Жастар мәселесі жіті назарда

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің қабырғасында «Қоғамдағы әлеуметтік-психологиялық мәселелердің медиа моделі» атты халықаралық конференция өтті. Басқосуда лудомания, буллинг және суицидтің алдын алуда БАҚ-тың рөлі, қоғамды ақпараттандыруға қосқан үлесі және ғылыми зерттеулері жайлы кең көлемде талқыланды.

Конференцияны ашып, жүргізіп отырған университеттің Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек өз сөзінде, адамның психологиялық қауіпсіздігі қазіргі таңда өте өзекті екенін жеткізді. Сонымен қатар аталған мәселелер тек жеке тұлғаның емес, тұтас қоғамның тыныс-тіршілігіне әсер ететінін баса айтты. Жиында Жамбыл облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Еркін Тілешұлы, психология ғылымдарының докторы, профессор, Ош мемлекеттік университетінің психология кафедрасының меңгерушісі Акчач Жолдошова, Жамбыл облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілі Дәурен Оралұлы, педагог Ғалымбек Бермағанбетов, Моңғолия Ғылым және технология университетінің іскерлік әкімшілік және гуманитарлық жоғары ғылымдар мектебінің директоры Энхбат Авирмед, Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» директоры Алмат Сәдуақас, психолог Гүлназ Бейсембек, оқу орнының Әлеуметтік жұмыс басқармасының басшысы Арнат Ұлтанбаев баяндама жасады.

Басқосу барысында мамандар тақырып аясында тұшымды ойларымен бөлісті. Мәселен, алғашқы болып сөз алған Еркін Тілешұлы адам құқықтарының сақталуы, әсіресе жасөспірімдер арасындағы құқықтық сауаттылық пен олардың қорғалуы жайында өзекті мәселелерді көтерді. Ал Гүлсара Мұхтарқұлова буллинг пен лудоманиямен күресте құқық қорғау органдарының рөлі мен тәжірибелік тәсілдері жайында кеңінен баяндады. «Zoom» платформасы арқылы қосылған Акчач Жолдошова мен Энхбат Авирмед университеттер арасында берік байланыс орнатып, тұрақты тұрғыда тәжірибе алмасып отыру жайлы ой қозғады. Дәурен Оралұлы жас буын құқықтарының қорғалуы мен қауіпсіз орта қалыптастыру мәселесіне терең тоқталса, Ғалымбек Бермағанбетов жас ұрпақтың тұлғалық дамуына әсер ететін психологиялық факторлар туралы баяндама жасап, тың идеяларымен бөлісті. Арнат Ұлтанбаев өз сөзінде, студенттік ортада кеңінен таралған психикалық қауіпсіздік мәселелері дер кезінде әрекет етуді талап ететін өткір тақырыптар екенін баса айтты. Алмат Сәдуақас қоғамдағы әлеуметтік ахуал туралы шынайы ақпарат таратудағы БАҚ-тың жауапкершілігіне тоқталды. Білім беру мекемелеріндегі медиа сауаттылық пен ақпараттық қауіпсіздік жайлы мемлекет деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, бірқатар ұсыныстар білдірді. Ал Гүлназ Бейсембек буллингтің балалар мен жасөспірімдерге келтіретін жан жарасы туралы мысалдар келтіріп, оны болдырмау үшін қолдануға болатын әдіс-тәсілдерді ұсынды. Сонымен қатар психологиялық атмосфераны құрудың маңыздылығын, оның жеке өмір мен кәсіби қызметтегі рөлін ерекше атап өтті. Білімгерлерге күйзелісті төмендету техникалары, эмоциялық интеллекттің маңыздылығы, психоэмоционалдық тұрақтылықты қалыптастыру туралы құнды ақпараттармен бөлісті. Осы ретте мамандар толыққанды мағлұматтармен бөлісіп, студенттер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Мамандар білім алушыларға ішкі жағдайды басқара білу жайлы кеңестер беріп, өмірді жақсарту жолдарын таңдау әркімнің өз қолында екенін жеткізді.

Жиын соңында Аслан Еділханұлы конференцияға қатысқан білікті маман иелеріне Алғыс хат табыстап, жылы лебізін жеткізді. Алдағы уақытта Дулати университеті қоғамға пайдалы басқосуларға әрі бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің
«Ақпарат және медиакоммуникация» орталығы

Comments (0)
Add Comment