Қазіргі күрделі заманда ойландыратын жайлар өте көп. Өз отбасыңнан бастап, елдің, ұлттың болашағы туралы ойлайсың. Өйткені өзіңнің отбасыңның, ұрпағыңның келешек тағдырын еліңнің, ұлтыңның ертеңгі күнінен, келешегінен бөліп ала алмайсың.
Ал келешек кімнің қолында? Олардың заманы қандай болады? Жаһандану деген уақыттың иірімінде бүгінгідей халықтық қасиетін, ұлттық даралығын сақтап қала ала ма? Біз, аға ұрпақ, оларға не қалдырып бара жатырмыз? Әрине, мұның барлығы күрделі сұрақ. Әрбір саналы, зиялы азаматты толғандыратын жауабы оңай емес мәселе. Тіпті бүгінгідей күрделі, ию-қиюы мол заманда анық жауабын таппай қиналасың. Әр түрлі қауіп ойлайсың. Шетелдіктердің, әсіресе қытайлықтардың өңмеңдеп кіре бастағанынан, елдің алып кәсіпорындарының қожайындарына айналғанынан сезіктенесің. Сырт жерден келген кім-кімнің де өз мүддесі, мақсаты бары белгілі. Еш уақытта бөтен бір халықтың бай-алпауыты екінші бір халықтың жағдайын, тұрмысын жақсартайын, көсегесін көгертейін деп келмейтіні бесенеден белгілі. Күні кешеге дейін отарлықта болып, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы, сол отарлықтың қамытын әлі санасынан толық сілкіп тастап жатпай-ақ, тағы да кіріптарлыққа, жалтаңкөзге ұрына ма деп қауіптенесің. Ол отарлықтан бұл байлаулы жайдың салдары тым ауыр, қасіреті мол болып кетпесі, қанеки. Атамыз қазақ, «қара қытай қаптаса…» деп бекер қауіптенбеген ғой. Тарихқа қарап отырсақ, ата-бабамыз бұл мәтелді жәй болжаммен, сөзді қиыстырып айта салмағаны көрінеді. Басынан талай зобалаңды өткерген, алысқан-шабысқан, сөйтіп отырып, осы ұланғайыр жерді сақтап қалып, бізге аманаттап жеткерген. Осындай зор қауіп-қатерлерді ойлай отырып, бірақ болашаққа үмітпен, жақсылықпен қараймыз. Ел аман, жұрт тыныш болса, жастар бақытты өмір кешсе екен дейсің. Қазақстанымыз бұдан да дамып, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, қазақ деген халық бар қуатына мініп, мемлекеттің шын иегері екенін танытса деп аңсайсың. Мемлекеттік тіліміз ғылымның, шаруашылықтың барлық саласында тынысын ашып, шын мәніндегі мемлекеттік тілге айналса дейсің. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, жақсы дәстүр-салтымыз төрге шығып, өзіміздің ұлттық менталитетімізді жарқыратып аша білсек, өзгелерге соны таныта, мойындата алсақ, кім-кіммен де тереземіз тең болса дейміз. Соның барлығына жан-жүрегіңмен тілектес боласың. Өйткені, ол заман біздің келешегіміз, болашақ ұрпағымыздың, мына бүгінгі жастардың заманы ғой. Кім өзіне, еліне, жеріне жаманшылық ойлайды?
Үміт те, сенім де жастарда. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Алайда аға ұрпақтың мойнында да үлкен жауапкершілік бар. Жастардың осылай қалыптасуына, бой түзеуіне аға ұрпақ жауапты.
Бүгінгі жастар – кешегі біздің уақыттың жастары емес. Арада жер мен көктей айырмашылық бар. Уақыттың талабы жастардың алдына көп міндеттер қойып, өрісін кеңейткен. Біздің кезімізде жаппай ағылшын тілін үйрену, шетелге бару деген мәселе түсімізге кірмейтін. Тіпті әке-шешеміз ол жөнінде ойламайтын, ертегі сияқтанатын. М.Әуезов, Б.Момышұлы секілді ұлттың ұлы тұлғаларының өзі шетелге сан рет тексеріліп, кейде кейінге шегеріліп, түрлі қиындықтардан өтіп, тек Мәскеудің рұқсатымен ғана сапарға шыққан. Ал қазір басқаша. Жастардың шетелде, әлемнің озық оқу орындарында білім алуы – Тәуелсіздіктің жемісі, ел болашағының ырысы. Басқа ортаны көруі, дамыған елдің білімі мен ғылымын, мәдениетін танып игеруі – еркін, азат ойлы рухтың қалыптасуының басты шарттарының бірі деп білемін. Ал бізге Елбасы айтқандай, азат ойлы, еркін рух аса қажет. Бұл бүгінгі жастардың артықшылығы. Ұрпақтың алмасуымен, осындай отарлық санадан біржола арылып, өз білімі мен қайратына сенетін елдің ендігі иегері жаңа буынның қалыптасуы қандай жақсы болар еді. Осы жолда мемлекетіміз тарапынан қыруар жұмыстар атқарып жатыр.
