Жастарға жаңа алаң

Жамбыл облысының 80 жылдығына орай «Жансая» мөлтек ауданынан «Алаш Арена» кіші футбол алаңшалары кешені ашылды. Халықтың көп шоғырланған аймағынан бой көтерген ғимарат, жеке кәсіпкерлердің қаржысына салынды.

Сәндібек Піренов Суреттерді түсірген Сәкен Абжапаров

Кешенде стандартқа сай 2 кіші футбол алаңшасы, заманауи үлгідегі жаттығу залы мен арнайы киім кешек ауыстыратын және жуынуға арналған бөлмелері қарастырылған. Спорт алаңшасының ашылу салтанатына Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай, облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, «Тараз» кәсіпқой футбол клубының спорт жөніндегі директоры Азамат Ниязымбетов қатысты. Биыл қала аумағынан 15 спорт алаңшасы бой көтерсе, оның алтауы бюджет есебінен, қалған тоғыз спорт алаңшасы жеке кәсіпкерлердің қаржысына салынған. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен бірқатар спорт алаңшалары қалпына келтірілген.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін Қазақстан халқының дене шынықтыру мен, бұқаралық спортпен айналысатындар санын 30 пайызға жеткізу міндетін қойған болатын. Бүгінгі таңда біз сол мақсатқа жетіп отырмыз. Сондай-ақ биыл облысымыздың 80 жылдық мерекесі аталып өтетінін баршамыз білеміз. Айтулы күн қарсаңында аймақта бірқатар нысандар бой көтерді. Бүгінгі спорт кешені де сол айтулы мерекеге орай ашылып отыр. Жалпы мереке қарсаңында қаладан 34 нысан ашылады деп жоспарланды,–деді Кенжебек Мамашбайұлы.

–Жыл басында облыс бойынша 174 спорт алаңшасын ашу жоспарланса, «Алаш Арена» 134-ші спорт алаңшасы. Жыл соңына дейін жоспар толық орындалып, келер жылы 92 алаңша беріледі деп күтілуде. Қазіргі жастардың кәсіби спортшы деңгейіне жетуі үшін, осындай спорт алаңшалар септігін тигізеді,–деді Жамбыл облысы спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков.

–Су жаңа спорт алаңшасының ашылуы біз үшін үлкен қуаныш болып отыр. Себебі балаларымыз мектептен келе салысымен шағын аудандардағы спорт алаңшаларына асығатын. Енді мұндай қиындықтар туындамайтын болды. Алдағы уақытта осындай спорт алаңшаларынан шыққан балғындар еліміздің туын желбірететін үлкен азамат болады деп сенеміз. Қаламызда балалардың келешегін ойлайтын жомарт жандардың болғаны қуантады. Біздің аймақтағы балалар жетістікке жетіп жатса, ең бірінші сол «атымтай жомарттардың» арқасы деп білеміз,–деген қала тұрғындары балаларға арналған стандартқа сай спорт алаңшасының ашылғанына ризашылықтарын білдірді.

Салтанатты шарадан кейін, жасөспірімдер арасында шағын футболдан Қазақстан Республикасының күміс жүлдегерлері арасында жолдастық кездесу өтті.

Comments (0)
Add Comment