Жастар және дін

Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, ойлау санасына және олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты.

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Түрлі жаңа технологияларды тез меңгеретін, жаңашылдыққа дайын болатын, жаңалықтар мен тың идеяларға серпін беретін қоғамның ең өзекті бөлігі жастар екендігі даусыз және де қоғамның ең иілгіш және сенгіш тобы деп айтсақ та артық болмас.
Тәуелсіз еліміздің кішкене ғана ғұмырында дін саласы көптеген өзгерістерге еніп келеді. Жастардың діни сауаттылығы – қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Жастардың рухани санасын оятуда діннің алар орны ерекше. Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелдену құбылысы жүзеге асады. Жастардың рухани және діни сауатты болуы – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Көп нәрсе білімсіздіктен туатыны даусыз.
Өкінішке қарай, теріс діни ағымның ығына жығылған жастарымыздың саны бір кездері күрт өсті. Жаһандану дәуірінде түрлі-түрлі рухани қауіп-қатерлердің бар екені және жастарды «бұқаралық мәдениеттің» зиянды әсерінен қорғау маңызды рөл атқаруда. Өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың санасын бөтен идеялардың ықпалынан қорғау, ақпараттық шабуылдарға қарсы идеологиялық иммунитетті қалыптастыру, қылмыстың, құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға көмектесу, жастарда патриотизм сезімін арттыру қажет. Өскелең жас ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін дұрыс қалыптастыру, оны түрлі қауіп-қатерлерден қорғау, сананы көте- ру – рухани-ағарту саласындағы басты мақсаттардың бірі.
Жастарымыздың жат діни ағым жетегіне кетудің ең алғашқы, басты себебі – діни білімсіздік. Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен, эмоционалды сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай жатады. Білімсіз адамның өзіне деген сенімсіздігі, дін төңірегіндегі сұрақтар туралы кішкене болса да ақпараттың болмауы, ненің ақ, ненің қара екенін ажырата алмай жатады. Жат ағым жетегінде жүрген азаматтардың басым көпшілігінің діни сауаты жоқ.
Келесі бір жастарымыздың адасуына себепкер – ғаламтор мен әлеуметтік желілер. Өкінішке қарай, әлеуметтік желілер мен ғаламтор беттерінде тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сипаттағы топтардың әлеуметтік желілерде адамды қызықтыратын түрлі материалдармен бөлісуі, жастардың ақпараттарды дұрыс сүзгіден өткізе алмауы адасуға әкеліп соғуда. Әлеуметтік желілерде ақпараттардың ашық болуы, әр алуан мағлұматтардың көптігі жастарымыздың санасының улануына себепкер болуда.
Теріс жолға түсіп кетпеудің, идеологияның құрбаны болмаудың тағы бір өзекті мәселелерінің бірі – отбасындағы тәрбие. Әке-шешенің, туған-туыстың беретін тәрбиесінің мардымсыздығы немесе ата-анасы толық емес отбасылардан шыққан балалардың, жан жылулығын жанұядан таппай, көшеден іздейтіні тағы бар. Күнкөрістің қамымен жүріп, күйбең тіршіліктің соңына ілесіп, балаға тәрбие беруге келгенде, өкінішке қарай салғырттыққа салынып жатырмыз. Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген даналық сөзі еріксіз еске түседі. Ұяда дұрыс тәлім-тәрбие ала алмаған бала ұшқанда тағдырдың қатал қатпарларына соғылары анық.
Жалпы қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығы және жұмыссыздық. Тұрақты табыс көзі жоқ азаматтар арам пиғылды дәстүрлі емес діни ағым өкілдерінің құрығына тез ілігеді. Жұмысқа тұрғызу, қаржылай көмек беру, баспанамен қамтамасыз ету секілді тұрмыстың жақсаруына себепкер болатын дүниелерді ұсынып, өздерін жақсы көрсетіп, қарапайым халықтың адасқан екенін түсіндірумен әлек болып жатады. Тұрмыстық тауқыметтің ауыр кезеңінде қол ұшын берген азаматтардың қандай да бір өтінішін немесе бұйрығын орындау ол азаматқа түкке тұрғысыз оп-оңай іс болып қалады. Өзін лаңкес санап, түрлі жан түршігерлік оқиғаларға барып жатқан азаматтарды мысалға келтіре аламыз.
