Жастарға жанашырлық

«Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазір жастар саясатына қатысты заңдарға қажетті түзетулер енгізілуде. Енді жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Бұл осы бағыттағы шаралардың тиімділігін арттырады. Президент жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеген жөн екенін атап өткен болатын. Осы жоба аясында азаттық жылдарында дүниеге келіп, әлі танылып үлгермеген жастарды қолдау мақсатында республикалық грант тағайындалды. Әрі жастарға қолдау жасау мақсатында «Жастар жылы», «Волонтер жылы», «Балалар жылы» аясында көптеген игілікті істер атқарылды.
Жамбыл облысынан «Бизнес» атылымы бойынша қатысқан Дүйсени Жасұлан Мұратұлы өзінің «Vulpis Plastic» атты тұрмысқа, автокөлік индустриясына, жиһаз өнеркәсібіне қажетті пластикалық өнімдерді термо-вакуумдық формовка арқылы өндіруге бағытталған жобасын ұсынып, грант иегері атанған болатын. Ағымдағы жылдан бастап грантты өңірлік жерлерде тағайындау қолға алынды. Облыс әкімінің қолдауымен 7 бағыт бойынша әр жасқа 500 мың теңгеден 7,5 миллион теңге көлемінде 15 грант берілу көзделуде.
Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында: «Қазір NEET санатындағы 237 мың жас не оқу оқымайды, не жұмыс істемейді. Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл әсіресе өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», – деген болатын. Сонымен қатар оларды қолдау туралы оң бастамаларды айтқан еді. Өңірде NEET санатындағы жастарды қолдау күн тәртібінен түскен жоқ. Оларға бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Жыл басынан бері жоспарға сәйкес, 28 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп, нәтижесінде NEET санатындағы 82 жас, пробация қызметі есебінде тұрған 14 жас жұмысқа орналасты. Жастарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша 65 қоғамдық тыңдау өтіп, оларға NEET санатындағы 657, пробация тізімінде тұрған 86 жас қатысты. Жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына NEET санатындағы 939, пробация тізімінде тұрған 27 жас тартылды. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары қатарында NЕЕТ санатындағы 98, пробация тізімінде тұрған 20 жас жұмыс жасауда. Қысқа мерзімдік және қайта даярлау курстарына Жуалы ауданында NEET санатындағы 7 жас тартылды. Жолдауда қолдау тапқан бұл бастама ары қарай өз жалғасын таба беретін болады.
«Жүргізіліп жатқан жұмыстарды жүйелеу үшін әр бағыт бойынша бытыраңқы жүзеге асырылып жатқан жобаларды бір арнаға тоғыстыруды тапсырамын. Ал оны дайындауға, одан соң талқылауға бүкіл жастар және студенттер ұйымдарын, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз сарапшыларды тарту керек. Сондай-ақ азаматтарымыз ерікті түрде өз ішінен жасақ құрып, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысты. Жауапты сәтте бірлік пен жанашырлықтың бірегей үлгісін көрсеткен барша азаматтарға алғыс айтамын. Жастар – қоғамның қозғаушы күші ғана емес, елдің тірегі, мемлекеттің ең белсенді бөлігі», – деп Мемлекет басшысы атап өткендей, жастармен жұмыс жүргізетін бірден-бір ұйым Жастар ресурстық орталықтарын қаржыландырудың нысаналы индикаторлық көрсеткіштерін айқындау, жастардың идеясын жүзеге асыру және шығармашылығын арттыру үшін «Жастар ғимараты» мәселесін шешу бойынша жұмыстар жүргізілмек.
Облыс прокуратурасының ұсынысымен жастар мен кәмелетке толмағандарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, құқықтық мәдениетін көтеру, рухани-ізгілік және патриоттық құндылықтарға баулу, жұмыссыздықты жою, отбасы-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған 2025 жылға дейінгі бірлескен кешенді жоспар әзірленуде.
Жаңадан ұйым болып құрылған «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің жұмысына қолдау көрсету, жаңа жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жастардың қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші екені алға тартылып, өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалану қажет екендігіне басымдық берілуде. «Жастар кадрлық резерві» жобасы, «Жастар рухы» жастар қанатының жанынан құрылған «Жас депутаттар» корпусы – соның айғағы. «Жас депутаттар» корпусында «Amanat» партиясынан сайланған 26 жас депутат бар. Депутаттар корпусына жүктелетін міндет – Жол картасының орындалуын бақылау және «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру.
Бүгінгі жастар – ертеңгі ел азаматы. Мемлекет тәуелсіздігінің даму сатысында ел жастарына артылып отырған сенімнің жауапкершілігі үлкен, артар үміттің үлесі мол.

Серікбол БЕРІКҚОЖА,
облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы

Comments (0)
Add Comment