Ғұламалар айтады: «Елдің ертеңін білгің келсе, бүгінгі жастарына қара». Жастар қашанда әр қоғамның ең құнды қазынасы болған, солай бола береді де. Себебі жастар – елдің тірегі. Жастар – халықты дамуға жетелейтін негізгі күш. Жастар – елдің болашағы. Жарқын болашақ жастардың қолында.
Ислам діні қашанда жастардың қоғамдағы рөлінің жоғары екенін көрсетіп, оның тәрбиесіне айрықша көңіл бөлуге шақырып келген. Себебі дұрыс бағыталған жастар елдің үмітін ақтайды. Кері жағдайда, тәрбиесі ақсаған жастар дұрыс пен бұрыстың арасын ажырата алмай, қисық жолға түседі. Қоғамда кері әрекеттер мен бүліктерге жол ашылып, елдің берекеті қашады. Бүгінде тәрбиесі ақсаған жас ертеңгі күннің қылмыскері болып шығуы әбден мүмкін. Болашағымыз шуақты болсын десек, бүгіннен бастап жастардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуіміз керек.
Діни өсиетте: «Бес нәрсе келместен бұрын бес нәрсені олжалап үлгер (қадірін біл): қарттық келместен бұрын жастық шақты, ауру келместен бұрын денсаулықты, кедейлік келместен бұрын байлықты, қарбалас келместен бос уақытты және ажал келместен бұрын тіршілікті», – дейді.
Халқымыз «Не ексең, соны орасың» деп бекер айтпаса керек-ті. Сәби бала ошақ қасында қандай тәрбие көрсе, өскенде де солай болатыны ақиқат. Егер бала отбасында мейірімге толы, дінге қанық, салт-дәстүрмен тәрбиеленіп өссе, болашақта еліне, жеріне қызмет ететін жақсы азамат болатыны анық. Ұл бала өсірсе, баланың тәрбиесіне әкесі немесе ағалары көңіл бөлген, ұл баланы тәрбиелеген кезде де дұрыс мәміле құрып, баланы төзімділікке және еңбекке баулып өсірген. Өтірік айтпауға, біреудің ала жібін аттамауға, ұрлық жасамауға баулыған. Қыз баланың тәрбиесіне анасы, жеңгесі немесе әжесі көңіл бөліп, ибалы, инабатты қылып тәрбиелеген. Қыз айттырса да, құда түссе де, қыздың жанында әрдайым жеңгесі жүретін болған. Қызға азды-көпті ақыл-кеңесін айтып, қыз баласын жігітпен жолықтырса да, жеңгесі қасынан табылып отырған. Осындай тәрбиенің арқасында қыз аттаған босағасында абыройлы болған.
Жастардың дұрыс жолда болуы – қоғам саулығы.
Кез келген халықтың болашағын жастарының қай жолда жүргенімен бағалауға болады. Егер жастар ғылым-білім жолында, имандылық жолында, салауатты өмір салтын ұстану жолында болса, онда ол елдің болашағы бар. Егер жастар жастықпен мас болып, нәпсі жетегінде азғындыққа белшесінен батса, ондай елдің болашағы жоқ.
«Қайыңның қырық бұтағы болады. Алайда сол қырық бұтақтың ішіндегі біреуі ғана пайдаға асар түзу таяқ болады, ал қалғандары жай ғана саптыаяқ пен қисық таяқ болады». Мұнымен не айтқымыз келді, әрбір Қазақстанның жас жеткіншектері қисық не қиғаш ғұмыр кешпей, түзу әрі берік болып жетілуі, болашаққа нық қадаммен бекінуі керек. Тәуелсіз елдің жастары қазақ елінің ертеңі екенін білсе, М.Мағауин атамыз айтқандай, ұлттық сананы жаңғыртып, ұлттық идеологияны қалыптастыруымыз, зейінімізді арттырып, топ ішінен даралануымыз, озық шапқан «XXI ғасыр Құлагері» атануымыз ақиқат.
Жастық шақ – адамның құбылмалы нақты бір ұстанымға келмеген кезеңі.
Жас кезде адам әр нәрсеге ұмтылып, әр нәрсенің дәмін татқысы келіп тұрады. Ол үшін бәрі қызық. Бұл уақытты, әлеуметтанушылардың тілімен айтқанда, жастық максимализм дейді.
«Жастық максимализм» ұғымы жасөспірімдік сипатқа ие:
– таңдалған идеалдарды максимумға жеткізу;
– бәрін барынша жақсы жолмен жасауға ұмтылу;
– өмірдің жаһандық идеализациясы;
– гипертрофиялық оптимизм;
– шынайы жағдайды дұрыс түсінбеу.
Осы орайды дінге бет бұрушы жастар арасында жастық максимализмнің теріс тұстары байқалуда: ол діни байыпты ұстанымнан діни фанатизмге ауып кетуі.
Қоғамда кездесетін діни фана- тизмнің ең қауіпті жағы, ол – радикалды әрі агрессиялық пікірде бекем тұрып, өзгелердің көзқарасын жоққа шығарып, қабылдамау. Мысалы, соңғы уақытта елді үрейлендірген «ұлы жихад» (үлкен күрес) терминін діни тұрғыдан жастарымызға деструктивті ағымдарда «қолға қару алып немесе өзін-өзі жару арқылы жасалатын күрес» деп түсіндірілуде. Бұл, әрине, қате пайым.
Абзал Есіркепов,
Жастар ресурстық орталығының директоры, кеңес мүшесі