Жастармен жылы жүздесу

Халықаралық Тараз инновациялық институтының Студенттер үйінде қала әкімі Ержан Жылқыбаев түрлі салада жетістікке жеткен жастармен жүздесті. Кездесуге жастар ісі жөніндегі комитеттердің, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен белсенді еріктілер қатысты.

Басқосу барысында шаһар басшысы сәуір айындағы жастармен кездесуде көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, алда тұрған жоспарларымен бөлісті.
– Еліміздің келешегі жастардың қолында екені белгілі. Сондықтан да оларға барлық жағдай жасалуы керек. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қыруар шаруа атқарылғаны жұртшылықтың көз алдында. Облысымызда да жастар саясаты өз деңгейінде жүзеге асуда. Шаһарда көптеген демалыс орындары салынып, спорт алаңдары бой көтеруде. Бұлардың барлығы жас буынның бос уақытын тиімді өткізулері үшін жасалып отыр. Кәсіппен айналысамын деген жастарға да қашанда қолдау беруге әзірміз. Айталық, ағымдағы жылдың 9 айында 154 жас мемлекеттік қайтарымсыз грантты иеленді, – деген Ержан Жұматұлы бұдан кейін де жастармен тығыз қарым-қатынаста жұмысты күшейтетінін атап өтті.
Жастар да өз кезегінде көкейдегі сауалдарын жолдап, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Барлық сауалдарға Ержан Жұматұлы тұшымды жауап беріп, жастарда тың идеялар болатын болса, әкімдік тарапынан барынша қолдау болатындығын баса айтты.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Comments (0)
Add Comment