Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны. Ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі – жастар. Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», – деген басты қағиданы ұсынған болатын. Бұл тәмсілдің қазіргі таңдағы өзектілігі зор. Себебі тәрбиелеу – адамдардың бойында білімге негізделген түрлі игіліктер мен өнерлерді дамыту деп те атауға болады. Әрине, жас ұрпақты тәрбиелеудің түрлі жолдары мен әдістері көп, соның ішінде ұрпақ тәрбиелеуде халқымыздың рухани байлығына және асыл мұраларына, ұлттық құндылықтарына сүйенген жөн.
Күні кеше болған оқиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып үлгерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау кең байтақ аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ», – деп жазған болатын. Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру біздің, яғни жастардың жауапкершілігінде екендігі сөзсіз.
Жастар саясаты мәдени, адамгершілік және рухани құндылықтар, азамат бойындағы еңбексүйгіштік, жауапкершілік, азаматтық қасиеттер секілді қағидаттарға сүйенеді. Сондай-ақ оның басым қағидаттарына конфессияаралық келісім және этносаралық толеранттылық, ұрпақ сабақтастығы, отбасындағы тәрбие кіреді. Қоғамның қозғаушы күші деп саналған жастарға мемлекет тарапынан түрлі бағытта жан-жақты қолдау мен демеу жеткілікті. Бүгінде оларға тиесілі түрлі нұсқада бағдарламалар мен жобалар дер кезінде жүзеге асуда. Жастар бастамаларын ақпараттық-әдістемелік консультациялық сүйемелдеу мен қолдау, олардың арасындағы ахуалға мониторинг жүргізуді және талдауды жүзеге асыру мақсатында Тараз қаласы аумағында түрлі жұмыстар атқарылып келеді.
Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы осы бағытта түрлі қызметтер көрсетуде. Орталық – жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына үлес қосатын және қолдау көрсететін ұйым. Қазіргі таңда мұнда 11 бағыт бойынша белсенді жұмыстар атқарылуда. Қаламызда 367 262 тұрғын бар десек, оның 20,7 пайызы жастар. Нақтырақ айтқанда, шаһарда 76 882 жас тұрғын бар.
Осы жылдың қазан айының басында ауқымды «Тараз қаласына жаңа серпіліс» атты инновациялық жобалар байқауын ұйымдастырған болатынбыз. Жобаның негізгі мақсаты – жастарды қоғамның өзекті мәселелерін шешудегі орны мен рөлін арттыра отырып, жаңа ұсыныстар мен тың идеялар туындатып, оны тиімді пайдалануға үйрету. Жалпы байқауға облыс және қала аумағынан 30-ға жуық команда қатысты. Жоба аясында жастар арасында сұранысқа ие және өз саласында тәжірибесі жоғары кәсіпкерлер мен менторлар, мемлекеттік мекеме өкілдерінен құралған спикерлер тобы қатысушыларға мобилография, SMM бизнес жоба жазу және қорғау, ораторлық өнер бағыттары бойынша дәріс берді. Екінші кезеңде оқытудан өткен қатысушыларға Тараз қаласын аралау үшін 24 сағат уақыт беріліп, қалаға экскурсия жасалды. Ондағы мақсат – Тараз қаласына қажетті немесе қаладағы проблема деп тапқан мәселені шешу жолында қатысушылар тарапынан жаңа, тың идеяларға толы бизнес және инновациялық жобалар туындату. Сонымен қатар орталықтың қолдауымен «Мерейлі отбасы», «Толағай» жас отбасылар байқаулары да өткізілді. Сондай-ақ жас таланттардың өнерге қызығушылығын арттыру, жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, өнерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған «Біз таланттарды іздейміз» атты жас таланттар байқауы да көпшілік көңілінен шықты.
Жастарды жұмыспен қамту бағытында да ілкімді істер атқарылуда. Айталық, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысына барлығы 450 жас уақытша жұмыспен қамтылып, белсенді шараларға тартылған болатын. Сонымен қатар орталыққа қарасты қала аумағында шалғай аудандарда тұратын жастарға арналған аула клубтарда қазіргі таңда балаларға арналған түрлі үйірмелер мен арнайы мамандармен қосымша сабақтар өткізілуде.
Орталыққа қарасты «Құмшағал» алқабында «Қабілет», «Шөлдала» алқабында «Шөлдала energy», «Самал» ықшамауданында «Арай», «Астана» ықшамауданында «Азимут», «Бәйтерек» ықшамауданында «Бәйтерек», аула клубтары жұмыс жасауда. Клубтар жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған ойын құралдарымен, кітаптармен, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Орталыққа қарасты қазіргі таңда «Тараз жастары» және «Ақ-Сұңқар» волонтерлық қозғалыстары құрылып, бүгінде көптеген қайырымдылық іс-шараларда бой көрсетіп, қаламыздың өркендеуіне өз септігін тигізуде. Атап айтқанда, 7 бағыт бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Нақтырақ тоқталсақ, «Қамқор» бағыты бойынша 10 қарт кісіге үй соғу, ауласын тазалау бір реттік әлеуметтік азық-түлік пакетімен қамту жұмыстары жасалды. «Таза әлем» бағыты аясында 50-ге жуық сенбілік ұйымдастырылды. Одан бөлек, «Тегін такси», «Ардагерлерге көмек» қызметі ұйымдастырылып, қарттар мен жалғызбасты аналарға көмектесу сынды қайырымдылық іс-шараларға белсене атсалысуда. Қазіргі таңда еріктілер саны 100-ге жуық.
Орталық жастары қай кезде де мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін де назардан тыс қалдырған емес. Бүгінде мүгедек азаматтарға қатысты барлық мәселе шешілді дей алмаймыз. Алайда бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесе атқарып, түйткілдердің түйінін тарқату бағытында аз жұмыс жасалған жоқ. Осындай ортадағы адамдарға қамқорлық көрсету – қоғамның парызы. Ең бастысы, олар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінуі керек. Бұл ретте мүгедектерді оңалту мен оларды қоғамға кіріктіру міндеттерін сапалы жүзеге асырудың маңызы зор .
Жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау – сол буынның борышы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болмасын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған. Оларды білімге бағыттап, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқудың тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Қандай мықты мемлекет болмасын жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін ең алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек.
Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру – біздің қолымызда, яғни болашағымыз –жастардың жауапкершілігінде. Сондықтан біздер, жастар қауымы уақыттың кез келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беруіміз керек. Санасы зергек, заманауи технологияларды меңгерген еліміздің нағыз патриоттары ғана осындай сынақтарға төтеп бере алмақ.
Адамның жас кезінде қайратты болатыны анық. «Жас келсе – іске!» деген сөздің төркіні де осыған негізделген. Мемлекет жастардың қайратын босқа шашпауына, оны елге пайдалы іске бұруға бағыттап отыруы тиіс. Жастар үлкендердің ақылын ала отырып, өздері жаңа өмірді, жаңа қоғамды қалыптастыруға атсалысады.
Біздің ата-бабаларымыз бізге осындай байтақ даланы мирас етіп қалдырды. Тәуелсіз мемлекетті құрып берді. Өскелең ұрпаққа зор сенім артты. Біз, жастар сол сенімді ақтай білуге, олардың бізге қалдырған ұлы мұрасын жалғастыра білуге тиістіміз. Бұл – біз үшін зор міндет. Қазақ жастары осы үдеден абыроймен шығады деп сенемін.
Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. Заманның заңғар тұлғаларының бірі Міржақып Дулатов:
Алыстан Алаш десе аттанамын,
Қазақты қазақ десе мақтанамын, – деп айтқандай, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарымыз жаңа идеяларды жүзеге асырып, өміршең істердің бастауында тұрғанда бүгінгі жас ұрпақпен әрқашан мақтанамыз.
Ел алдындағы басты мұрат – тәуелсіздік алып келген ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпаққа насихаттау болмақ. Ұлттық рух пен патриоттық тәлім-тәрбиенің қайнар көзі.
Қазақстанның тәуелсіздік алуы жаңа мемлекеттің жастарын этикалық және адамгершілік, отаншылдық тәрбиелеу мәселелерін алға шығарды. Кеңес Одағы ыдыраған соң, тәуелсіздік алғашқы жылдарындағы тоқырауында қылмыс, нашақорлық, маскүнемдіктің саны көбейсе, екінші жағынан, қоғамда жаңа құндылықтар орнай бастады. Қазір елімізде бірнеше тілді меңгерген, заманауи ақпараттық технологияларды білетін белсенді, белгілі бір мақсатқа ұмтылатын жас ұрпақ өсіп келеді. Бұл ұрпақты қолдап, әмбебап адами құндылықтар ұғымын қалыптастыру қажет екені рас. Сонда ғана белгілі бір топтардың, шектеулі адамдардың емес, жалпы қоғамның өркендеуіне мүдделі сауатты, өнегелі азаматтар өсіп шығады. Өз Отанын сүйетін, осы жердің тарихы мен тілін құрметтейтін, ондағы өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың мәдениетін сыйлайтын, бірақ ортақ құндылықтары бар екенін түсінетін, өзара сенім мен түсіністік рухында тәрбиеленген азаматтар әрқашан әлемге ашық, ізденімпаз, білім мен ғылымға құмар, жат қылықтардан аулақ және өз халқын шын ардақтайтын болады. Ал бұған қалалық жастар ресурстық орталығы үнемі қолдау көрсетуге әзір. Бұл бағытта атқарылған жұмыс ауқымды, жоспар жұмыр.