Жастарға жұмыс бар

Марс Үркімбаев атындағы Жастар сарайында Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен өңіраралық бос орындар жәрмеңкесі өтті.

Бәтес ШАПАҒАТ

Жәрмеңкеге Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарының өкілдері арнайы келіп, жамбылдық жастардың болашағы үшін оңтайлы бағдарламаларын ұсынды.
Жалпы 2017 жылдан бастап елімізде Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына сәйкес «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру», яғни жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету мақсатындағы бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 1 мамырына 45 отбасыдан құралған 123 адам солтүстік және шығыс өңірлерге қоныс аударған. Сондай-ақ бұл отбасылар тұрғын үй және суармалы егістікпен айналысатын жер телімімен қамтамасыз етілген.
Күні кеше қолдарына диплом алып, маман атанған жастарға таптырмас мүмкіндік сыйлайтын жәрмеңкеге облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков арнайы қатысып, өзге өңірлерден келген жұмыс беруші мамандардың жұмысына сәттілік тіледі.
– Ең біріншіден, Жамбыл облысынан бірнеше отбасының еліміздің шығыс, солтүстік өңірлеріне қоныс теуіп, жұмыс күшін қалыптастырып жатқанын қуана хабарлаймын. Әрине, әзірге бол өте аз көрсеткіш. Себебі 2017 жылдың 17 қыркүйегінде Таразда Елбасының қатысуымен Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасын орындау барысында үлкен тапсырма берілген болатын. Оның ішінде өңір бойынша 222 мың өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтардың саны 82 мыңға азайып отыр. Бұған қарамастан, біраз азаматты жұмыспен қамту, тұрғын үй, әлеуметтік сала мәселелеріне байланысты мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға арнайы қаражат бөлініп отыр. Бұл ретте азаматтарға 3 жылдық қысқа мерзімді оқу бағдарламасы, несие беру, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы жобаларына қаржы қарастырылған. Осы сәтті пайдалана отырып жұмыс күші тапшы болып жатқан өңірлерден келген мамандармен пікірлесіп, ой бөлісуге шақырамын, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Қазіргі таңда солтүстік өңірлерден 1255 жұмыс берушіден өтініштер келіп түсіп, 4659 ваканттық жұмыс орындарының тізімі аудандық және қалалық жұмыспен қамту орталықтарына жіберіліп отыр. Сондай-ақ халық арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өзге өңірлерден келген мамандар екі қолға бір күрек іздеген тұрғындарға жөн сілтеп, жол көрсетуді мақсат тұтса, елдің шығыс және солтүстік аймағына қоныс аударуға қамданғандар өздеріне қолайлы жұмыс орындарының тізімімен танысып, бағдарлама аясында егжей-тегжейлі ақпарат алды. Сондай жандардың бірі Жамбыл ауданының тұрғыны Ая Маратова оқу орнын 3 жыл бұрын тәмамдап, тұрмысқа шығып, отбасылы болған. Айтуынша, осы жоба арқылы тиімді ұсыныстар болса көшуге ниетті.
– Қаржысы қомақты, жұмыс тұрақты болса, отбасыммен халық аз шоғырланған аймақтардың біріне қоныс аударар ойым бар. Берілетін субсидия мөлшері де көңілге қонымды. Адам басына арнайы қаражат бөлінеді екен. Бұл өзге аймақтарға тез бейімделетін жас отбасылар үшін қолайлы бағдарлама деп ойлаймын, – деді жас маман.
Нақтылай айтқанда, бағдарламаға қатысушыларға мемлекет тарапынан субсидия бөлініп, қаржылай қолдау көрсетіледі. Мысалы, көшуге әрбір отбасы мүшесіне отыз бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір рет, яғни 88 375 теңге берілсе, тұрғын үй жалдау бойынша шығыстарды өтеу үшін бір адам үшін 50 500 теңге берілмек.

Comments (0)
Add Comment