Жастар – Жаңа Қазақстанның болашағы

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекет тарапынан жастарға айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, өткен жылғы Жолдауға зер салсақ, онда ел Президенті NEЕT санатындағы жастардың мәселесіне назар аудару керектігін атап өткен болатын.

Яғни не жұмыс істемейтін, не оқу оқымайтын, өз бетімен қалған жастарға көңіл бөлінетінін жеткізді. Еліміз бойынша бұл санатқа жататын жастардың үлесі 2021 жылдың бірінші жартысында 6,7 пайызға жетті. Сонда шамамен 230 мыңнан астам жас азамат не жұмыссыз, не білімсіз қалып отыр деген сөз. Осы мәселені шешудің жолы ретінде Президент кәсіптік біліммен тегін қамту мәселесі әлі өзекті екенін айтты. Сондай-ақ оқушыларды ынталандырып, білім беруді пайдалы әрі инклюзивті етудің маңызы зор екенін де атап өтті. Өңірлік және халықаралық деңгейдегі түрлі олимпиадаларда жетекші орындарға қол жеткізген оқушыларға да ерекше назар аударылуда.
Сол Жолдауда Президент ақпараттық технологиялар саласында кемінде 100 мың маман даярлау туралы да тоқталған болатын. Баршамызға белгілі, бүгінгі таңда технологиялық прогресс қарқынды дамып келеді. Ал цифрлық өнім мен қызмет әрбір қазақстандықтың өмірінде ажырамас бөлікке айналды. Мемлекеттік қызметтердің көбі смартфондар арқылы беріліп жатыр. Президенттің бұл тапсырмасы Қазақстанның IT-индустриясын дамытуға жаңа серпін сыйлайды.
Ал ағымдағы жылғы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында жастарға тағы да айрықша көңіл бөлген бастамалар айтылды. Жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болатындығының айқын көрінісін байқатты. Елімізде жастардың біліктілігі мен білімін ел дамуы үшін қолдану жұмыстарына баса назар аударылып, мемлекет тарапынан өз кәсібін бастаймын деген жастарға 2,5 пайызбен несие беріліп, 100 мың жас жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.
Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Бүгінгі күнде еліміздің үштен бір бөлігін құрайтын жастар келешек қоғамның жарқын болашағын қалыптастыратын стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырушысы екені мәлім. Осы орайда Мемлекет басшысы жылдық 2-3 пайыз жеңілдікпен оқу несиелері мен жаңа гранттар тағайындау және Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтаушы шоттарына мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аударуды ұсынды. Бұл – озық ойлы, бәсекеге қабілетті елдің білімді жастарына жасалып жатқан үлкен қолдау мен мүмкіндіктердің бірі.

Ұлжан Каленова, қалалық жастар ресурстық орталығының жастар ісі жөніндегі инспекторы

Comments (0)
Add Comment