Жастардың 4,1 мыңнан аса жобасына жеңілдетілген микронесие беріледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық жеңілдетілген микронесиелер алуға 6 мыңнан астам өтінім түскен. Биыл жалпы 5 мың 796 микронесие беру жоспарланған. Қазірдің өзінде 4 мың 122 жоба мақұлданды.
Микронесиенің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылға (кез келген мақсатқа) немесе 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін). Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды.
Микронесие алуға өтінімдердің ең көбі Түркістан (851), Жамбыл (514), Қызылорда (434), Алматы (401), Батыс Қазақстан (393), Қарағанды (392) облыстарынан түсті.
Конкурстық комиссиялардың шешімімен 4 мың 122 жоба мақұлданды. Оың ішінде 3 мың 222 жобаны іске асыруға несие берілді. Несие алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтыды.
Қазір микронесиелер алуға өтінімдер барлық облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қабылданып жатыр.