«Жасыл ел-Тараз» – көне шаһардың көркін кіргізген кәсіпорын

Тараз қаласының келбеті мен тазалығы  күнделікті көріп жүрген, бірақ көп жағдайда елеусіз қалатын еңбек иелерінің арқасы. Қаланы абаттандыру, көгалдандыру, қоқыстан арылту, гүлзарлар мен саябақтарға күтім жасау– осының барлығын табандылықпен атқарып келе жатқан мекеменің бірі – «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлерінің еңбегі ерен.

Аталған мекеме 1998 жылы құрылып, содан бері Тараз қаласының коммуналдық қызмет көрсету саласындағы жетекші ұйымдарының қатарында. Бүгінде серіктестік құрамында 940-тан астам жұмысшы еңбек етеді. Олардың ішінде көше тазалаушылар, тракторшылар, суаратын техникалардың жүргізушілері, көгалдандыру мамандары және басқа да қызметкерлер бар.

Серіктестік директорының орынбасары Талғат Торғаев бұл мекемеде талай жылдан бері қызмет етіп келеді. Қарапайым жұмысшыдан жол шебері, одан инженер, бүгінде басшылық құрамда жүрген жанның еңбек жолы – жас буынға үлгі.

– Былтыр мекемемізге 7 қоқыс көлігі, 2 қар тазартқыш техника және экскаватор берілді. Енді жалақының көтерілуін күтіп отырмыз. Көше сыпырушылар жеткілікті болғанымен, көгалдандыру мамандары мен жүргізушілер тапшы. Қала кеңейді. Қазіргі таңда 11 аумақтық округке жұмысшылар бекітілген, – дейді Талғат Болатұлы.

Оның айтуынша, шаһарда арнайы «Гүлзар» деп аталатын тал-дарақ, гүл отырғызу жылыжай кешені бар.

– Онда қыс бойы көшеттер отырғызып, талдарды, гүлдерді баптайды. Наурыздың соңы мен сәуірдің басында саябақтар мен гүлзарлар, скверлер, қала орталықтары сәндік гүлдермен безендіріле бастайды. Қазан айына дейін көздің жауын алатын үлпек, тагетис, төрт түрлі орамжапырақ, қылтанбас, изен, циннерария, тагетис, сальвия, цинния, катарантус, гацания, петуниялар отырғызылды, – дейді ол.

Әрине, гүлді егетін қыз-келіншектер. Олар тек гүлдерді ғана емес тал-дарақтарды да отырғызады. Жылыжай кешенінің бас агрономы – Жасұлан Молдабаев. Қарамағында 20 адам жұмыс істейді. Жаздың күні 40 шақты адам осы жұмысқа жұмылдырылады екен. 3 600 шаршы метрді құрайтын жылыжайда 1 миллионға жуық гүл ұрықтары сатып алыныпты.

«Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған мекеме қызметкерлері үшін тал егу ­– маңызды істердің бірі. Мамандардың сөзіне сенсек, егілген ағаштың, өскен өсімдіктің әуе алабына тигізер пайдасы зор. Осыны ескерген сала қызметкерлері биылдың өзінде қылқан жапырақты 219 ағаш, 2 569 жапырақты ағаш, қала айналасына жасыл желектерді қорғау мақсатында 10 000 жапырақты ағаш отырғызған. Сонымен қатар Тараз тарихы терең қала болғандықтан шаһарға арнайы келетін шетелдік және еліміздің әр аймағынан ат басын бұратын туристер көп. Осы орайда күннен-күнге құлпырған Таразды гүлге орау мақсатымен мекеме қызметкерлері шаһар аумағында орналасқан гүлзар мен саябақтарда 5 000 дана раушан гүл және 370 000 жаздық гүлдер отырғызыпты. Сонымен бірге 42 саябақ пен скверде 800 000 шаршы метр көгалдарға күнделікті күтім жасалуда екен. Ал 20 000-ға жуық ағаштар арнайы техникамен суарылуда. «Қызылабад» алқабында алдыңғы жылы және биыл 50 гектар жерге егілген ағаштарға күнделікті суарылып бекітілген көшелер мен саябақтар және скверлерге күнделікті санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, күн райының қолайсыз кезінде құлау қаупі бар апатты жағдайдағы ағаштарды кесу жұмыстары да «Жасыл ел-Тараздың» ерекше бақылауда. Әсіресе, ағаштардың жай-күйіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отырады. Ауру, қураған, апатты жағдайда тұрған ағаштар кесіледі. Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін 6 000 құрғақ бұтақтар кесілген.