Тағы да бір әсер ететін фактордың бі-рі – психологиялық күйзеліс. Жас кезін-де алған кейбір психологиялық соққы, болашағының бұлыңғырлануына себепкер болуы әбден мүмкін. Отбасындағы зорлық-зомбылық, ата-анасының немесе жақын туыстарының ішімдікке, нашақорлыққа әуес болуы, достарының арасында абыройсыздық немесе белгілі бір жағдайларға байланысты өзін жайлы сезіне алмауы, кейбір жағдайларда өзінің жасаған ісінен қатты қорқуынан, ұялуынан, ыңғайсыз сезінетінінен психологиялық күйзеліске ұшырап, ауыр соққы алуы әбден мүмкін. Осындай қиын-қыстау кезеңдерде жанында демеу болатын адамның табылмауына байланысты жат ағым жетегіне еріп жатады. Ағым өкілдері арасында азаматтың бұрынғы өмірі маңызды емес екенін түсіндіріп, сынақ екенін айтып жанын тыныштандыру арқылы сеніміне кіріп, бауырмалдық сезімін ұялатады. Жақын адамы көрсетпеген жан жылулығын өзгеден табу арқылы өзінің қалай ағым мүшесі болғанын білмей қалған жайттар кездесіп жатады. Мысалы ретінде кейбір қыз-келіншектердің дәстүрлі емес ағым соңына еріп кеткенін айта аламыз.
Адамның қоғам ортасында өзінің орнын таба алуына себепкер болатын тағы бір фактор – өскен ортасы, құрбы-құрдасы, достары және жұмыс орны. Халық даналығындағы «Достарыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген сөзі босқа айтылмаса керек. Балалық шақтан бірге өскен ортасы қандай болса, бала сол жақа бүйрегі бұрып тұратыны анық. Байқасаңыз, иманды, діни ортада өскен бала барынша діни азамат болып өседі, спортқа әуес болған балалар белгілі бір деңгейде спортқа ден қойған, физикалық мығым болып келеді. Өкінішке қарай, зиянды іс-әрекеттер жиі орын алатын орталарда жамандыққа бір табан жақын болып өсетіні анық. Адам баласы толықсыған шағында ұядан ұшып, өз күнін өзі көре алатындай жағдайға жеткенде, ақ пен қараны ажырата алатындай дәрежеге жеттім деген кезде, жұмыс орнындағы адамдардың ой-пікірі діни ағым жетегінде кетуге себепкер болуы әбден мүмкін. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін адамдар арасында, құрылыс материалдарын сататын сауда орталықтарында, базарларда, сауда үйлерінде кейбір азаматтардың дәстүрлі емес ағым жетегіне еріп, жаңа бір бауырларымен өзін жайлы сезінетінін құлағымыз естіп, көзіміз көріп жүр.
Дәстүрлі емес діни ағымдардың шоғырланған келесі бір орны – күмәнді діни оқу орындары. Еліміздегі жастардың санасының улануына шетелде күмәнді діни оқу ордаларында білім алған азаматтардың тигізген зияны орасан зор. Тәуелсіздіктен кейін шекаралар ашылып, шетелде білім алу қолжетімді болған сәтте қазақ жастары жапа-тармағай шетелге жөнелді. Ең өкініштісі, ол жақтарда біздің ұлттық дәстүріміз бен дінімізге сәйкес келмейтін басқа бір біліммен сусындады. Шетелге барған, діни сауаты аз жастар заңсыз хужраларда, тіл курстарында сабақ беретін «шейхтардың» улы уағызын бойына сіңіріп, елге қайтады. Елімізге оралған кезде әр жерлерде қызметке орналасып, жастардың улануына себепкер болды.
