Жастар жылы – жасампаздық негізі

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің ғимаратында облыс әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, Жастар жылында атқарылған жұмыстардың қорытындысы баяндалды. Жиынға өңір басшысы Асқар Мырзахметов қатысты.

Арайлы ЖАҚСЫЛыҚ

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған Жастар жылы аясында өңірде арнайы жол картасы әзірленіп, жыл бойы осы құжат негізінде жұмыстар жүргізілді. Бұл туралы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа баяндады. Құжатқа қолжетімді және сапалы білім беру, жастарды жұмысқа орналастыру, бос уақытты ұйымдастыру, кәсіби өсу, жастар кәсіпкерлігін дамыту сияқты маңызды бағыттар кірді.
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек қатысушыларға үш миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант ұтып алу мүмкіндігі берілген үздік инновациялық жобаға арналған жастар конкурсы туралы айтып, байқау ережесіне өзгерістер енгізуді, атап айтқанда, жобаның әрекет ету кезеңінде жастарды бірыңғай оператор ретінде қолдайтын қор құруды ұсынды. Бұл ретте қаражат өтеусіз негізде емес, пайызсыз кредиттер түрінде берілуі тиіс.
– Қазір жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Оның ішінде кәсіпкерлікті дамыту бағыты да бар. Бұл байқауға жұмсалып жатқан қаражат көздеріне бақылау жоқ. Өткен жылы «Zhas project» бағдарламасы жүзеге асырылып, үздік инновациялық жобаға байқау өтті. Жауапкершілік жоқ кезде масылдық пайда болады. Ал мемлекет жаңа жұмыс орындарын ашуға, дамытуға ақша бөледі. Егер жас кәсіпкерлерге пайызсыз несие түрінде ақша бөлсе, бұл олардың жауапкершілігін арттырады, олар өз жобаларын дамытуға мүдделі болады, – деді ол.
Сонымен қатар спикер «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асыруда олқылықтар бар екенін тілге тиек етті. Қазір бағдарламаны үйлестіру барлық жерде әкімдіктердің құжаттар жинаумен және қаражат бөлумен айналысатын экономика бөлімдеріне жүктелген. Алайда олар барлық кем-кетіктерді білмейді. Әр ауданға қажетті мамандардың тізімі деген түсінік жоқ. Сондықтан спикер бағдарламаны үйлестіру жөніндегі жұмысты Жастар ресурстық орталықтарына жүктеуді ұсынды.
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов Серікбол Берікқожадан жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма тарапынан кәсіптік бағдар беру жұмысының жүргізілу барысы турасында сұрады.
– Өкінішке орай, биыл жұмыс барлық аудандар мен Тараз қаласында болған ақпараттық автокеруен аясында ғана жүргізілді. Автокеруен қатысушыларының арасында облыс әкімдігіне қарасты білім басқармасының өкілдері де болды. 2020 жылы кәсіби бағдар беру жұмыстарын көбірек әрі сапалы жүргізуді жоспарлап отырмыз, – деп жауап берді С.Берікқожа.
Ерболат Саурықов мектеп директорлары мен оқытушыларды осы тақырыпқа назар аударуды сұрады.
– Талапкерлер көп жағдайда грант көбірек бөлінген мамандықтарға оқуға түсуді мақсат етеді. Бұл мектептерге де тиімді, себебі рейтинг грантқа түскен түлектер саны бойынша жүргізіледі. Бұл ретте талапкердің қолынан не келетінін, нені жаны қалайтынын ешкім сұрамайды. Статистика мұндай жағдайларда олардың бірінші семестрден кейін оқудан шығып кететінін растап отыр, – деді ректор.
Сондай-ақ ЖОО басшысы аймақтың мал дәрігерлеріне, агрономдарға және аграрлық сектордың басқа да мамандарына мұқтаж екенін атап өтті.
– Мәселені аудан әкімдіктерінің көмегімен шешуге болады, олардың бюджеттерінде кадрларды даярлауға қаражат қарастырылған. Әкімдік жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін әкімдікпен келісімшарт аясында аудандарда жұмыс істейтін мамандарды оқытуға өтінім бере алады, – дейді ол.
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының жұмысында жүйелі тәсілдің жоқтығын жеткізді. Ол жоғары оқу орнының еріктілері қатысқан «Qamqor» жобасы жөнінде баяндады.
– Біздің студенттер 11 мыңнан астам мекенжайды қамтитын бірінші және екінші округтерге сауалнама жүргізді. Күн сайын сауалнамаларды толтырып, көмекке мұқтаж адамдарды тауып, деректер базасын қалыптастырды. Ал жұмыс аяқталғаннан кейін біз бұл сауалнамалардың ешкімге қажеті жоқ екеніне көз жеткіздік. Оларды қалалық әкімдік те, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма да қабылдамады. Тек бір жарым айдан кейін ғана біз сауалнамаларды Тараз қалалық жастар ресурстық орталығына тапсырдық. Осы жұмыс үшін еріктілер бар-жоғы 7400 теңгеден алды. Бұл жайт материалдық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыдан да дұрыс емес. Кез келген жұмыс сапалы әрі тиянақты аяқталуы тиіс және нәтиже беруі керек, – деді ол.
Махметғали Нұрғалиұлы алдағы жылы еріктілердің ынтымақтастыққа дайын екенін және еріктілердің қатарына өз өңірін, оның мәдениеті мен әдет-ғұрпын жақсы білетін, шет тілдерін меңгерген, айналасындағылармен ортақ тіл табатын жастарды қабылдау қажеттігін айтты.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев алдағы жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы кеңінен атап өтілетінін еске салды.
– Өңірде патриоттық тәрбие беру үшін барлық жағдай жасалған. Мысалы, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан «Ерлік» мемориалдық кешені мен «Даңқ» залын алайық. Дәл осындай жерлерде патриоттық іс-шаралар өткізу, жастардың ардагерлермен кездесуін ұйымдастыру қажет. Өз тарапымыздан біз көмек көрсетуге әзірміз, – деп уәде берді ол.
Жас ақын, журналист Нұрболат Жаңабекұлы «Авангард» атты ақындар клубы құрылғанын хабарлап, аймақ басшысын ақпан айының басына жоспарланған шығармашылық кешке шақырды.
Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлан Қанатов көптеген мемлекеттік мекемелер жастар тәжірибесі аясында жас мамандарды қабылдамайтынын, аймақтық салалық индикаторлардың орындалмай қалуынан қорқатынын айтып, қынжылыс білдірді. Спикер «Жастар» аллеясында интернет-кафенің бірнеше ай бойы бос тұрғанына да наразылығын білдірді. Айтуынша, нысан тараздық кәсіпкерлердің біріне берілген.
Жастар саласындағы әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері туралы «Жастар зерттеу орталығы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Парида Мамедова баяндады. Жүргізілген талдаулар нәтижесінде «Дипломмен ауылға», «Серпін» бағдарламаларын жүзеге асыру барысында бірқатар мәселелер бар екені анықталған. Алғашқы бағдарламадағы негізгі олқылық тұрғын үйге қатысты, ал «Серпін» бағдарламасының сәтті жүзеге асуына тілдік мәселе кедергі келтіріп отыр. Еліміздің солтүстік аумағында тек мемлекеттік тілді жақсы меңгерген жастар ғана білім ала алады.
Отырыс барысында айтылған барлық сұрақтар мен ұсыныстарға өңір басшысы толық жауап берді. Кейбір идеялар өңір басшысының қызығушылығын тудырды. Ол бұл бастамаларды жан-жақты зерттеуге және іске асыруға жәрдем беруге уәде берді.
– Сіздердің мемлекеттік бағдарламалардағы олқылықтарды ортаға салып, көпшілік назарына өз идеяларыңызды ұсынып жатқандарыңыз өте дұрыс. Алайда жастардың ең басты мәселелерін ұмытпағандарыңыз жөн. Олар: жұмыссыздық, баспанамен қамтамасыз ету, суицидтің алдын алу. Қазіргі таңда өңірдегі идеология жайы әлсіреп кетті, рухани құндылықтарымыз құлдырап барады. Сіздер тек орын алған мәселелерді хабарлап қана қоймай, олардың шешу жолдарын бірге ұсынуларыңыз керек. Кез келген сұрақтың жауабын табуға болатын, кез келген шиеленісті ретке келтіруге мүдделі мемлекеттік мекемелер мен орталықтар бар. Ең маңызды мәселелердің шешімін табу барысында бірлесе жұмыс істеу керек, – деді аймақ басшысы.
Асқар Мырзахметов кеңес жұмысын қорытындылай келе, өңірде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша алдағы жылдарға жұмыс жоспары әзірленетінін және жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаға аталған тапсырма бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін ескертті.

Comments (0)
Add Comment