Әр қаланың келбетін көріктендіріп, тұрғындардың тынығуына, балалардың шаттана ойнауына мүмкіндік беретін басты орын – саябақ. Бұл тек жасыл желек емес, өмірге жан бітіретін мекен. Ағашы тербеліп, гүлдері жайқалған саябақтар қаланың сәні ғана емес, мәдениет пен өркениеттің айнасы. Тараз қаласында соңғы уақытта демалыс нысандарын жаңғыртуға ерекше мән берілуде. Әр күні мекеме қызметкерлері саябақтарды санитарлық тазалау, саябақ аймағындағы жасыл желектерді суару, қала бойынша, сондай-ақ саябақ аймағындағы гүлзарларды қырқу жұмыстарын және қала бойынша суару жүйесі орнатылмаған ағаштар мен басқа да екпелерді тұрақты негізде машинамен жүргізуде. Сонымен бірге шаһар бойынша 10 футбол алаңына, шағын сәулет нысандарына, тротуарларға, ойын алаңдары ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен. Осылайша шаһар ауқымды абаттандыру жұмыстары арқылы жаңа кейіпке еніп жатыр.

Биыл қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін көшелердің және тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық бөліміне тұрғындардан тал кесу туралы түскен арыздары негізінде А.Сухамбаев ескерткіші, Зоя Космодемьянская сквері, «Даңқ» аллеясы, Әуежай маңынан 2 000-нан астам тал балақталып, мамыр айынан бастап қала аумағында жасыл қоршаулар кесіліпті. Сонымен бірге наурыз айынан бастап 987 000 шаршы метр шақырым көшелерде шөп ору жұмыстары мен 57 000 шақырым арық жүйесі күл-қоқыстардан тазартылды. Қала бойынша 62 көшеге күнделікті арнайы техникамен жуу жұмыстары жүргізілуде екен.

Қоршаған ортаны қоқыстан таза ұстау – мекеме қызметкерлері үшін жауапкершілігі мол шаруаның бірі. Бүгінде қала бойынша 1 600 қоқыс жәшігі бар. Қазіргі таңда 1 300 қоқыс жәшігінің жағдайы орташа күйде. Қалған 300-ге жуық қоқыс жәшіктерін ауыстырып, жаңарту жұмыстары күнделікті жасалуда. Қала аумағындағы көп қабатты тұрғын үйлердің қоқысын шығару жұмыстары күнделікті жүргізілуде, күніне 600 шаршы метр көлемінде қоқыс шығарылуда.

Ақпан айында бар аймақта күн күрт суытып, осы бір қарапайым еңбек адамдарының жұмысы қыза түседі. Жол бойына құм мен тұз сеуіп, үстін-үстін жауған қарды тазартып әлек болды. Үскірік аязда күн-түн демей, ұйқы көрмей жұмыс істейді. Жауаптылардың айтуынша, көшеде түкірмеу, жол бойына қоқыс шашпау, қоқысты жәшікке апарып салу, қала мен даланың тазалығын сақтау туралы балабақшадан бастап дәріс өткен жөн. Бөбекжайлардан бастап мектеп оқушыларына, студенттер мен ересектерге де «тазалық сақтау», «біреудің еңбегін бағалау» сынды тәрбие сабақтарын енгізу  маңызды. Себебі, қазір тазалаған жеріңді сүт пісірім уақыт өтпей, шашып кетуі бек мүмкін.

Әрине, еңбекпен тапқан нан тәтті. Бұл қашан да солай. Мұнда уыздай жастар да жұмыс істеп жүр. Көбі әрине жасы келген кісілер. Қаншама жылдан бері олар бір орнында тапжылмай келе жатыр. Бұлардың қатарында серіктестік қызметкері Жанаргүл Бекбау да бар. Ол өзінің бұл салаға шын ықыласымен бет бұрғанын, кезінде өзі диплом қорғаған мамандығымен байланыстырады.

– Қысы-жазы күннің ыстық-суығына күйіп-жандым, жаңбыры мен қарын тобықтан кештім. Тынымсыз еңбек пен атқарған ісіме жауапкершілікпен қараудың арқасында осы кәсіптің шыңына шығып келемін. Оған өз білімім де әсер етті. Өйткені мен кезінде табиғат тазалығына жақын эколог мамандығын игергенмін. Тағдыр деген қызық қой. Жаным қалаған мамандықты игерген маған табиғатқа дәл осылай қамқор болуды нәсіп етті. Жол – біз үшін бітпейтін қызықтың бастауы, саяхат. Кейде жолда қызықты оқиғаларға тап болып, бейтаныс адамдарға да қол ұшын береміз. Көше бойын аралап, өзімізге тиесілі аумақты тазалап, сыпырып жүріп, жаңарған, гүлденген қаланың сәнін көреміз. Сондай сәтте қала көркіне өз үлесімізді қосқанымызды мақтаныш тұтамыз,– деген Жанаргүл Толашқызы шаһар тұрғындарының кейбірі тазалыққа атүсті қарайтынын жасырмады.