Сондықтан жоғарыда көрсетілген түрлі факторлардың шешімін тауып, жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беру – аға буынның міндеті. Қоғам арасындағы ең белсенді және әлсіз, сенгіш, өмірді тануға деген қызығушылығы жоғары жастардың тобына сенім білдіріп, қолдау керек. Барлық мәселелерді жастардың өзі кінәлі дегенге алып келмей, ел болып, жұрт болып бірге атсалысуымыз қажет. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгіріп жүріп қызмет ететін жастарды тәрбиелеуіміз керек. Діннің адалдығына еремін деп, жат пиғылды теріс діни ағымдардың алдауына түсіп қалмайық.
Баршаға белгілі, Конституцияға сәйкес азаматтар тарихи және мәдени мұралардың сақталуына, балаларға қамқорлық жасауға міндетті. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi. Бұл ретте кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар да еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.
Біздің елімізде орта білім алу міндетті болып саналады. Азаматтардың денсаулығы тек медициналық мекемелер арқылы ғана емес, сонымен қатар азаматтардың өз тарапынан қамтамасыз етілуі қажет. Қазақстан Республикасын қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы және міндеті.
Бүгінде жекелеген діни конфессиялардың кейбір өкілдері ойдан шығарылған діни шектеулердің салдарынан қоғамдық тұрмыстың осы бір маңызды компоненттерін жиі елемей жүргендіктен осы аспектіге жіті назар аудару маңызды болып отыр.
Жекелеген субъектілердің дінді саясиландыруға талпынып жүргені де жасырын емес. Бұған Конституция және елдегі заңнама арқылы тыйым салынғанын ерекше атап өткен жөн. Елімізге айқын немесе жасырын түрде теріс пиғылды ниеті бар жат діни идеологияның енгені байқалып отыр. Осының салдарынан дінге сенуші тұрғындардың кейбір бөлігінің қоғамдық қатынастардың қалыптасқан жүйесін қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартып, өктемдік пен радикализмнің шектен шыққан түріне бой алдыруы аса қауіпті саналады.
Діни экстремизм мен терроризм – радикализмнің кең тараған түрлері. Өкінішке қарай, құқық қорғау органдары атап көрсетіп отырғандай, мұндай қылмыс түрлері де елімізде етек алып барады. Осы жағдайлар көрсетіп отырғандай, түрлі қағидалармен және нұсқаулармен қоса берілген діни идея, басқаша айтқанда, «дініңді ұстай алсаң – қасиетіңе, ұстай алмасаң – қасіретіңе» айналдыратын емшінің өткір пышағы іспеттес.
Бүгінде қандастарымыздың көбінің топ-тобымен жат діннің жетегінде жүргені жасырын емес. Бұған көп нәрсе себеп. Соның бірі ретінде кешегі кер замандағы үстемдік еткен жетпіс жылдық діни сауатсыздынудың салқынын алға тартуға болады.
Бүгінде ұлттық сипатқа айналған дәстүрлі Ислам мен дүниетанымымызға сырттан келіп, түзету жасағысы келетіндердің іс-әрекеттеріне жол бермеуіміз керек. Халқымыздың ежелден Исламды өзінің байтақ даласында мемлекеттік дін ретінде қабылдап, оны бойына терең сіңіргені белгілі. Сондықтан да бізге Исламды қайтадан түсіндіру жұмыстарын емес, оны бабалар ұстанған кейіпінде қайта жаңғыртып, халықтың сауатын қайта қалыптастыру жұмыстарын қолға алғанымыз жөн.
Діннің тереңінде еркін сүңгіп жүру үшін көп оқып, ілім-білім жинауымыз қажет-ақ. Сондай әлемдегі көп діннің ішінде асыл дініміз Ислам – дінінің ішінде, әсіресе Орта Азия халықтары ұстанатын төрт мәзһәб өкілдерінің бастарын иіп тұрып мойындайтыны мәзһәб.
Бүгінгі таңда қоғамның тұрмыс-салты мен дүниетанымының жүйесі ретіндегі дін рөлінің айтарлықтай өсіп отырғаны белгілі. Діннің қоғамдық қатынастарға, қоғам санасының діни компонентін қалыптастыруға ықпал ету әсері күшейіп, ары қарай да кеңейе түсуде. Халықтың әртүрлі топтар өкілдерінің рухани, соның ішінде діни өмір салтына деген қызығушылығы артуда.
