Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекет тарапынан жастарға айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Азаттықтың алтын таңымен бірге азаматтарды ел болашағы үшін қызмет етуге ықпал жасайтын түрлі бағдарламалар жүзеге асқан болатын.
Бүгінде мемлекетіміздің дамуы үшін Жолдауда айтылған «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген түлектер аянбай еңбек етуде. Бұл білімді жастарды қолдаудың бастау көзі болғаны анық. «Болашақ» бағдарламасы – еліміздегі жастардың дүниенің төрт бұрышына барып, білім қуып қайтуға жасалған теңдессіз мүмкіншілік. Еліміздің талантты жастарына қолдау көрсетіп келе жатқан «Болашақ» стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналды. 1993 жылдан бері 13 мың жастың шетелде білім алуына жағдай жасалып, олардың заман талабына сай білікті маман болуына жол ашылды. Бүгінде «Болашақ» стипендиясымен оқып келген түлектер білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге жетіп келеді. Сонымен қатар «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы еңбек нарығындағы тепе-теңдікті сақтау, халық тығыз қоныстанған өңірлердегі жұмыссыздық деңгейін төмендету, еліміздегі халық саны азая бастаған бірқатар өңірлерде демографиялық өсім көрсеткішінің артуына ықпал етіп, жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындарды мамандармен қамтамасыз етуге оң ықпалын тигізген болатын. Ауылдық аймақтарда дәрігер, мұғалім, инженер, ауыл шаруашылығы мамандары және осы аумақтар үшін қажетті өзге де жоғары оқу орны түлектеріне деген қажеттілікті жою мақсатында жүзеге асқан «Дипломмен – ауылға!» республикалық бағдарламасы өз жемісін беруде.
Шаһардың көркін келтіруде тазалықшылардың қосар үлесі мол. Бәрімізге мәлім, 2005 жылы 25 маусымнан бастап студент және жұмыссыз жастарды маусымдық жұмысқа орналастыру, жастардың бойында Отанға деген патриотизмді және туған өлкенің байлығына ұқыпты қарауды қалыптастыру мақсатында «Жасыл ел» бағдарламасы бекітілген болатын. Сонымен қатар жастарды баспаналы болуына көмегін тигізген «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы, «Шаңырақ» пилот жобасы және табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алу үшін кредит беру үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасы жастарған жақыннан жәрдем болған еді. Бүгінде «Қазақстан халқына» қоры талай жасқа көмегін көрсетсе, «Әулиеата жастар» бағадарламасы Жамбыл жеріндегі талай жасқа баспана бақытын сыйлауда. Алда бағдарлама 140 жас отбасын баспанамен қамтуды жоспарлап отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жетіп, жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болатындығының айқын көрінісін байқатты. Елімізде жастардың біліктілігі мен білімін ел дамуы үшін қолдану жұмыстарына баса назар аударып, мемлекет тарапынан өз кәсібін бастаймын деген жастарға 2,5% несие берілетіндігін, сонымен қатар ел жастары 100 мың жұмыс орнымен қамтамасыз етілетіндігін жеткізді.
Табысқа жетудің жалғыз жолы – еңбек. Сондықтан дана халқымыз «Еңбек бәрін жеңбек» деп нақыл сөз қалдырған. Жұмыссыздық мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлын қатты алаңдатып отырғанын Жолдау аясында айтқан сөзінен байқауға болады. Президенті NEЕT санатындағы жастардың мәселесіне назар аудару керектігін айтты. Елімізде не жұмыс істемейтін, не оқу оқымайтын, өз бетімен қалған жастарға көңіл бөлінеді деген болатын. Жұмысқа ынтасы жоқ жастардың қатары өткен жылдың бірінші жартысында 6,7 пайызға жеткен екен. Демек, 230 мыңнан астам жас азамат не жұмыссыз, не білімсіз қалып отыр деген сөз. Осы мәселені шешудің жолы ретінде Президент кәсіптік біліммен тегін қамту мәселесі әлі өзекті екенін айтқан еді. Жолдауда Президент ақпараттық технологиялар саласында кемінде 100 мың маман дайындау туралы да тоқталған болатын. Әлем сағат санап өзгеріп жатқан бүгінгі күнде цифрлы дамудың жолына түскеніміз анық. Қолымыздағы телефон ажырамас досымызға айналды. Бұл тапсырма Қазақстанның IT-индустриясының дамуына оң ықпал беретіні анық. Бұл дегеніміз еліміздің дамуы жолында жемісті еңбек етіп, өз еліміздің игілігі жолында пайдалануды көздеген білімді, ойы озат жастарымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруына ашылған жол деуге болады.
Ел Президенті Қазақстанда оқуға жылдық 2-3% жеңілдікпен кредиттер берілетінін атап өтті. «Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болады», – деді Мемлекет басшысы. Бұл шаралар жоғары білімді қолжетімді етеді, сондай-ақ қоғамда әріптестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын нығайтады, әрі еліміздің болашағы атанған жастарды қолдаудың тағы бір жарқын көрінісі деп атауға болады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтаушы шоттарына мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аударуды ұсынды. Бұл озық ойлы, бәсекеге қабілетті елдің білімді жастарына жасалып жатқан үлкен қолдаулар мен мүмкіндіктердің бірі. Ел Президенті 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер кезеңін бір жарым жылға дейін ұлғайтуды, ал әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айырылу бойынша төлемдер мөлшерін орташа айлық табыстың 45 пайызына дейін арттыруды тапсырды. Бұл – жас отбасылар үшін қуанышты хабар.
Еліміздің қарыштап дамуы мен гүлденуіне жастардың қосатын үлесі көп екендігін және болашақ білімді ұрпақтың қолында екенін айқындап көрсетті. Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Бүгінгі күнде еліміздің үштен бір бөлігін құрайтын жастар келешек қоғамның жарқын болашағын қалыптастыратын стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырушысы екені мәлім. Еңбек нарығын дамыту және халықтың, оның ішінде жастардың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша жүзеге асырылатын шаралар жастарды қолдау ісін ілгерілетіп қана қоймай, алдағы уақытта жастарды қолдау, көтермелеу тұрғысындағы игі қадамдарға кеңінен жол ашатынына сеніміміз мол.
Жұмаш Жолболды