Қаралы қаңтар оқиғасына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланып, шұғыл жағдай болмаса, көпшілік үйінен сыртқа шығуға үрейленіп қалғаны жасырын емес.
Аға буын, әсіресе, жасөспірімдер мен жастарды көшеге шықпауға үндеп, қақтығыстар кезінде жазықсыз соққыға ұрынып қалудан сақтандырғаны белгілі.
Осындай қиын-қыстау шақта М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының «Электрэнергетика» кафедрасы Мемлекет басшысының «Күшіміз бірлікте» Үндеуіне үлес қосу мақсатында оқу орнының №2 жатақханасының студенттеріне арнап дастархан жайып, ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Онлайн төлемдер уақытша тоқтатылып, азық-түлік дүкендері тек қана қолма-қол саудаға көшіп, комменданттық сағат уақыты ұзарған шақта мұндай іс-шара жастарға аса үлкен көмек болғаны сөзсіз.
Кафедра меңгерушісі Б.Қожагелдінің басқаруымен кафедраның оқытушы-профессорлық құрамы ұйымдастырған мұндай игілікті іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.