Жасыл қаланы жайнатқан Жанар

Жасыл қаланы жайнатқан Жанар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», – деген еді.

Ал өткен жылдың 2 қыркүйегіндегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады.
«Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.
Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», – деп, еселі еңбегімен елдің өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет қашанда жоғары болуы қажет екенін айтқан болатын.
Тараз қаласында Мемлекет басшысының бұл ұстанымына толықтай сай келетін, көне шаһардың көркейіп, гүлденуіне көп жылдар бойы үлес қосып келе жатқан, алайда көзге түсе бермейтін мамандар жеткілікті. Соның бірі – Жанар Пірімжанова.
Жанар Кенжеғұлқызы еңбек жолын 1986 жылдан түрлі салада жұмысшы болып бастаған. Ал 2017 жылы «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-не демалыс орындары мен көше тазалығын сақтау учаскесінің жұмысшысы болып жұмысқа қабылданды. Сол уақыттан бері аталған қызметте табан аудармай еңбек етіп келе жатқан ол өз ісіне адалдығымен көпке үлгі болып келеді. Әсіресе, жас мамандардың одан үйренері көп.
«Жанар Пірімжанова жұмысына жауапты, адал, кез келген істі тиянақты атқарады. Кәсіпорын ұжымындағы әріптестер арасында құрметке ие. Мекеменің қоғамдық өміріне белсенді қатысады. Айналасына, өзіне жауапкешілікпен қарап, кәсіпорынның дамуына үлес қосып келеді», – дейді ол жайлы әріптестері.
Ел Президенті айтқандай, түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсету – аса маңызды. «Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал… Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді», – деуі осының айқын айғағы.

Еркін САЙЫН

Comments (0)
Add Comment