Жаттығудағы жарылыстан 3 сарбаз мертікті

Жамбыл облысында снаряд жарылып, 3 жауынгер жарақат алды .

KTK арнасының мәліметінше, оқиға Жамбыл облысындағы «Айша бибі» әскери полигонында болған. Ауруханаға жедел жеткізілген Ұлттық ұланның бір жауынгері Шымкентке жіберіліп, бірі Тараздағы жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Ал 26 жастағы офицердің аяғы сынған.

Дәрігерлер «Ота жасалған қос жауынгердің беті бері қарады» – дейді.

Ақпаратқа сәйкес, Тараз маңындағы полигонға жауынгерлер Ұлттық ұланның Шымкенттегі әскери бөлімінен келген. Оқу-жаттығу жиыны кезінде кенет артиллериялық қарулардың бірі дұрыс атылмай, 82 милиметрлік снаряд офицерлердің қасына құлаған. Қазір әскери полиция осы оқиғаға қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Ал жазатайым жағдайды командирлер көзбен көрсе де, оқиғаның қалай болғанын ашып айтпай отыр.

Марат Рахпанов, ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 6506 әскери бөлімінің командирі:

– Оқу-жаттығу кезінде артиллериялық қаруды жоспарлы ату кезінде снаряд жарылды. Тергеуді Тараз гарнизонының әскери полициясы жүргізіп жатыр. Ал минометтердің барлығы қолдануға жарамды. Қанағаттандырарлық күйде. Офицерлер жарақатынан айыққан бойда қатарға қайта қосылады.

Comments (0)
Add Comment