Жауапкершілік жүктейтін ұлы сапар

Қажылық – араб тілінде «әл-хажжу» деп аталады. Тілдік мағынасы «ұлық тұтқан нәрсеге талпыну және ниеттену, оны мақсат тұту» деген сөз. Құран Кәрімде қажылық жайлы бірнеше аят келген. «Әли Имран» сүресінің 97-аятында: «Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы. Ал кімде-кім күпірлік жасап, қажылықты жоққа шығарса, біліп қойыңдар, Алла ешкімге мұқтаж емес, керісінше бүкіл ғалам Оған мұқтаж», – деген.
Кез келген құлшылықта даналық пен сыр бар. Қажылықтың да Исламдағы орны жоғары. Адамға берер пайдасы да, даналығы да өте мол. Бұл қасиетті сапар кімге нәсіп болса, ол Алланың пендесіне деген кеңшілігі екенін білуі қажет. Өйткені Алла Тағала: «(Уа, Мұхаммед!): «Оларға: Бұл тек Алланың шексіз шарапаты мен рақымының арқасы. Ендеше, (адамдар) осыған қуансын! Өйткені бұл олардың бүкіл-жиған тергенінен әлдеқайда артық», – деп айт», – деген («Жүніс» сүресі, 58-аят).
Қажылық – пенденің Аллаға деген махаббатын арттыратын құлшылық. Қасиетті Құранда: «Әйтсе де кезінде Ибраһимге қасиетті үйдің (Қағбаның) орнын белгілеп бергенімізде оған: «Маған еш нәрсені серік етіп қоспа. Үйімді тауап ететіндер мен онда қиямда (тік) тұрып, рукуғ жасап, сәжде етіп құлшылық жасайтындар үшін таза ұста», – деп, бұйырған едік», – деген («Хаж» сүресі, 26-аят).
Қажылық әлем мұсылмандары арасына сүйіспеншілік орнатады. Ол жерде болған адам барлық мұсылмандардың түсіне, тіліне, ұлтына, жеріне, еліне, дүниесіне, денсаулығына қарамай бір киімде, бір жерде, бір уақытта, бір құбылаға бет бұрып, бір Аллаға жалбарынады. Жер бетіндегі күллі мұсылманның бір дене іспетті екенін сезініп, Алла Тағаланың «Шын мәнінде мүминдер бір-біріне туыс» («Хұжұрат» сүресі, 10-аят) деген ақиқатын көзбен көреді.
Қажылық барлық құлшылықтың түрін қамтиды. Намаз, садақа, құрбан шалу, тауап, Құран оқу, зікір ету, дұға тілеу, истиғфар және т.б. барлығы бір жерде орындалады. Қажылық – пендені тәубеге келтіріп, күналардан тазартатын құлшылық. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға шынайы тәубе етіңдер. Сонда Раббыларың жамандықтарыңды жойып, астынан өзендер ағатын жұмақтарға кіргізеді», – деген («Тахрим» сүресі, 8-аят). Сондықтан қажылық – өткеніне тәубе етіп, кешірім сұрайтын мекен.
Қажылық – жәннатқа апарар жол. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Бір ұмра (кіші қажылық) екінші ұмраға дейінгі аралықта жасалатын күнәларға кәффарат, ал қабыл болған қажылықтың сауабы – тек қана жәннат», – деп сүйіншілеген (Мүслим).
Қажылық – Арафат. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құдси хадисте былай деген: «…Сенің Арафатта тұруыңа қатысты айтар болсақ, онда Алла Тағала періштелердің алдында мақтан тұтып, былай дейді: «Құлдарым жәннатымды қалап, Маған әр жақтан шашы ұйпалақтанған (жол жүріп, шаршап шалдыққан) күйде келді. Егер олардың күнәлары майда тастардың, жаңбыр тамшыларының және теңіз көбігінің санындай (көп) болса да, Мен оларды кешірер едім! Уа, Менің құлдарым! Сендерге кешірім сый етілді!». Сол үшін кімде-кім аман-есен Арафатқа жетсе, оның күнәсі кешіріліп, дұғасы қабыл болады.
Осы орайда қажылықтың әдептеріне тоқталсақ. Біріншіден, қажылықты Алланың разылығы үшін ықыласпен орындау керек. Рия, атақ, мақтанудан аулақ болған абзал. Себебі Алла Тағала ықыласпен орындалған құлшылықты ғана қабыл етеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында әрбір амал ниетке байланысты», –деген (Бұхари, Мүслим).
