Халықаралық жастар күніне орай Қ.Рысқұлбеков саябағында Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жастар – ел тірегі» фестивалі өтті.
Фестиваль барысында түрлі бағыттағы қызықты әрі тартысты сайыстар ұйымдастырылды. Айталық, заманауи би жарысында жастардың ырғақ пен қимылдағы шеберлігі көрерменді тәнті етсе, квест ойындарында тапқырлық пен жылдамдық басты сынға түсті. Ал спорттық іс-шараларда стритбол, турникке тартылу, армрестлинг, гир көтеру, асық ату, шахмат және дойбы сынды жарыстарда жастар өз шеберлігін паш етті.
Мереке аясында туған қаласының дамуына, Тараздың көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген белсенді жастарға Алғыс хаттар табысталды. Бұл оларды бұдан да жарқын жетістіктерге жетелейтіні сөзсіз.
Кешкісін саябақтың басты сахнасында көптен күткен гала-концерт өтті. Гала-концертте өнерпаздар өз өнерімен мерекенің ажарын ашып, ал кештің басты қонағы – көптің сүйікті орындаушысы Dosekesh әсерлі әндерімен көрермен жүрегін тербетті.
Абзал Есіркепов,
Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры