Жастарға жасалған қамқорлық

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекет тарапынан жастарға айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Азаттықтың алтын таңымен бірге азаматтарды ел болашағы үшін қызмет етуге бағыттайтын түрлі бағдарламалар жүзеге асқан болатын.

Бүгінде қазақ мемлекетінің дамуы үшін «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген түлектер аянбай еңбек етуде. Бұл білімді жастарды қолдаудың бастауы болғаны анық. «Болашақ» бағдарлама-сы – еліміздегі жастардың дүниенің төрт бұрышына барып, білім қуып қайтуға талпынған жасалған теңдессіз мүмкіндік. Еліміздің талантты жастарына қолдау көрсетіп келе жатқан «Болашақ» стипендиясы дүние жүзіне танылған қазақстандық брендке айналды. 1993 жылдан бері 13 мың жастың шетелде білім алуына жағдай жасалып, олардың заман талабына сай білікті маман болуына жол ашылды. Бүгінде «Болашақ» стипендиясымен оқып келген түлектер білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге жетуде. Сонымен қатар «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы еңбек нарығындағы тепе-теңдікті сақтау, халық тығыз қоныстанған өңірлердегі жұмыссыздық деңгейін төмендету, еліміздегі халық саны азая бастаған бірқатар өңірлерде демографиялық өсім көрсеткішінің артуына ықпал етіп, жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындарды мамандармен қамтамасыз етуге оң ықпалын тигізген болатын. Ауылдық аймақтарда дәрігер, мұғалім, инженер, ауыл шаруашылығы мамандары және осы аумақтар үшін қажетті өзге де жоғары оқу орны түлектеріне деген қажеттілікті жою мақсатында жүзеге асқан «Дипломмен – ауылға» республикалық бағдарламасы да өз жемісін беруде.

Шаһардың шырайланып, қаланың көркем болып тұрғаны тазалықшылардың еңбегі екенін айтпасақ та түсінікті. 2005 жылғы 25 маусымда мектеп, студент және жұмыссыз жастарды маусымдық жұмысқа орналастыру, жастардың бойында Отанға деген патриотизмді және туған өлкенің байлығына ұқыпты қарауды қалыптастыру мақсатында «Жасыл ел» бағдарламасы бекітілген болатын. Жастарды баспаналы болуына көмегін тигізген «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы, «Шаңырақ» пилоттық жобасы және табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алу үшін кредит беретін «Бақытты отбасы» бағдарламасы жастарға зор қолдау болды. Бұған қоса, «Қазақстан халқына» қоры талай жасқа көмегін көрсетсе, «Әулиеата жастары» бағдарламасы қаншама жасқа баспаналы болу бақытын сыйлады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауы жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жетіп, стратегиялық артықшылыққа ие болатындығының айқын көрінісін байқатты. Енді елімізде жастардың біліктілігі мен білімін ел дамуы үшін қолдану жұмыстарына баса назар аударып, мемлекет тарапынан өз кәсібін бастаймын деген жастарға 2,5 пайызбен несие беріліп, 100 мың жұмыс орнымен қамтамасыз етілмек.

Жұмыссыздық мәселесі де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлын қатты алаңдатып отырғанын басты құжаттан айқын байқауға болады. Елімізде не жұмыс істемейтін, не оқу оқымайтын, өз бетімен қалған жастарға да көңіл бөлінбек. Жұмысқа ынтасы жоқ жастардың қатары өткен жылдың бірінші жартысында 6,7 пайызға жеткен екен. Демек, 230 мыңнан астам жас азамат не жұмыссыз, не білімсіз қалып отыр деген сөз. Осы мәселені шешудің жолы ретінде Президент кәсіптік біліммен тегін қамту мәселесі әлі өзекті екенін айтты.

Жолдауда Президент ақпараттық технологиялар саласында кемінде 100 мың маман дайындау туралы да тоқталды. Әлем сағат санап өзгеріп жатқан бүгінгі күнде цифрлы дамудың жолына түскеніміз анық. Бұл Қазақстанның IT-индустриясының дамуына серпін береді. Яғни еліміздің дамуы жолында жемісті еңбек етіп, игілігі жолында пайдалануды көздеген білімді, ойы азат жастарымыздың бәсекеге қабілеттілігінің артуына жол ашылады.

Ел Президенті Қазақстанда оқуға жылдық 2-3 пайыз жеңілдікпен кредиттер берілетінін де атап өтті. Бұл туралы: «Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында бола- ды», – деді Мемлекет басшысы. Бұл шаралар жоғары білімді қолжетімді етіп, қоғамда әріптестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын нығайтады. Әрі еліміздің болашағы атанған жастарды қолдаудың тағы бір жарқын көрінісі деп атауға болады.

Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтаушы шоттарына мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аудару ұсынылды. Бұл – озық ойлы, бәсекеге қабілетті елдің білімді жастарына жасалып жатқан үлкен қолдаулар мен мүмкіндіктердің бірі. Ел Президенті 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер кезеңін бір жарым жылға дейін ұлғайтуды, ал әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айырылу бойынша төлемдер мөлшерін орташа айлық табыстың 45 пайызына дейін арттыруды тапсырды. Бұл да жас отбасылар үшін қуанышты хабар.

Еліміздің қарыштап дамуы мен гүлденуіне жастардың қосатын үлесі көп екендігін және болашақ білімді ұрпақтың қолында екені айқындалды. Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Бүгінгі күнде еліміздің үштен бір бөлігін құрайтын жастар келешек қоғамның жарқын болашағын қалыптастыратын стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырушысы екені мәлім. Еңбек нарығын дамыту және халықтың, оның ішінде жастардың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша жүзеге асырылатын шаралар жастарды қолдау ісін ілгерілетіп қана қоймай, алдағы уақытта жастарды қолдау, көтермелеу тұрғысындағы игі қадамдарға кеңінен жол ашатынына сеніміміз мол!

Тұрлыхан КАМАЛ, қалалық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары

Comments (0)
Add Comment