Екіншісі, шынайы тәубе ету. Істеген күнәсі үшін өкініп, оған қайта оралмауға бел буады. Қаза еткен ораза, намазын орындайды. Пенденің ақысына кірген болса, алған мүл-дүниесін иесіне қайтарып, олардың разылығын алады. Ғайбат айтқан болса, кешірім сұрайды.
Үшіншісі, біреудің аманаты болса оны иесіне тапсыру.
Төртіншісі, қарызынан құтылу. Борышкердің қарызын өтейтін қаражаты болмаса, онда оған қарыз берушінің рұқсатынсыз қажылыққа баруы мәкруһ саналады. Сондай-ақ оған кепіл болған адамның да рұқсатын алу керек. Егер қарызды ұзақ мерзімге алған болса, ол уақыттан бұрын қажылыққа шыға береді. Қарыз беруші оған тыйым сала алмайды.
Бесіншісі, қажылыққа барып келгенше бала-шағасы, ата-анасы секілді нәпақа беруге міндетті адамдарды қаражатпен қамтамасыз ету. «Әл-Мухит» кітабында былай делінген: «Егер әйелі, бала-шағасы, сондай-ақ нәпақа беруге міндеттелген адамдар оның қажылыққа баруын құптамаса, бірақ олардың құрдымға кетуіне ешқандай қауіп болмаса, қажылыққа шығуының оқасы жоқ».
Алтыншысы, қажылыққа баратын қаражаты адал кәсіптен болуы. Өсім, харам акциялардан тапқан, зұлымдықпен алынған қаражатпен қажылыққа барудан аулақ болу керек. Ондай қаражатпен қажылық парызы мойнынан түскенімен, мәбрур қажылық болмайды, қабыл болмауы да мүмкін. Яғни сауабы болмайды, алайда ақыретте қажылықты орындамады деген жазамен жазаланбайды.
Жетіншісі, сапарға салиқалы, жақсылыққа демеу болатын адаммен шығу. Өйткені салиқалы адам Алланы ұмытсаң, еске түсіреді, Алланың еске алсаң, көмектеседі. Бір нәрседен қорықсаң, жігерлендіреді. Әлсіреп қалсаң, аяққа тұруға көмектеседі. Қайғырып, мұңайсаң, сабырға шақырады. Сапарға шығып жатқанда жолдастарымен, көршілерімен қоштасып, олардан өзі үшін дұға етуді талап етеді. Сүннет бойынша қоштасып жатқанда: «Алладан саған дініңді сақтауды, аманатқа берік болуды жəне соңғы сəтің қайырлы болуды сұраймын», – деп дұға етеді (Термизи, Əбу Дəуіт). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сəлемі болсын) сапарға шығып жатқан адамға: «Алланың қорғауында, бақылауында бол (Алла жар болсын). Алла тақуалығыңды арттырсын, күнəларыңды кешірсін жəне қайда болсаң да жүзіңді жақсылық жаққа бағыттасын», – деп айтқан (Термизи).
Сегізінші, үйден шығарда екі рəкəғат намаз оқу. Бірінші рəкағатында «Фатиха» сүресінен кейін «Кафирунды», екінші рəкағатта «Ықыласты» оқиды («Ихия улуми əд-дин», 1/254). Намаз оқып болған соң екі қолын көтеріп, ықыласпен: «Уа, Алла! Сапардағы жолдасым Өзіңсің! Сондай-ақ отбасыммен, мал-дүниеммен, жолдастарыммен қалған да Өзіңсің. Бізді жəне оларды барлық апаттан, ауру-сырқаттан сақтағайсың. Уа, Алла! Біз Сенен осы сапарымызда ізгілікті, тақуалықты жəне Өзің разы болатын іс-əрекеттер жасауымызды сұраймыз. Уа, Алла! Біз Саған сапардың
ауыртпашылықтары мен мұңлы көріністерінен, сондай-ақ отбасыма, мал-мүлкіме, бала-шағама қаралы қайтудан Өзіңе сыйынамын», – деп дұға етеді.
Тоғызыншы, үйдің есігінен шығып жатқанда былай деп дұға ету: «Алланың атымен, Аллаға тəуекел еттім. Алла Тағаланың күш-қуатынан асатын ешқандай күш-қуат жоқ. Уа, Раббым! Мен адасуымнан немесе адастырылуымнан, қорлаудан немесе қорлануымнан, өзімнің қателесуімнен не қателікке ұшыратылуымнан, зұлымдық жасауымнан немесе маған зұлымдық жасалуынан жəне надандықта болуымнан немесе маған надандық жасалуынан Өзіңе сыйынамын. Уа, Алла! Мен тəкаппарлану, даңдайсыну, біреулер көрсін не естісін деген мақсатпен шыққаным жоқ. Бəлки қаһарыңнан сақтану, разылығыңды табу, парыз еткендеріңді орындау жəне Пайғамбарыңның (оған Алланың салауаты мен сəлемі болсын) сүннетіне ілесу ниетімен шықтым» (Термизи, Əбу Дəуіт, Ибн Мəжа, Ахмад). Үйден шықпас бұрын садақа берген жақсырақ.
Оныншы, көлікке мінгенде «Зухруф» сүресінің 13-14 аяттарын оқу: «Мұны бізге бағындырған (Алла) Пəк! (Олай болмағанда), біз оған жақындай алмаушы едік. Əрі, расында, біз (өлген соң), сөзсіз, Раббымызға қайтамыз!» (Мұхаммад Жамалуддин əл-Қасими, «Мəуғизату əл-муминин мин ихия улумид-дин», 116-117).
Он бірінші, жолда, биікке көтерілгенде, төмен түскенде зікір, тəһлил, тəсбихты жиі айту жəне дəретпен жүру.
Он екінші, жаман сөз, бұзақы іс жəне жанжалдан аулақ болу. Бұл – үйінен шығып қажылық амалдарын тəмамдағанша маңызды істердің бірі. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Кім сол айларда қажылықты (ихрам байланып) міндеттенсе, онда қажылықта (жұбайымен) жақындасу, пасықтықтар (күнəлар), дау-дамайлар (жасауға) болмайды» («Бақара» сүресі, 197-аят).
Он үшінші, қаражатты жолда əлсіздерге, кедейлерге көмектесетіндей көбірек алу жəне ысырапсыз əрі қатты үнемдемей жұмсау. Өйткені «ысырапта жақсылық жоқ, жақсылықта ысырап жоқ» делінген. Қажылыққа баратын жолға қаражат шығару Алла жолында жұмсаған болады. Бір дирһамға жеті жүз дирһамның есесі жазылады. Ибн Омар: «Қажылардың абзалы ниеті – халыс, нəпақасы – халал, сенімі мықты болғаны», – дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сəлемі болсын): «Мəбрур қажылықтың сыйы – тек жəннат», – деген болатын. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Қажылықта жасалатын ізгілік қайсы?» – деп сұрайды. Ол: «Жақсы сөз, мұқтажды
тамақтандыру», – деп жауап береді (Хаким).
Он төртінші, қажылыққа барар алдында білімді, дана адамдармен, бұрын қажылыққа барған адамдармен ақылдасып, кеңес алуы керек («Любəбу əл-мəнəсик уə убəбу əл-мəсəлик», 49-56).
Он бесінші, қажылықтан келген адамға дұға жасау. Ибн Омардан жеткен риуаятта былай делінеді: «Бір бала Пайғамбарымызға келіп: «Мен осы жылы қажылыққа баруға ниет етіп отырмын», – дейді. Алла елшісі онымен бірге жүріп оған: «Уа, балақай! Алла сенің тақуалығыңды арттырсын, жүзіңді жақсылыққа бағыттасын жəне қайғыңды сеілтсін», – деп дұға етеді. Бала қажылықтан қайтып келіп, Пайғамбарымызға сəлем береді. Сонда ол: «Уа, балақай! Алла қажылығыңды қабыл етсін! Күнəңді кешірсін, жұмсаған қаражатыңның есесін толтырсын», – дейді» (Ибн Сунни, «Əмəлу əл-яуми уə лəйлə», 316). Əбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сəлемі болсын) былай дейді: «Уа, Алла! Қажыларды жəне олардың жарылқап жатқандарын кешірім ет» (Нəуауи).
Алла Тағала қажылық сапарына аттанғалы отырған барша ағайынның қажылығын қабыл, құлшылығын жеңіл етсін!
Қажылық – ұлттар арасындағы теңдіктің іс жүзіндегі көрінісі. Өйткені мұсылмандар қажылық кезінде бай-кедей, білімді-білімсіз, ұстаз-шəкірт, барлығы да ихрам киімін киіп, бəрі бірдей ақ түсте жүреді. Сондықтан қажылық – мұсылмандар үшін сабыр мен талпынысты үйрететін үлкен рухани мектеп. Пенде осы мезеттегі рухани мектеп арқылы нəпсінің тізгінін тартып, бірін-бірі сыйлап, сыпайылық танытады. Қажылық мұсылмандарды рухани тұрғыда байытып, жауапкершілік сезімін сездіртетін – ұлы сапар.
Алла Тағала қажылық сапарына аттанғалы отырған барша ағайынның қажылығын қабыл, құлшылығын жеңіл етсін!

Батыржан МАНСҰРОВ,
дін саласының маманы

Comments (0)
Add Comment