Жастар – ел ертеңі

Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы жастар мен олардың ұйымдарын қолдау және дамыту үшін қызметтер көрсету, бастамаларын ақпараттық-әдістемелік консультациялық сүйемелдеу мен қолдау, жастар арасындағы ахуалға мониторинг жүргізуді және талдауды жүзеге асыру мақсатында түрлі жұмыстар атқарып келеді. Қазіргі таңда орталық 11 бағыт бойынша белсенді қызмет жасауда.

Бүгінде шаһардағы 367 262 тұрғынның 20.7 пайызы – жастар. Арнайы жүргізілген зерделеудің нәтижесі олардың нақты саны 76 882 екендігі анықталды.
Ағымдағы жылдың 7 айында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 1556 жас тартылып, «Жастар практикасы» бойынша 196 азамат жолданды. Ал «Жасыл ел» еңбек жасақтарына 296 жас жіберілді. Айта кету керек, бүгінде «Жасыл ел» еңбек жасақтары Абай, Жамбыл, Сүйменов, Сыпатай батыр, Қонаев, Сейфуллин, Әл-Фараби көшелерінің бойларында тазалық жұмыстарын жүргізуде.
Қоғамдық сананы жаңғырту шеңберінде жастарды мәдени, азаматтық және рухани-адамгершілік құндылықтарға баулу бағытында және жастардың қоғамдық бірлестіктерімен байланысын жүзеге асыру мақсатында 431 іс-шара ұйымдастырылып, 18 442-ден аса адам қамтылды. Сонымен қоса бүгінде Жастар ресурстық орталығына қарасты 5 аула клуб жұмыс істеуде. Аталған аула клубтарында 15 түрлі үйірме мен 5 жетекші жастарға қызмет көрсетуде.
Бұдан бөлек, жастарды ақпараттандыру және насихаттау мақсатында 36 кеңес беру алаңы өткізіліп, 1365-ке жуық адам қамтылды. Сондай-ақ жастар өздерін әртүрлі қырларынан байқап көрсін, бейімділіктерін анықтап, әр салада сынап көруге арналған «Жас саясаткер», «Ақпарат алаңы», «Сана» сынды жобалар ұйымдастырылып, белгілі мемлекеттік қызметкерлермен, ораторлармен, қоғам белсенділерімен сабақ-тренингтар өткізіп, тәжірбие алмасты. Сонымен қатар орталықтың бастамасымен «Taraz jastary» атты волонтерлық ұйым құрылып, қаламыздың өркендеуіне өз септіктерін тигізіп, еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласуда.
Ел ертеңі үшін жастарымызды бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу біздің мойнымызда екендігі хақ. Олардың бойына жаңашылдықпен қатар ұлттық құндылықтарымызды сіңіре білсек, ел тұтқасын ұстайтын нағыз тұлғалар тәрбиеленетіні белгілі.

Абзал Есіркепов,
Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры

Comments (0)
Add Comment