Бүгінгі ұрпақ «Бұл – Ленин бабамыз, бұл – Ленин данамыз» деп, мектеп партасында отырып ән салмайды. Лениннің кім екенін білмейді. Бұл жақсы ғой. Ал біздің кезімізде Ленинсіз кітап болмайтын. Марксизм-ленинизм тарихын оқитынбыз. КПСС тарихы деген ең негізгі және жазуы, конспектісі өте көп пән болатын. Студент кезде білімге ұмтылысы мықты қыздар орталық кітапханаға барып, ертеден қара кешке дейін сарылып отырып, «күн көсемдердің» еңбектерін конспектілейтін. Ал олардың дәптерлерінен біз конспектілейтінбіз. Конспектісіз қадам бастырмайды. Кейін ойланып қарасам, мұның бәрі біздің санамызға коммунистік идеологияны сіңіру жолдары екен ғой. Ал қазір жағдай басқаша. Мен мұны біздің қазіргі қоғамның қаншалықты өзгергенін сездіру үшін айтып отырмын.
Қазіргі ұрпақтың қалыптасуы өзгеше. Бұрынғы біз сияқты Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин (Мэлс) деп таңдайы тақылдамайды, мектепте-ақ қолын жүрегінің тұсына қойып, кеудесін асқақ көтеріп, «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы, Ерліктің дастаны, Еліме қарашы! Ежелден ер деген, Даңқымыз шықты ғой. Намысын бермеген, Қазағым мықты ғой!…» деп Әнұранын шырқайды. Бұл да бүгінгі уақыттың шындығы, Тәуелсіздіктің арқасы. Сондықтан, бүгінгі уақытты әрбіріміз – жасы, жасамысымыз болып бағалай білуіміз, ата-баба арманымен, кешегі желтоқсаншы жастардың қанымен жеткен Тәуелсіздіктің тұғырлы болуына қызмет жасауымыз ауадай қажет.
Мен бүгінгі қоғам туралы ойымды кешегі өзім куә болған қоғаммен әдейі салыстырып айтып отырмын. Өйткені ол уақыт бүгінде тарихқа айналды. Қазіргі уақыттың артықшылығы мен жетпей жатқан тұстарын сол кезбен салыстыра ойлайсың. Өткен тарихқа бірыңғай топырақ шашуға болмайды. Жақсылықтары да мол болды. Халқымыз сауатты халыққа айналды, өндіріс дамыды, түрлі салада кадрлар дайындалды. Қала қалыптасты. Дегенмен ойсыраған халықтық шығын мен залалды да ұмытпауға тиістіміз. Өткен ғасырдың 20-жылдары мен 30-жылдың басында халықты қынадай қырған ашаршылық етек алды. Қолмен жасалды. Халықтың арда азаматтары атылды, қуғынға түсті. Кейінірек қазақ даласына «Тыңды игереміз» деген қызыл ұранмен сан алуан ұлттың өкілдері тоғытылды, қазақ мектептері жабылды. Қазақ деген кең пейіл, дарқан халық өз жерінде аз ұлтқа айналды. Сол кездің билеушісі Н.С.Хрущев «Патшалы Ресей екі жарым ғасырда атқара алмаған ісін мен екі жылда-ақ орындадым» деп мақтанған екен. Яғни, бұл отарлық саясат кешегі кеңестік заманда да қарқынды жүргізілді деген сөз. Жер-су, елді мекен аттары өзгерді. Міне, біз осындай тарихты да ұмытпауымыз керек. Тарихты терең біле отырып, бүгінгі уақыттың бағасын, қаншалықты қымбатқа түскенін білуіміз қажет. Сондықтан жастар кешегі қоғамның тарихын жақсы танып, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінсе екен дейміз. Мұнда жоғарыда айтып өткеніміздей, аға ұрпақтың мойнында салмақты жүк бар.
Бүгінгі жастардың бойындағы қандай қасиеттерге сүйсінемін? Ең бастысы, еркін ой, азат рух бар. Бүгінгі жастардың бойында іскерлік, талант, алға ұмтылыс бары байқалады. Кәсіпкерлікке бетбұрыс қала жастарында ғана емес, ауыл жастарының арасында да кеңінен өріс ала бастады. Яғни, заман, уақыттың өзі адамның алдына өз міндеттерін, тың талаптарын қоя бастады. Күні кешеге дейін жұмыстың көзін таппай жүргендер қазір басқаша ойлануға, қарекет жасауға көшті. Бұл дегенің бүгінгі заман адамының санасында үлкен өзгерістер үдерісі жүріп жатыр деген сөз. Ал біздің халық, оның ішінде әсіресе жастар өте талантты, қабілетті. Олар өз кәсіптерін жүргізуде білімнің, ғылымның алдыңғы технологиясы қажеттігін, онсыз алға баса алмайтынын жақсы сезінеді. Уақыттың өзі бұл мәселені алға тартып отыр. Яғни білім де, ғылымның жетістіктері де оларға өз кәсіптері үшін қажет. Сандық түбінде жататын «көк дипломның» енді оларға керегі жоқ. Не пайдалы, не пайдасыз – оны енді өздері саралайды, жаңаша ойлау жүйесіне көшеді.
Тағы да кешегі қоғаммен салыстыру жасайын. Кешегі қоғамда масылдық пиғыл орнықты. Жаппай ізденіс, алға ұмтылу, еркін ой аурасы қалыптаспады. «Өкімет асырайды, өлтірмейді» деген ой сананы билеп алды. Осы масылдықтан күні кешеге дейін арыла алмадық. Байлықты, жақсы тұрмысты «партия» болып мансұқтадық. Бәріміз бір «формадан» шыққандай біркелкі, орта дәрежелі болуға тиістіміз деп қабылдадық. Рас, айлығымыз күн көріске жетті, сондықтан да «одан артық не керек, бақыт дегеніміз осы» деген босбелбеулік үстемдік алды. Осы босбелбеулік пен масылдықтың санамызда мықты орнығып қалғаны соншалық, 90-жылдары халықтың басым бөлігі нарықтық қоғамның алдында дәрменсіз күй кешті, өз беттерінше әрекет жасаудың жолдарын да білмеді. Сол уақыттан да аман-есен өткен халқымыз, енді міне уақыттың жетегімен психологиялық, іскерлік түрғыдан көп өзгерді. Біз бұған тәуба деуіміз қажет. Осы өзгерістердің алдыңғы легінде біздің жаңашыл ойлайтын өршіл жастарымыз бар.
Әрине, мен мұны қоғамдағы басты бағыт, тенденцияға қарап айтып отырмын. Бұл қазіргі уақытта қиыншылық, жетіспеушілік жоқ дегендік емес. Менің ойымша, қазіргі болып жатқан қиыншылықтар мен жетіспеушіліктер болуға тиісті тәрізді. Осы қиыншылықтарды басымыздан өткермесек, оны басымыздан өткере отырып тәжірибе жинақтамасақ, жеңіп шықпасақ, біз ұлт болып шыңдалмас едік. Сондықтан да қазіргі уақыттың қазақ деген ұлттың алдына қойып отырған сын-сынағы барынша өте мол деп білемін. Осы сәттерде аға ұрпақ жастардың жақсы үлгіде қалыптасуына үлкен ықпал жасап, өмір-тәжірибелерімен бөлісуі, жөн сілтеуі тиіс. Ата-бабамыздан қалған жақсы дәстүр-салтты, адалдық пен имандылықты жастардың бойына сіңіруге атсалысуымыз қажет.
Қазіргі қоғам мейлінше күрделі. Көз көріп, құлақ естімеген небір сұмдық жайларды теледидардан, басылым беттерінен көріп, оқып жатамыз. Ашық ақпарат кеңістігі дегенмен, жамандықты жарқыратып көрсете бергеннен, біз ұтпаймыз. Қайта онымен үкімет, жергілікті органдар күресті күшейтуі, алдын алу шараларын барынша өрістетуі керек. Жамандықты көрсетіп, жамандық туралы ойлап, айта берсек, меніңше, жамандықтан жамандық туады. Демократияның да шегі бар. Не нәрсе өзінің шегінен асып кетсе, оның зияны да соншалықты мол болады. Тәттіні көп жесең, жүрегің айниды, ащыны көп қолдансаң, аузың кермек тартады, шөл қысады дегендей. Сондықтан да мен кей тұстарда айтылып қалып жататын «жастар олай, жастар былай» деген көңіл толмаушылыққа онша келіспеймін. Жастардың ар жағында үлкендер бар, қоғам, орта бар. Ендеше, қоғамда болып жатқан кейбір келеңсіздіктерге жастармен қатар олар да жауапты.
Жастар – елдің келешегі. Биылғы жылдың Елбасының шешімімен жастар жылы деп аталуы да тегін емес. Ендеше, мен жастарға өр рух, үлкен білім мен ізденіс, туған елі мен жеріне деген ұланғайыр патриоттық сезім тілеймін.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор, «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры