Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру мақсатында «Жастар» аллеясында «KITAP FEST-2021» фестивалі өтті.
Шараның шымылдығын Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Сәдубаев ашып, «KITAP FEST-2021» фестивалінің ерекшелігіне тоқтала келе, көпшілікті кітап оқуға шақырды.
Жалпы фестивальде «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында «30 кітап – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына» атауымен танымал қазақстандық авторлардың поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы үздік шығармалары жиналғандарға таныстырылды. Сондай-ақ жастарды оқуға тарту мақсатында «Мәңгілік елдің тұғыры – Тәуелсіздік» тақырыптарында ұйымдастырылған кітап көрмелерінен жас оқырмандар ұлы ғұламалардың, отандық және жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларынан сусындауға мүмкіндік алды.
Ал «Руханият әлемі» алаңында өңірлік ақын-жазушылар Елен Әлімжан, Қайырбек Асанов, Ғайни Әлімбекқызы, Бақытжан Әлімқұлов, Баймахамбет Ахмет, Хамит Есаман, Жұлдыз Бейсек және Табиғат Абаилдаев өз шығармашылықтары жайында оқырмандарымен ой бөлісті.
Дедек Төлен