Тараз қаласында көктемгі санитарлық-тазалық жұмыстары қарқын алуда. Айталық, санитарлық тазалықтың екі айлығы аясында өткен сенбіде «Көктем» алқабында «Nuri» бау-бақша орталығының демеушілігімен 2500 көшет отырғызылды.
– Сүйікті қаламыздың көркіне сән қосу мақсатында осы бір игі іске ұйытқы болып, өз үлесімізді қосудамыз. Шаһар тұрғындарын қала тазалығын сақтап, сенбілікке белсене атсалысуға шақырамын,- дейді бау-бақша орталығының менеджері Мадина Нұрхатқызы.
Сенбілікке көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары да белсене атсалысуда. Олар үй айналасын тазалаумен қатар, аулаға гүл егіп, әрлеп, ойын алаңшаларын реттестірді. Солардың бірі – «Самал» ықшамауданы, №7 үйдің тұрғыны Рыскүл Қасымова.
– Көне шаһарымыз күннен күнге көркейіп келеді. Бұл әрине баршамызды қуантады. Дегенмен оның тазалығы да сол келбетіне сай болуы керек. Мұны әрбір адам өз ауласынан бастағаны жөн. Егер әрбір тұрғын ең әуелі өзінің айналасын таза ұстаса бұл оның шаһардың дамуына да қосқан үлесі. Осы мақсатта біз де көршілермен ұйымдасып, сенбілікке шығу туралы бастама көтергенде ешкім сырт қалмады. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін атсалысып, арықтарды тазалап, қоқыстарды шығарды. Қала тазалығы тек белгілі бір мекемеге ғана емес, баршаға ортақ екенін жете түсінгеніміз жөн, – дейді зейнеткер.
Сондай-ақ осы күні қалалық «Жастар орталығының» бастамасымен «Қарасу» (5) ықшамауданындағы «Әулиебастау» бұлағының маңы күл-қоқыстан тазартылы. Бұл шараға 100-ден аса ерікті жас тартылған.
Құрмаш Қаптағай