Ал қазіргі кезде дінге бет бұрған жастар арасында діни сауаттылықты арттыру мақсатында Ислам мемлекеттеріне барып, ілім ізденетіндердің саны артты. Сол жастарымыздың арасында Исламның қазақ қоғамының дәстүрлі ұстанымы мен ерекшеліктеріне, құндылықтарына ешқандай да қарама-қайшылық туғызбайтын тәлім үйреніп келіп жатқандары да жоқ емес. Алайда діни сауатының төмендігінен шет елде алып жатқан ілімнің парқына бармай, қазақтың ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктерін мүлдем жоққа шығарып, кейбір мемлекеттердің идеологияларын ұстын етіп ұстанушы жастарымыздың қарасының да көбейе түсуі алаңдатады.
Бүгінде діни сауаттылықты арттырудың маңыздылығы әмбеге аян. Қайсібір мемлекет болмасын оның жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты болады. Сондықтан жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау – бүгінгі күннің басты мәселесі.
Қазіргі таңда елімізде халықтың, әсіресе жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттыру маңыздылығы көпшіліктің аузында жүр. Қоғамның діни өмірінің тенденцияларын, діни ахуалды ескере отырып, оны жастарға жеткізіп отыру қажет. Кез келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты болады. Сондықтан жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау – бүгінгі күннің басты мәселесі.
Жастар – елдің болашағы, болашаққа сенім арту – жеңісті де жемісті келешектің көрінісі. Ал ел ертеңі болған жастар тәрбиесі бүгінгі күнге дейін маңызды болған әрі қашанда басты мәселелердің бірі бола беретін аса нәзік дүние. «Ағашты шыбық кезінде түзуле» дейді дана халқымыз. Албырттықпен қайда исең, сонда қарай иіле кететін жастардың рухани бағдары бүгінде өзекті. Өйткені жат ағыммен жарға жығылып, қоғамның санасын улап, тығырыққа тіреліп жатқандардың көпшілігі жас буын өкілдері.
Осы тұрғыда жастардың діни адасушылыққа түсіп жатқан бұрыс тұстарына тоқталып өтсек.
Біріншіден, өзін бағып-қағып өсірген ата-анасын кәпір санау. Ақиқатында Алла адам атаулыны әу бастан мұсылман қылып жаратқан. Құранда Алла былай деді: «Сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» – дегенде олар: «Әрине, куәміз», – деген. Қиямет күні бұдан хабарымыз жоқ демеңдер».
Жүрегінде Аллаға деген сенімі бар болып, «мен мұсылманмын» деп тілімен де айтып тұрған адамға қалайша кәпір деуге болады? Жүрегінде иманы бар адам мұсылман болып есептеледі. Ал оның жасайтын амалы, яғни намаз оқып, ораза ұстауы ол келесі кезектегі мәселе. Амал мен иман екі бөлек ғибадат болғандықтан иманы бар бірақ амалы жоқ адамды кәпір деуге болмайды. Жастардың қателігі – діни сауатсыздықтың салдарынан осы заңдылықтарды білместен өз ата-анасын кәпірге шығарып, онымен байланысты үзіп, дөрекі сөйлеуі, сыйламауы.
Құранда Алла Тағала: «(Мұхаммед (с.ғ.с)) Егер құлдарым Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан менен дұға-тілек тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше оларда әмірімді қабыл етсін (орындасын) және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді», – дейді. Егер бала ата-анасы үшін дұға етіп, Құранда айтылғандай сыйласа, Рахман иесі әлбетте қабыл етер еді.
Ата-ананы қадірлеу турасында Алла Тағаланың жіберген шариғатынан мына бір аятты айтқанның өзі жеткілікті. «Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле…», – делінген.
Біле білсек, жақын-жуық, ағайын-туысқандармен жақсы қарым-қатынас пен көркем мәміледе болып, өзара байланысты нығайту – бізді Жаратушы Раббымызға жақындататын ең ұлы ғибадаттың бірі. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде тума-туысқандарымен жақсы қарым-қатынаста болған мүміндерді мадақтап: «Олар Алланың уәдесін орындағандар әрі серттерін бұзбағандар. Олар Алланың жалғастыруды әмір еткенін (туысқандық байланысты) жалғастырып, Раббыларынан қорқа отырып, есебінің жаман болуынан қауіптенгендер», – деп дәріптеген.