– Табиғат тазалығы күнделікті қарапайым іс-әрекеттен басталса құба-құп болар еді. Кез келген адам тазалық мәдениетін ұстанып, көшеде кетіп бара жатқанда қолындағы ішілген сусын мен желінген тәттінің қаптамасын не пластиктен жасалған немесе шыны ыдыстарды, алюминий қалбырларды, тіпті қағаз қаптамалар мен полиэтилен пакеттерді көрінген жерге лақтыра салуды доғарса ғой. Осындай қоқыстарды тастамай, арнайы қоқыс жәшіктеріне салып отырса, сіз бен біздің көше тазалығына қосқан үлкен үлесіміз болар еді. Бұл мәдениетіміз бен адамгершілік құндылығымыздың жоғары көрсеткіші әрі осы кәсіп адамына деген сый-құрметтің белгісі болмақ, – дейді тазалық сақшысы.

Бүгінде мұндағы жұмысшылардың ең үлкен мұңы – үй мәселесі. «Жасыл ел-Тараз» жұмысшыларының 70 пайызының басында өз баспанасы жоқ екен. Барлығының көздегені – жалақының көтерілуі және баспаналы болу. Осындағы Күнсұлу Сапбергенова бес баланың анасы. Ол серіктестіктегі «Гүлзар» жылыжайының гүл егушісі. Гүл егіп, жан-жағын жайқалтып жүргеніне үш жылдан асты. Жұбайы Бауыржан Керімбаев 2014 жылдан бері осы мекемеде көгалдандырумен айналысады. Тал-дарақ егеді, кеседі, жапырақтарды тазалайды. Өз бастарында үйлері жоқ. Үй кезегінде тұрғандарына 7 жыл болған. Бүгінде 224 болып көпбалалы ана ретінде кезекте тұр.

Мұнда Күнсұлу секілді көпбалалы аналар, жесір әйелдер, тіпті ерлі-зайыпты жұмысшылар отбасы да көптеп қызмет етеді. Олар күннің ыстығына да, қыстың аязды боранына да мойымай, қаланың тазалығын, көркін сақтап келеді.

Мемлекет пен мекеме бірлесе отырып, осы жандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөледі. Соның айғағы – жылдар бойы қызметкерлеріне баспана бақытын сыйлап келе жатқан жүйелі қолдау. Мәселен, өткен жылдың өзінде-ақ 7 бірдей еңбеккер жаңа шаңырақ иесі атаныпты.

Солардың бірі – «Қамқор» бағдарламасы аясында баспаналы болған «Жасыл ел-Тараз» серіктестігінің «Қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау» маманы Алишер Әбілханұлы. Көп жылдық адал қызметі мен табандылығының жемісі ретінде ол отбасымен бірге көптен күткен өз үйінің табалдырығын аттапты.

– Қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. «Қамқор» бағдарламасының арқасында өмір бойы арман еткен өз шаңырағыма қол жеткіздім.  Бұл – мен үшін тек төрт қабырғалы үй ғана емес, үміт пен сенімнің, жаңа өмірдің бастауы. Сонымен бірге көп жылдан бері «Жасыл ел-Тараз» мекемесінде адал еңбек етіп келемін. Таңның атысы, күннің батысы қаламыздың тазалығы мен көркі үшін қызмет ету – менің міндетім әрі мақтанышым. Бүгін сол еңбегімнің жемісін көріп, баспаналы болу – ең үлкен марапат, –  дейді кеудесі қуанышқа толы маман.

Қаламыздың тазалығын сақтап, көркеюіне атсалысып жүрген еңбек адамдарының айлық жалақысы қанша дегенімізде бас инженер бұл жұмысшылардың екіге бөлінетіндігін айтты. Бірінші топ олар – «Жасыл ел – Тараздың» жұмысшылары. Олар 150-160 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Екінші топ «қоғамдық жұмысшылар» деп аталады. Олар 90-100 мың теңге көлемінде еңбекақы алады екен. Ал, оларды қалай марапаттайсыздар, еңбегін қалай елейсіздер дегенімізде мекеме тарапынан ғана ынталандыру болсын деген ниетте Алғыс хат пен ара-тұра сыйақы беру сынды игіліктер барын жасырмады.

Бәріміз білетіндей, 2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Бұл бастама – қоғам назарын қарапайым еңбек иелерінің мәртебесіне бұру, техникалық және жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.

Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек» – деген болатын.

Биылғы Жұмысшы мамандықтарының жылы «Жасыл ел-Тараз» қызметкерлері үшін ерекше үмітке толы. Сала қызметкерлері ел еңбегін бағалайтын, қарапайым жұмысшының мәртебесін көтеретін игі бастамалардың жалғаса беретініне сенеді.

Қорыта айтқанда қаламыздың тазалығына үлес қосып жүрген жандардың бейнеті елеусіз қалмауға тиіс. Олар – таңмен таласа тұрып, көшеге көрік беріп жүрген қарапайым еңбек адамдары. Олар – қаланың көрінбейтін қаһармандары. Сондықтан Тараздың әрбір тұрғыны тазалықты өзінен бастауы керек. Өйткені, өркениетті қоғам – еңбекті қадірлейтін қоғам

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment