Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-ның есебі тыңдалып, атқарылған жұмысы сараланды.
Мекемеде 479 қызметкер бар. Сондай-ақ, 240 қоғамдық жұмысшы еңбек етеді. Серіктестік балансында жалпы саны 111 бірлік техника бар.
Өткен жылы қалада 21 мың шаршы метрге 2 млн. данаға жуық 28 түрлі жаздық гүл, 524 дана көпжылдық бұта, 1 840 дана қылқан жапырақты ағаш, 13 185 дана жапырақты ағаш отырғызылды. Барлық гүлдер мекеменің жылыжайында өсірілген.
Кәсіпорын күн сайын 88 магистральды көшеге санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізеді. 2021 жылы 7 371 дана қураған ағаштарды санитарлық кесу жүргізілді.
Қала көшелеріндегі 175 орындық жөнделді, 200 дана қоқыс жәшігі орнатылды, 20 000 шаршы метр автоматты суару жүйесі жүргізілді. Шаһардағы 13 аркаға(жарықтандыру, жөндеу бойынша) қызмет көрсетілді.
Мекеме қала бойынша 268 қоқыс алаңын, 1380 дана қоқыс контейнерлерін тазалау бойынша қызмет көрсетеді. Былтыр 56.300 тонна қоқыс шығарылды.
Есепті қорытындылаған қала әкімі қаланың көркеюі бағытында күнделікті жұмыс атқарып жүрген азаматтарға алғысын білдірді. Алайда, мынадай бірнеше мәселені көтеріп, нақты тапсырмалар жүктеді:
1. 2022 жылы мекеменің табысын ұлғайтып, берешекті азайту;
2. Қызметкерлердің әлеуметтік төлемдерін өтеу, жайлы жұмыс жағдайын қалыптастыру;
3. Қала аумағындағы тазалық және жасыл желекті суару жұмыстары жүйелі әрі дер кезінде жүргізу;
4. Техникаларды кезең-кезеңімен жаңартып отыру;
5. Абаттандыру және көгалдандыру, кіші архитектуралық формаларды орнату жұмыстарына білікті дизайнерлерді тарта отырып, жаңаша, заманауи әдістерді қолдануды қолға алу.
Тараздың келбеті мекеменің нәтижелі жұмысына тікелей байланысты. Биыл кәсіпорын бюджеті айтарлықтай ұлғайып отыр. Осыған орай, шаһар басшысы ең бастысы жұмыста жаңаша көзқарас пен бағыт ұстану керектігін айтты. Сондай-ақ қала әкімі облыс орталығын абаттандыруда тек орталық көшелерге ғана емес, шаһар маңында орналасқан аудандарға да көңіл бөлуді, абаттандыруды тапсырды.