емес пе? Ертең бұл аударымды құзырлы органдар тексеріп, оны заңсыз деп тапса, құрылыс жұмыстары тағы тоқтап қалмасына кім кепіл?
Балалар спорт залда оқып жатыр
Мойынқұм ауданында жыры бітпеген тағы бір нысан – Бірлік ауылындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектептің күрделі жөндеуі. Аталған нысанның құрылысы 2023 жылдың мамыр айында басталып, жыл соңына дейін бітуге тиіс еді. Алайда тендер жеңімпазы «Dauren Build» ЖШС-нің жауапсыздығынан құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін созылуда. Мердігердің айтатын уәжі – құрылыс материалдары Алматы қаласынан кешеуілдеп жатқан көрінеді. Бірақ бұл сылтаудан билік өкілдері де, бұқара да әбден мезі болған.
Күрделі жөндеу жұмыстары дер кезінде бітпегендіктен, қазір оқушылар жақын маңдағы спорт кешенінің залында оқуға мәжбүр. Ал бұл ешқандай білім беру стандартына сай келмейтіні айтпаса да түсінікті. Оған қоса ортасын фанерамен бөліп қойған спорт залда ұстаздар мен оқушылардың дауысы жаңғырып, білім ошағын емес, базарды елестетіп тұр. Бұл нысан бойынша да тапсырыс беруші Мойынқұм аудандық білім бөлімі қаржыны ерте аударып жіберген. Қазір тек 25 миллион теңгесі қалып отыр. Білім бөлімінің басшысы мердігерді сотқа бергендерін айтуда. Сондықтан бұл нысанның да құрылысы бүгін-ертең бітеді дей алмаймыз.
Жобаның кешіккеніне кім кінәлі?
Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы ауылындағы спорт кешенінің де құрылысы былтыр бітуге тиіс болатын. Алайда әлі күнге бауын тапса, байлауын таппай отыр.
Кешеннің құрылысы 2021 жылдың 4 қазанында басталған. Жоба құны 306 372,0 мың теңге болса, жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2022 жылдың қыркүйек айында аяқталуға тиіс болатын. Бірақ бүгінге құрылыс-монтаждау жұмыстары тек 67 пайызға орындалып отыр. Құрылыс жұмыстарын жауапкершілігіне алған «Әділ-құрылыс» ЖШС қаралған қаржының 234,6 миллион теңгесін игерген. Енді қалған 71,8 миллион теңгеге серіктестік құрылыс жұмыстарын аяқтай алмайтынын айтып, тағы қосымша қаржы сұрауда. Оның себебін серіктестік құрылыс материалдарының қымбаттап кетуімен түсіндіруде. Алайда тапсырыс беруші мердігердің талабымен келіспей, оны «жосықсыз» деп тану үшін сотқа арыз түсірген. Бұл жерде де тараптардың кикілжіңінен халық жапа шегіп отыр.
P.S. Міне, байқап тұрсаңыздар, құрылыс саласында осындай шешімін таппаған мәселелер шаш етектен. Бір тұста мердігер компаниялар жауапсыздық танытып, сенімге селкеу түсірсе, екінші жағынан, тапсырыс берушілер қаржыны ерте аударып жіберіп, жағдайды тағы қиындатуда. Енді мұндайда қайтпек керек? Бәлкім, бұл мәселені әкімдік дәлізінде ғана айтып қоймай, үлкен мінберге шығару керек шығар? Сол кезде халықтың үні мен мұңы тиісті құлаққа жетіп жатар.