Екіншіден, ғаламтор арқылы діни сауатын ашу. Бүгінгі ақпарат соғысы жайлаған уақытта ғаламтордағы мәліметтердің дұрыс я бұрыс екенін білу қиынның қиыны болды. Жастар өмір жолын үйретін діни мағлұматтарды арнайы ұстаздардан емес, екінің бірі жаза беретін интернеттен алады. Бұл – үлкен қателік. Монитор ұстаз болмайды! Дәстүрлі дінімізге жат материалды бойына сіңдірген жастар ата дінімізден алшақтап, дәстүрді де жат көріп, қоғамда бөлінушілік пен алауыздық осыдан пайда болды. Шындығында Ислам діні – адамзат баласын қараңғылықтан жарыққа шығарып, тура жолға бастайтын бірегей дін. «Түп-түгел Алланың дініне жабысып, бөлінбеу» – дініміздің басты қағидасы. Себебі, бұл – адам баласының жаратылу мақсаты. Бұл туралы Алла тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Ей, адам баласы! Ақиқатында сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендердің бір-бірлеріңді тануларың үшін, сендерді ұлттар, рулар қылдық».
Елімізде етек алып бара жатқан діни алауыздықтың ең басты себебі діни сауатсыздықта жатыр. Бір өкініштісі, адасқан баласын дұрыс жолға бастайды деген алдыңғы толқын аға буынның діни сауат ашуына жоғарыда айтқан діннен қорқыныш сезімі кедергі келтіруде. Діннің жолына түскен жандардың дініміздің қайнар көзінен сусындамай, сүннетке қайшы келуі ұлт санасында қалыптасқан қоғамдық көзқарасқа әсер етпей қоймасы анық. Имам Ғазали еңбегінен алынған үзіндіге зер салсақ, білім алушының жағдайына қарай оның мойнына парыз етілген істерге қатысты мәселелерді бірінші орынға қойып, әркімнің мамандығы мен кәсібіне қатысты шариғат үкімдері мен әмір-тыйымдарын үйрету керек. Хазіреті Омардың (р.а.): «Сауданың үкімін білмейтін адам базарға шықпасын», – деген сөзі осыны меңзейді.
Үшінші, жастар арасындағы діни адасушылық – талақ. Әлемде отбасы құндылығының беделі төмендеп, ажырасулардың азаймай отырғаны да ел болашағына балта шабуда. Жесір қалған келіншек, жетім қалған бүлдіршіндер сіз бен біздің баламыз немесе әпке-қарындастарымыз емес пе? Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ажырасу – рұқсат етілген, бірақ Аллаға ұнамсыз іс», – деп ескерткен. Жастар үшін ажырасу оп-оңай дүниеге айналды. Үйленеді, ұнамай қалса, «талақ» айтып басқасын ала салады. Ал бірінші әйелін 3 ай мерзім күтпей-ақ өз досына үйлендіре салады. Осылайша қарындастарымыз бірнеше еркекке тұрмысқа шығып, көтерген баласының әкесі кім екенін де білмейді. Қарап тұрсақ, бұрынғы жаһилия дәуірінде әйелдер баласының әкесі кім екенін білмей таңдау жасаған надандық әрекетінің бүгінгі жат ағым жетегінде жүрген бауырларымыздың тағдырында қайталанып жатқанын анық байқаймыз.
Бүгінгі жаһандану ғасырында, ғаламдық құндылықтарға қауіп төніп отырған сындарлы уақытта жастар тәрбиесі өзектілігін жоғалтпайтын тақырып. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жастар мәселесін әрдайым назарда ұстап, олардың толыққанды діни білім алуына, мешіт имамдарымен тұрақты қарым-қатынаста болуларына мүмкіндік жасап, тиісінше қолдау білдіріп келеді. Жастарды діни адасушылықтан сақтайтын бірден бір жол – діни сауатты ашу болып қала бермек.

Айбек ТОҒАЙ,
дінтанушы

Comments (0)
Add Comment